Астанаға «студенттік көктем» келді
«Студенттік көктем» – астананың жастары мен шығармашылық топтары қатысатын мәдени іс шара. Конкурс бағдарламасына классика мен модерн, күрделі хореография, жанды дауыспен ән айту, музыкалық аспаптарда ойнау шеберлігі, сахналық қойылымдар қою сынды тапсырмалар кірді. Бұл туралы Астана қаласы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың баспасөз-қызметі мәлімдеп отыр.
Ең белсенді студенттік командалар (С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті) конкурстың екі күнінде «Астананың ең үздік командасы» атағы үшін бақ сынасты.
Фестиваль «Эстрадалық ән айту», заманауи және ұлттық билер байқауы, «Жайдарман» әзіл-сықақ сайысы, «Менің сүйікті жыл мезгілім» фотокөрмесі, «Ең үздік жанкүйерлер тобы» атты номинациялар бойынша өтті.
Қатысушылардың қоңыр дауыспен ән шырқауы, театралды қойылымдары мен студенттер туралы әзіл-қалжыңдары көрермендер және әділ-қазылар алқасының көңілінен шықты. Қазылар алқасының құрамында Қыдырәлі Болманов, Қарақат Әбділдина, JanSax есімді жас орындаушы, Есен Елеукен болды.
Қасиетті сахнада фестиваль қатысушылары Астана жайлы өлең айтып, «Mamma Maria», «Sos dun terrien» сияқты халықаралық хиттерді орындады.
«Студенттік көктем – 2013» байқауына 1000 астам қатысушы мен 2000-ға жуық жанкүйер қатысты. Тағы бір ерекшелігі астананың ең үздік командасына дәстүрлі Кубок табысталды.
Фестивальдің жабылу салтанаты мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі мамырдың 3 күні Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді.
Іс шараны Астана қаласы Жастар саясатын қолдау жөніндегі мемлекеттік қоры жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың қолдауымен ұйымдастырып отыр.
Baq.kz