Үш күн сұхбаттасқан журналист
Непалдық тележүргізуші әлем тарихында бұрын-соңды болмаған ұзақ шоу жүргізіп, дүниежүзін таңқалдырды. Мұндай қызықты мәліметті oreanda.ru сайты жариялап отыр.
Шетелдік журналистің еңбегі ерекше назарға ілінді. Непалдық тележүргізуші әлемдегі ең ұзақ ток-шоу жасаудан рекорд орнатты. Ол 2011 жылғы Украинадағы екі әріптесінің жетістігін жаңартып отыр. Сол кезде бағдарламаның ұзақтығы 52 сағатқа созылған. Ал бұл жолы Раби Ламикхане студия қонақтарымен 62 сағат 12 минут бойы сұхбаттасыпты. Бағдарлама тақырыбы буддизмнің негізін қалаушы – Будданың төңірегінде өрбіген. Сондағы басты мақсат елге туристерді көптеп тарту екен. Раби Ламикханенің айтуынша, ол жер шарының көптеген елді мекендерінде саяхаттаған, бірақ Непалдың қайда екенін көпшілік білмейтінін байқапты. Сондықтан осындай шара арқылы Будданың Непалда дүниеге келгенін айтып жеткізуді дұрыс деп ұйғарған. Телешоуға қатысуға маоисттік көтерілісшілердің экс-лидерінен бастап, Үндістанның Непалдағы елшісі сияқты 100-ден астам адам барыпты. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, жүргізуші тура эфир кезінде тамақтанып, энергетикалық сусын ішіп отырған. Сондай-ақ әр сағаттың басында оған аздап тынығып алуға рұқсат беріліпті.