Жаңалықтар

Шыңжандағы ежелгі сақ және үйсін ескерткіштері

Соңғы редакциялау: 27 қазан 2012 Шыңжаңдағы ежелгі сақ және үйсін ескерткіштері, ежелгі сақтар мен үйсіндер атақонысының бірі – Шығыс Түркістан өлкесінен табылған. Бұл өлке көне замандардан бері Орт. Азияның, саяси және этно-мәдени тарихында өте маңызды орын алып келді. Шыңжаң б.з.б. 1-мыңжылдықтың аясында және одан кейінгі “Халықтардың ұлы қоныс аударуы” дәуіріндегі сұрапыл этно-мәдени ауыс-күйістер мен көші-қон үрдістерінің тоғысар торабы болды. “Ұлы Жібек жолының” барлық тармақтарының бір-бірімен түйісер тұсы да осы Шыңжаң жерінде еді. Сақ және үйсін ескерткіштері Шыңжаңның барлық өңірлерінен кездеседі. Осы күнге дейін сақ және үйсін ескерткіштері – Іле аңғары, Еренқабырға, Орт. және Шығыс Тянь-Шань тауларының баурайлары, Шығыс Памир, Алтай және Тарбағатай тауларының қойнаулары, сондай-ақ Жоңғар Алатауының бөктерлері, т.б. жерлерден көп табылған. Ең танымал ескерткіштер Алагоу, Шанбаба, Ярғол, Құлансарық, т.б. обаларынан және Баркөл, Құмыл, Тұрфан, Алтай өңірлері мен Іле аңғарынан кездеседі. Іле аңғары малшылыққа да, егіншілікке де аса қолайлы өлке. Көне қытай жазба деректемелерінде сэ деп, кейде сэчжун деп аталған ежелгі сақ тайпаларының бірі немесе грек-парсы деректеріндегі тиграхауда сақтарының жетісулық тармағы осы өлкені мекен еткен. Кейінгі кезеңдерде Іле аңғары үйсіндердің іргелі бір ордасы болды. Іле аңғарынан табылған сақ-үйсін ескерткіштерінің көпшілігі Іленің жоғ. салалары есептелетін Күнес, Текес, Қас, т.б. өзендердің жазық алқаптары мен тау бөктерлерінен ашылған. Қытайда 1989 ж. жаппай барлап-тексеру барысында бұл аймақтан көне сақ-үйсін дәуірінің үлкенді-кішілі обаларынан он мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш есепке алынған. Олардың арасында диам. 100 – 150 м-ге дейін жететін үлкен обалар да жиі кездеседі. Бұл қорымдардағы обалар көбінесе топырақтан, тастан үйілген. Олардың сыртқы айналасына тас қоршалған, кейде обаны айналдыра таяз ор қазылған. Ірі және орташа обалар солт-тен оңт-ке қарай тізбектеле орналасқан. Обалардың астынан көбінесе бір, кейде екі және одан да көп бейіт табылған. Бейіттер тік шұңқырлы және жандама ақымды болып келеді. Мәйіттер жеке-жеке, кейде жұптастырылып, бастары батысқа беріліп, шалқасынан жатқызылып жерленген. Бірге қосып көмілген бұйымдардан қыш, қола, темір, сүйек, ағаш және алтыннан жасалған заттар кездеседі. Қыш ыдыстары көбінесе қолмен жапсырылып жасалған сыңар тұтқалы және тұтқасыз құмыралар, тостағандар, көзелер, күбілер мен табақтар, т.б., сондай-ақ қыш шамдалдар мен шырағдандар да кездеседі. Бір айта кетер жайт Іле аңғарынан осы дәуірге тән бояулы қыш ыдыстар да жиі ұшырасады. Бояулы ыдыстарға көбінесе үшбұрышты торкөз, иректі және жапырақ тәрізді жолақтар, т.б. алуан түрлі өрнектер салынған. Ескерткіштердің ғыл. әдістермен анықталған мерзімі б.з.б. 8 ғ-дан б.з. 2 – 3 ғ-ларына сай келеді. Осы күнге дейін Қытайдың Іле Қазақ автономиялы обл. аумағында, яғни Іле аңғарында жүргізілген археол. зерттеулердің нәтижелері ол өлке мен оған шектес жатқан Қазақстанның Жетісу жеріндегі сақ және үйсіндердің археол. мәдениетінің біртұтас екенін айқын көрсетті. Антропол.-нәсілдік бітімі жағынан да бірдей екенін ғалымдар нақты дәлелдеді. Іле аңғарының ерте көшпелілері дәуіріне тән, сақтардың баға жетпес бірегей ескерткіштерінің бір тобы 1983 ж. Күнес өз-нің алқабынан кездейсоқ табылған. Онда сақ көсемінің қоладан құйылған мүсіні, қола қазандар, қола шамдалдар мен шырағдандар, қанжарлар мен семсерлер, сондай-ақ өзге де діни-ғұрыптық заттар табылған. Олардың ішінде сақ көсемі мүсінінің биікт. 40 см, салм. 3 кг, қалыпталып құйылған, іші қуыс, кейбір тұсы дәнекерленген, мүсіннің басына ұшы имек келген шошақ төбелі, дөңгелек бөрік кигізілген. Мүсін белден жоғары және тізеден төмен жалаңаш, ал бел тұсына қысқа көйлек немесе бір ғұрыптық киім киген кейіпте бейнеленген, бір тізерлеп жүрелеп, екі қолын екі тізесіне қойып, әлдеқандай бір затты ұстап отыр. Мүсін аса келісті сомдалған, шымыр тұлғасын еңселі ұстаған. Мүсіннің түр-әлпеті нағыз сақтың келбетін елестетеді. Бұған ұқсас қоладан құйылған сақ мүсіні Орт. Азияда сирек кездеседі. Аталған мүсінді қытай ғалымдары б.з.б. 5 – 3 ғ-лардағы сақ сарбазының мүсіні деп тұжырымдаған. Алайда мүсіннің жалпы бейнесіне қарағанда ол жай батыр емес, бір тайпа елді басқарған көсемге немесе діни-ғұрыптық салтты басқарып отыратын бақсы-абызға ұқ-сайды. Күнестегі қола бұйымдар жиынтығындағы келесі бір құнды жәдігер – үш бұтты қола қазан. Биікт. 44 см, қалыппен құйылған, бүйірі шығыңқы, үш қатар белдеулетіп салынған өрнегі бар, үш бұты аң немесе жануардың тұяғы тәрізді етіліп құйылған, оның өзі көшпелілердің құрбандық шалу рәсіміне байланысты болса керек. Бұл қола қазан Алматы маңынан табылған жетісулық қола қазандардың кейбірімен ұқсас, бейне бір шебердің қолынан шыққандай бір-бірінен аумайды. Аталған жәдігерлермен бірге табылған екі қола гривна да ерекше назар аудартады. Олардың біреуінің шығыршығының түйісер тұсында бір-біріне айбар шегіп тұрған екі барыс, екіншісінде өзара шекісіп тұрған бір жұп қанатты барыс мүсіні сомдалған. Бұлар да ежелгі көшпелілер мәдениетінде сирек кездесетін заттар. Ғыл. болжамдар бойынша оны тайпа көсемдері немесе бақсы-абыздар белгілі бір діни-ғұрыптық салт-рәсім кезінде мойындарына киіп, іс жүргізетін болған. Күнестен табылған тағы бір қола қазанның тұғыры конус тәрізді, доғаланып келген екі құлағы бар, ернеуінен төмен бүйіріне қарай үшбұрышты айналдыра өрнектер салынған. Қазанның биікт. 57 см, ернеуінің диам. 42 см, бұл қазан Алматы маңынан табылған қола қазанмен ұқсас, бір-бірінің сыңарындай. Сондай-ақ Күнес ауд-ның Кенсу а-нан табылған қоладан құйылған таутеке мүсіні де сирек кездесетін тамаша жәдігерлер санатына жатады. Таутеке мүсінінің биікт. 5,5 см, тұрқы 5,7 см, оның шаңырақтай мүйізі мен тұмсығы ерекше әсіреленіп сомдалған. Жалпы сақ-скиф тайпаларының мифологиясындағы бұғы, бұланнан кейін кең тараған бейнелердің бірі таутекелер, сондықтан да сақтардың “аң нақышы” өнерінде таутеке рәмізі көп кездеседі. Іле аңғарынан табылған сақ ескерткіштерінің ішінен Қазақстан шекарасының іргесінде ғана орналасқан Шапшал ауд. жеріндегі Сүйдінбұлақ обасынан табылған қоладан құйылған құрбандық тақтарын айрықша атауға болады. Тақтаның биікт. 23 см, ұз. мен ені 76 см, төрт бұрышты, табақшасының ернеуі тегіс, екі жанында екі тұтқасы бар, төрт бұты түйенің табаны тәрізді етіліп құ-йылған да, оның жоғары жағына кәдімгі адамның келбеті сомдалған, ондағы адамның көзі, мұрны, аузы сияқты бес мүшесі түгел айқын бейнеленген. Дәл осыған ұқсас “Жетісу тақтасы” деп аталып кеткен құрбандық тақтасы 1912 ж. Алматыдағы Үлкен станицаның жанынан табылған. Ал Ыстықкөл жағасындағы Шелпектен табылған осындай құрбандық тақтасын Сүйдінбұлақ құрбандық тақтасының “көшірмесі” десе де болғандай. Күні бүгінге дейін Қытай жерінде ежелгі үйсіндерге тән деп есептелетін екі жүзге тарта ескі оба қазылып зерттелген. Олардың дені тонауға ұшыраған. Қазба жұмыстары арқылы үйсіндердің жерлеу ғұрпынан, тұрмыстық және шаруашылық жағдайынан, дүниетанымынан, сондай-ақ антроп.-нәсілдік келбетінен дерек беретін көптеген құнды жәдігерлер жинақталған. Сақ тайпаларының мәдени дәстүрлерін жалғастырушылар ретінде ежелгі үйсіндер шынайы өнер мұралар сипатын сақтай отырып, оған өздерінің жаңа төлтума белгілерін қосқан. Бұл кезеңде алтыннан бұйымдар жасаудың полихромдық нақышы, сіркелеу, түрлі түсті асыл тастардан көз салу тәсілі дамыды. Іле аңғарынан үйсіндердің бейнелеу және сәндік өнерінің біраз тамаша үлгілері табылған. Сондай құнды археол. ескерткіштердің бірі Текес өз. бойындағы Саты обалары (Моңғолкүре ауд.). Ондағы обалардағы мәйітті жерлеу ғұрпы Жетісудағы үйсіндік жерлеу салтымен бірдей. Обалардан табылған қыш құмыралар, соның ішінде көшпелі халықтар күні бүгінге дейін қолданып келе жатқан тері торсыққа ұқсас қыш құмыралар ерекше назар аудартады. Саты қорымындағы 38-обадан табылған дәл сондай торсық пішінді қыш құмыра Қазақстанның Жетісу жеріндегі үйсін обаларынан және Оңт. Қазақстандағы қаңлы ескерткіштерінен де жиі кездеседі. Саты қорымындағы 7-обадан табылған қыштан жасалған шырағдан сақ дәуіріндегі діни наным-сенімнің үзбей жалғасын тауып келгенін көрсетеді. Үйсін дәуірінде сақ өнеріндегіден өзгешелеу полихромдық нақыш кең өріс алды. Олардың зергерлік өнерінде алтын, мыс және қола сымнан асыл тастар араластырылып өріліп, неше түрлі сырғалар, түйреуіштер, шолпылар жасалған, оған құстардың бейнелері салынған, жүзік, білезік сияқты әшекей бұйымдарға асыл тастардан көз салынған. Нылқы ауд-дағы Қаратөбе қорымындағы 2-обадан табылған қоладан жасалған шаш түйреуіш дәл сондай ежелгі үйсін мәдениетінің маңызды жәдігерлерінің бірі болып табылады. Қола түйреуіш алтынмен апталып, ұшына дөңгелек перуза тасынан көз салынған, ал оның бір ұшына алтыннан құйылған ұшып бара жатқан құс (аққу немесе тырнаға ұқсас) мүсіні бейнеленген. Жалпы ертедегі көшпелілердің өнерінде, әсіресе, олардың сәндік бұйымдарында құстардың тұлғасы жиі кездеседі. С. Сұңғатай Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 9-том  
09.11.2012 03:20 5605

Соңғы редакциялау:

27 қазан 2012

Шыңжаңдағы ежелгі сақ және үйсін ескерткіштері, ежелгі сақтар мен үйсіндер атақонысының бірі – Шығыс Түркістан өлкесінен табылған. Бұл өлке көне замандардан бері Орт. Азияның, саяси және этно-мәдени тарихында өте маңызды орын алып келді. Шыңжаң б.з.б. 1-мыңжылдықтың аясында және одан кейінгі “Халықтардың ұлы қоныс аударуы” дәуіріндегі сұрапыл этно-мәдени ауыс-күйістер мен көші-қон үрдістерінің тоғысар торабы болды. “Ұлы Жібек жолының” барлық тармақтарының бір-бірімен түйісер тұсы да осы Шыңжаң жерінде еді. Сақ және үйсін ескерткіштері Шыңжаңның барлық өңірлерінен кездеседі. Осы күнге дейін сақ және үйсін ескерткіштері – Іле аңғары, Еренқабырға, Орт. және Шығыс Тянь-Шань тауларының баурайлары, Шығыс Памир, Алтай және Тарбағатай тауларының қойнаулары, сондай-ақ Жоңғар Алатауының бөктерлері, т.б. жерлерден көп табылған. Ең танымал ескерткіштер Алагоу, Шанбаба, Ярғол, Құлансарық, т.б. обаларынан және Баркөл, Құмыл, Тұрфан, Алтай өңірлері мен Іле аңғарынан кездеседі. Іле аңғары малшылыққа да, егіншілікке де аса қолайлы өлке. Көне қытай жазба деректемелерінде сэ деп, кейде сэчжун деп аталған ежелгі сақ тайпаларының бірі немесе грек-парсы деректеріндегі тиграхауда сақтарының жетісулық тармағы осы өлкені мекен еткен. Кейінгі кезеңдерде Іле аңғары үйсіндердің іргелі бір ордасы болды. Іле аңғарынан табылған сақ-үйсін ескерткіштерінің көпшілігі Іленің жоғ. салалары есептелетін Күнес, Текес, Қас, т.б. өзендердің жазық алқаптары мен тау бөктерлерінен ашылған. Қытайда 1989 ж. жаппай барлап-тексеру барысында бұл аймақтан көне сақ-үйсін дәуірінің үлкенді-кішілі обаларынан он мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш есепке алынған. Олардың арасында диам. 100 – 150 м-ге дейін жететін үлкен обалар да жиі кездеседі. Бұл қорымдардағы обалар көбінесе топырақтан, тастан үйілген. Олардың сыртқы айналасына тас қоршалған, кейде обаны айналдыра таяз ор қазылған. Ірі және орташа обалар солт-тен оңт-ке қарай тізбектеле орналасқан. Обалардың астынан көбінесе бір, кейде екі және одан да көп бейіт табылған. Бейіттер тік шұңқырлы және жандама ақымды болып келеді. Мәйіттер жеке-жеке, кейде жұптастырылып, бастары батысқа беріліп, шалқасынан жатқызылып жерленген. Бірге қосып көмілген бұйымдардан қыш, қола, темір, сүйек, ағаш және алтыннан жасалған заттар кездеседі. Қыш ыдыстары көбінесе қолмен жапсырылып жасалған сыңар тұтқалы және тұтқасыз құмыралар, тостағандар, көзелер, күбілер мен табақтар, т.б., сондай-ақ қыш шамдалдар мен шырағдандар да кездеседі. Бір айта кетер жайт Іле аңғарынан осы дәуірге тән бояулы қыш ыдыстар да жиі ұшырасады. Бояулы ыдыстарға көбінесе үшбұрышты торкөз, иректі және жапырақ тәрізді жолақтар, т.б. алуан түрлі өрнектер салынған. Ескерткіштердің ғыл. әдістермен анықталған мерзімі б.з.б. 8 ғ-дан б.з. 2 – 3 ғ-ларына сай келеді. Осы күнге дейін Қытайдың Іле Қазақ автономиялы обл. аумағында, яғни Іле аңғарында жүргізілген археол. зерттеулердің нәтижелері ол өлке мен оған шектес жатқан Қазақстанның Жетісу жеріндегі сақ және үйсіндердің археол. мәдениетінің біртұтас екенін айқын көрсетті. Антропол.-нәсілдік бітімі жағынан да бірдей екенін ғалымдар нақты дәлелдеді. Іле аңғарының ерте көшпелілері дәуіріне тән, сақтардың баға жетпес бірегей ескерткіштерінің бір тобы 1983 ж. Күнес өз-нің алқабынан кездейсоқ табылған. Онда сақ көсемінің қоладан құйылған мүсіні, қола қазандар, қола шамдалдар мен шырағдандар, қанжарлар мен семсерлер, сондай-ақ өзге де діни-ғұрыптық заттар табылған. Олардың ішінде сақ көсемі мүсінінің биікт. 40 см, салм. 3 кг, қалыпталып құйылған, іші қуыс, кейбір тұсы дәнекерленген, мүсіннің басына ұшы имек келген шошақ төбелі, дөңгелек бөрік кигізілген. Мүсін белден жоғары және тізеден төмен жалаңаш, ал бел тұсына қысқа көйлек немесе бір ғұрыптық киім киген кейіпте бейнеленген, бір тізерлеп жүрелеп, екі қолын екі тізесіне қойып, әлдеқандай бір затты ұстап отыр. Мүсін аса келісті сомдалған, шымыр тұлғасын еңселі ұстаған. Мүсіннің түр-әлпеті нағыз сақтың келбетін елестетеді. Бұған ұқсас қоладан құйылған сақ мүсіні Орт. Азияда сирек кездеседі. Аталған мүсінді қытай ғалымдары б.з.б. 5 – 3 ғ-лардағы сақ сарбазының мүсіні деп тұжырымдаған. Алайда мүсіннің жалпы бейнесіне қарағанда ол жай батыр емес, бір тайпа елді басқарған көсемге немесе діни-ғұрыптық салтты басқарып отыратын бақсы-абызға ұқ-сайды. Күнестегі қола бұйымдар жиынтығындағы келесі бір құнды жәдігер – үш бұтты қола қазан. Биікт. 44 см, қалыппен құйылған, бүйірі шығыңқы, үш қатар белдеулетіп салынған өрнегі бар, үш бұты аң немесе жануардың тұяғы тәрізді етіліп құйылған, оның өзі көшпелілердің құрбандық шалу рәсіміне байланысты болса керек. Бұл қола қазан Алматы маңынан табылған жетісулық қола қазандардың кейбірімен ұқсас, бейне бір шебердің қолынан шыққандай бір-бірінен аумайды. Аталған жәдігерлермен бірге табылған екі қола гривна да ерекше назар аудартады. Олардың біреуінің шығыршығының түйісер тұсында бір-біріне айбар шегіп тұрған екі барыс, екіншісінде өзара шекісіп тұрған бір жұп қанатты барыс мүсіні сомдалған. Бұлар да ежелгі көшпелілер мәдениетінде сирек кездесетін заттар. Ғыл. болжамдар бойынша оны тайпа көсемдері немесе бақсы-абыздар белгілі бір діни-ғұрыптық салт-рәсім кезінде мойындарына киіп, іс жүргізетін болған. Күнестен табылған тағы бір қола қазанның тұғыры конус тәрізді, доғаланып келген екі құлағы бар, ернеуінен төмен бүйіріне қарай үшбұрышты айналдыра өрнектер салынған. Қазанның биікт. 57 см, ернеуінің диам. 42 см, бұл қазан Алматы маңынан табылған қола қазанмен ұқсас, бір-бірінің сыңарындай. Сондай-ақ Күнес ауд-ның Кенсу а-нан табылған қоладан құйылған таутеке мүсіні де сирек кездесетін тамаша жәдігерлер санатына жатады. Таутеке мүсінінің биікт. 5,5 см, тұрқы 5,7 см, оның шаңырақтай мүйізі мен тұмсығы ерекше әсіреленіп сомдалған. Жалпы сақ-скиф тайпаларының мифологиясындағы бұғы, бұланнан кейін кең тараған бейнелердің бірі таутекелер, сондықтан да сақтардың “аң нақышы” өнерінде таутеке рәмізі көп кездеседі. Іле аңғарынан табылған сақ ескерткіштерінің ішінен Қазақстан шекарасының іргесінде ғана орналасқан Шапшал ауд. жеріндегі Сүйдінбұлақ обасынан табылған қоладан құйылған құрбандық тақтарын айрықша атауға болады. Тақтаның биікт. 23 см, ұз. мен ені 76 см, төрт бұрышты, табақшасының ернеуі тегіс, екі жанында екі тұтқасы бар, төрт бұты түйенің табаны тәрізді етіліп құ-йылған да, оның жоғары жағына кәдімгі адамның келбеті сомдалған, ондағы адамның көзі, мұрны, аузы сияқты бес мүшесі түгел айқын бейнеленген. Дәл осыған ұқсас “Жетісу тақтасы” деп аталып кеткен құрбандық тақтасы 1912 ж. Алматыдағы Үлкен станицаның жанынан табылған. Ал Ыстықкөл жағасындағы Шелпектен табылған осындай құрбандық тақтасын Сүйдінбұлақ құрбандық тақтасының “көшірмесі” десе де болғандай. Күні бүгінге дейін Қытай жерінде ежелгі үйсіндерге тән деп есептелетін екі жүзге тарта ескі оба қазылып зерттелген. Олардың дені тонауға ұшыраған. Қазба жұмыстары арқылы үйсіндердің жерлеу ғұрпынан, тұрмыстық және шаруашылық жағдайынан, дүниетанымынан, сондай-ақ антроп.-нәсілдік келбетінен дерек беретін көптеген құнды жәдігерлер жинақталған. Сақ тайпаларының мәдени дәстүрлерін жалғастырушылар ретінде ежелгі үйсіндер шынайы өнер мұралар сипатын сақтай отырып, оған өздерінің жаңа төлтума белгілерін қосқан. Бұл кезеңде алтыннан бұйымдар жасаудың полихромдық нақышы, сіркелеу, түрлі түсті асыл тастардан көз салу тәсілі дамыды. Іле аңғарынан үйсіндердің бейнелеу және сәндік өнерінің біраз тамаша үлгілері табылған. Сондай құнды археол. ескерткіштердің бірі Текес өз. бойындағы Саты обалары (Моңғолкүре ауд.). Ондағы обалардағы мәйітті жерлеу ғұрпы Жетісудағы үйсіндік жерлеу салтымен бірдей. Обалардан табылған қыш құмыралар, соның ішінде көшпелі халықтар күні бүгінге дейін қолданып келе жатқан тері торсыққа ұқсас қыш құмыралар ерекше назар аудартады. Саты қорымындағы 38-обадан табылған дәл сондай торсық пішінді қыш құмыра Қазақстанның Жетісу жеріндегі үйсін обаларынан және Оңт. Қазақстандағы қаңлы ескерткіштерінен де жиі кездеседі. Саты қорымындағы 7-обадан табылған қыштан жасалған шырағдан сақ дәуіріндегі діни наным-сенімнің үзбей жалғасын тауып келгенін көрсетеді. Үйсін дәуірінде сақ өнеріндегіден өзгешелеу полихромдық нақыш кең өріс алды. Олардың зергерлік өнерінде алтын, мыс және қола сымнан асыл тастар араластырылып өріліп, неше түрлі сырғалар, түйреуіштер, шолпылар жасалған, оған құстардың бейнелері салынған, жүзік, білезік сияқты әшекей бұйымдарға асыл тастардан көз салынған. Нылқы ауд-дағы Қаратөбе қорымындағы 2-обадан табылған қоладан жасалған шаш түйреуіш дәл сондай ежелгі үйсін мәдениетінің маңызды жәдігерлерінің бірі болып табылады. Қола түйреуіш алтынмен апталып, ұшына дөңгелек перуза тасынан көз салынған, ал оның бір ұшына алтыннан құйылған ұшып бара жатқан құс (аққу немесе тырнаға ұқсас) мүсіні бейнеленген. Жалпы ертедегі көшпелілердің өнерінде, әсіресе, олардың сәндік бұйымдарында құстардың тұлғасы жиі кездеседі.

С. Сұңғатай

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 9-том

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға