Жақсы мен жаман туралы -3
Жақсы кісі: ақылымен тәуір болады, мінезі - қорғасыңдай ауыр болады, құлағы - өсек естіместей сауыр болады, кедейдің жалғыз керіндей - құйрығы шолақ, арқасы жауыр болады.
Би-шешендер
Жаманның басына іс түссе - ойлай көреді,
Жақсының басына іс түссе - тойдай береді.
Би-шешендер
Нақ жақсының белгісі - әрі мырза, әрі құл,
Нақ жаманның белгісі - өз үйінде өзі пұл.
Би-шешендер
Атың шабан болса - жалғанның азабы,
Алғаның жаман болса - дүниенің тозағы,
Балаң жаман болса - көрінгеннің мазағы.
Би-шешендер
Жаманға - жақыным деп қайырылмағайсың,
Алаштың жақсысынан - айырылмағайсың.
Би-шешендер
Қарауылдың жаманы - алдырған соң өкінер,
Балуанның жаманы - шалдырған соң өкінер.
Би-шешендер
Жақсы болса туғаның - күнде қызық-базарың,
Жаман болса туғаның - күнде өлім-ажалың.
Би-шешендер
Ақ сұңқар көлден қу ілер -
Қанатын суға тигізбес.
Хас жақсының белгісі -
Қайғысын жатқа білгізбес.
Би-шешендер
Арамменен жолдас болсаң - көңіліңді қаралар,
Жаманменен жолдас болсаң - жүрегіңді жаралар.
Би-шешендер
Ауыл малы бұралқы - ақылы жоқ жаманға.
Қайын болмас - қабанда, тойым болмас - жаманда.
Шортанбай Қанайұлы
Жолдас болсаң жақсымен - жолың жетер Қырымға,
Топқа кірсең әркіммен - таласарсың орынға.
Шортанбай Қанайұлы
Ісің түссе жаманға - қолы кетпес жағаңнан.
Шортанбай Қанайұлы
Жақсыны жаман көре алмас.
Шортанбай Қанайұлы
Асыл сойдың баласы - тартысқан жерде сөз табар, азып туған жаманды - түйе үстінде ит қабар.
Шернияз Жарылғасұлы
Жаманнан туған жақсы бар - адам айтса нанғысыз,
Жақсыдан туған жаман бар - бір аяқ асқа алғысыз.
Шалгиіз Тіленшеұлы
Жақсының жақсылығы сол болар - жаманменен қосылып сөйлемекке ар етер, жаманның жамандығы сол болар - сөйлесе бетін қара етер.
Шалгиіз Тіленшеұлы
Жақсы да келер бұл көпке, жаман да келер бұл көпке.
Шалгиіз Тіленшеұлы
Ағайынның ішінде бір жақсысы бар болса - қаумалаған көп жаман сол жақсыны көре алмас.
Шалгиіз Тіленшеұлы
Жаманға сырыңды қосып сөз айтпа.
Жаманның жалаңдаған тілі жау.
Шалгиіз Тіленшеұлы
Бір жақсымен дос болсаң - азбас-тозбас мүлкі етер,
Бір жаманмен дос болсаң - бар ғаламға күлкі етер.
Шалгиіз Тіленшеұлы
Жаман туған бар болса, жақсы жолдас зар болса - жазаны сонда көрерсің.
Шалгиіз Тіленшеұлы
Түлкідей құйрық тастаған жаман тағылық жетер басыңа-ай.
Шалгиіз Тіленшеұлы
Жақсыны - алыс, жаманды - жақын көрме.
Шал Құлекеұлы
Жақсыдан сыр жасырма.
Шал Құлекеұлы
Жаманның бір белгісі - жиын-тойға барғанда тамағына өкпе етер.
Шал Құлекеұлы
Жаман өзін зорға балар.
Шал Құлекеұлы
Дереккөзі: «Әдеби әлем» порталы