Қазақстан қарулы күштерінің әскери шеруі өтпек (ВИДЕО)
Отан қорғаушылар күнінде елімізде алғаш рет Қазақстан қарулы күштерінің әскери шеруі өтпек.
Барлық өңірдің жауынгерлері қазір дайындық үстінде. Осы мерекеге орай Маңғыстау өңірінде еліміздің ең жас әскери-теңіз күштері де шеруге тыңғылықты әзірленіп жатыр. Теңіз сарбаздары жауынгерлік тәсілдерін шыңдап, шеберлігін сынады. Каспий айдынында «Қазақстан» зымырандық-артиллериялық кемесінен аспанға зымыран атып, мерекелік шараға даярлығын көрсетті.
Былтыр, Оралдың «Зенит» зауытынан шыққан, күші бес мың атқа тең келетін отандық әскери кеме теңіздің қақ ортасына шықты. Соңғы үлгідегі қондырғымен жабдықталған су көлігі теңізде кез келген күшке қарсы тұра алатынын дәлелдеді. Кемедегі зеңбірек қондырғысынан санаулы минутта 12 зымыран қатарынан көкке атылды. Атылған зымырандар 20 шақырым қашықтықтағы жерге жетеді. Бұл отандық кеменің күш-қуатты 7 мамырда онлайн режимі арықыл жұртшылыққа көрсетілмек.
Серік БОРАНБАЕВ, ҚР Әскери теңіз күштері Бас қолбасшысы бірінші орынбасарының міндетін атқарушы:
- Мұның жеке құрамы Орал қаласында кеме салынғаннан бері кемемен бірге оқу-жаттығуға қатысып, үйреніп, барлығын меңгеріп отыр. Оның ішінде қару-жарақты пайдалануды үйренді. 7 мамыр күні Елбасыға осы дайындығымызды көрсетеміз.
Осылайша әскери теңіз күштері жауынгерлік шеруге қызу дайындалуда. Сарбаздар таңның атысынан кеш батқанша күнде теңізге аттанып, жаттығуда. Жауынгерлер үшін күн райының қолайсыздығы да кедергі болған жоқ.
Құсайын ОМАРОВ, әртекті кемелер дивизионының командирі:
- Қазақстан әскери теңіз күштері өз тарихында алғаш рет 7 мамыр – Отан қорғаушылар мерекесіне белсенді түрде қатысқалы жатыр. Біз үшін бұл өте жауапты әрі маңызды оқиға. Барлық қарулы күш офицерлері мен сарбаздарын келе жатқан мерекемен құттықтаймын. Мықты денсаулық, ашық аспан, бейбіт өмір, жоғары жауынгерлік дайындық тілеймін.
Бұл әскери құрылымның басқалардан артықшылығы – бұлардың киім киістерімен жауынгерлік ұрыс тәсілдерінің өзі ерекше. Теңіздің қыр сырын білетін теңізшілердің әрқайсысында 5 түрлі жауынгерлік киімдер бар. Жаттығуға, ал мерекеге арналғаны бір бөлек. Санаулы күнде өтетін ауқымды жауынгерлік шеруге көк туымыз түстес формаларын киіп шықпақ.
Авторлар: Бақытжан Сатылханұлы, Саламат Бекбаев
www.24.kz