Қытайлық көрермендер қазақ киносына ықылас білдіруде - ҚР СІМ
17 сәуірде Қытайда Бейжің орталығында орналасқан «Broadway Cinema» кинотеатрында қазақстандық кино апталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Хабарламада «Ашылу рәсімінде Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Нұрлан Ермекбаев, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамының президенті Ермек Аманшаев және Қытайдың Мемлекеттік баспасөз, басылым, радио, кино және теледидар жөніндегі бас басқармасының басшылары Чжан Пиминь мен Ла Пэйкан сөз сөйледі. Ашылу рәсіміне қытайлық мемлекеттік органдардың, іскерлік, ғылыми, академиялық топтардың өкілдері, сондай-ақ қазақстандық киноға қызығушылық танытқан көрермендер қатысты» делінген.
Сөз сөйлегендер қазақстандық кино апталығы дербес шара ретінде Қытайда алғашқы рет өткізіліп отырғанын және оның екі ел халықтарының арасындағы өзара түсіністік пен достықты тереңдету үшін маңыздылығын атап өтті. Шара «Балалық шағымның аспаны» атты фильммен ашылды.
Шара аясында өткен баспасөз мәслихаты барысында қазақстандық делегация қытайлық, отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін еліміздің қазіргі кинематографиясымен, қазақстандық кино фестивалінің шеңберінде көрсетілетін фильмдермен таныстырып, тілшілердің сұрақтарына жауап берді.
Қазақстандық кино апталығы Бейжіңде 2013 жылғы 17-22 сәуір аралығында өткізілуде. Оның аясында қытайлық көрермен «Балалық шағымның аспаны» фильмімен қатар, «Шал», «Жаужүрек мың бала», «Жоюшы», «Махаббат тәлкегі» және «Ғаламтордағы махаббат» картиналарын тамашалай алады. Аталған шара мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты жандандыру бойынша уағдаластықтарға сәйкес, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің қатысуымен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігімен және ҚХР Мемлекеттік баспасөз, басылым, радио, кино және теледидар жөніндегі бас басқармасымен бірлесіп ұйымдастырылуда.
Қазақстандық делегация құрамында режиссер Сатыбалды Нарымбетов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Байкенже Белбаев және актерлер Ерболат Тоғызақов, Фархат Әбдірайымов, Берік Айтжанов, Аян Өтепберген, Максим Ақбаровтар бар.
Қытайлық көрермендер бұл шараға шағын блогтарда талқылау мен кино билеттерін белсенді сатып алумен шынайы қызығушылық білдіруде.
BAQ.KZ