Алматылықтар Қазақстан халқы бірлігі күнін тойлауда
Алматыдағы «Абай» алаңында Қазақстан халқы бірлігі күнін тойлауға арналған мерекелік шаралар өтіп жатыр, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Республика сарайының алдындағы «Абай» алаңында «Бір тағдыр, бір ел» ұранымен мерекелік шаралар өтіп жатыр. Оған қаладағы 22 этно-мәдени бірлестік өкілдері қатысуда. Олардың арасында немістер, молдавандар, орыстар, өзбектер, ауғандар, осетиндер, түркімендер, польяктар, армяндар, украиндықтар, гректер, дағыстандықтар, күрдтер, қырғыздар, қырым татарлары, буряттар, дұнғандар, қалмақтар, әзірбайжандар мен корейлер бар. Әрбір этно-мәдени бірлестік өздерінің салт-дәстүрлері мен қолөнер бұйымдарын көрсетіп, жиналғандар алында ұлттық билерін билеп, ән салды.
Осынау мейраммен қала халқын Ахметжан Есімов құттықтады. «Қазақстан-бай мемлекет. Біздің жеріміз ұлан-байтақ, қойнауы толған қазына, экономикасы мықты ел. Бірақ біздің басты байлығымыз – ол бір отбасындай тату-тәтті тұрып жатқан біздің халқымыз. Республикамызда толеранттық идеясымен тәрбиеленген ерекше қоғам қалыптасты. Баршаңызды осынау мерекемен құттықтауға рұқсат етіңіздер»,-деді А.Есімов.
«Біз бұл күнді Қазақстан эностары күні деп емес, халықтар бірлігі деп атап өтеміз. Ата заңымызда да солай жазылған. Біз тағдырымыз бен тарихымыз тоғысқан Қазақстан халқымыз. Бұл мереке біздің бірлігіміз бен ауызбіршілігімізді көрсетеді»,-деді Орыс этно-мәдени орталығының төрағасы Всеволод Лукашев.
www.bnews.kz