Әлем мешіттерінде «жасыл» жұма уағыздары жаңғыруда
22 сәуіре аталып өтілетін Жер күні қарсаңында әлемдегі мешіттерде қоршаған ортаны қорғау мен табиғатты аялау және экология тақырыптарын қамтитын жұма уағыздары айтылады. Бұл жайында OnIslam-ға сілтеме жасап Астанадағы Әзірет Сұлтан мешітінің ресми сайты хабарлады.
«Біз ғибадат үйлері мен білім ошақтарын, оқу ордаларын және ислам ұйымдарын осы жолғы құтпаны Алланың әсем жаратылысына арнауға шақырамыз. Сондай-ақ, адамзаттың бас ауруына айналған экологияның жай-күйімен мұсылмандарды таныстыруға үндейміз», - деп айтылған табиғатты қорғау тақырыбын қаузайтын канадалық khaleafa.com сайтында. Бұл бастаманы Муаз Нәсір есімді мұсылман көтерген екен.
«Муаз Нәсірдің айтуынша, «жасыл» құтпа мұсылмандарға ой салып, тиісті деңгейде өтуі керек. Мұсылмандар қоршаған ортаны көзінің қарашығындай сақтауы керек. «Жасыл» құтпаның мақсаты осыған саяды. «Жасыл» құтпа науқаны алғаш рет өткен жылы канадалық мұсылмандардың бастамасымен өткен болатын. Солтүстік Америка мен Еуропа имамдары Жерді күтіп ұстау жайындағы Құранның үкімдері мен әмірлерін халыққа жеткізген еді сол кезде. Олардың бұл бастамасына Таиланд пен Оңтүстік Африка Республикасының мұсылмандары қолдау білдірді», - деп жазады muslim.kz.
Муаз Нәсір адамзаттың табиғатқа келтіріп жатқан зияны шаш-етектен екенін тілге тиек етті. «Мұны елемесең - Алла жаратқан жаратылыс алдындағы жауапкершілікке немқұрайлы қарағаның болып табылады», - деді ол. Содан соң, аманатқа қиянат етудің арты жақсылықпен аяқталмайтынын айтып, ескерту жасады.
Еске салсақ, Жер күні жыл сайын сәуірдің 22-і мерекеленеді. Қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау мақсатында өтетін осынау атаулы күні түрлі шаралар ұйымдастырылады.
ҚазАқпарат.