Астана филармониясы Париж төрінде өнер көрсетті
Парижде "Халықаралық мәдениеттер үндесуінің 10 жылдығы" атты жобаның тұсаукесері өтті. Жоба 2011 жылы ЮНЕСКО Бас конференциясының 36-сессиясында қабылданған. Биыл Қазақстан ұсынған жоба әлемнің 26 мемлекетінен қолдау тауып отыр деп хабарлайды Астана қаласының ресми сайты.
Осы ауқымды шараға орай ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде аталған ұйымның Атқарушы Кеңесінің 191-ші сессиясында жоба жүзеге асып, ЮНЕСКО-дағы Қазақстанның тұрақты өкілдігі мен Астана қаласының әкімдігі халық аспаптар оркестрінің концертін ұйымдастырды.
Ирина Бокова, ЮНЕСКО-ның бас директоры:
Бұл жобада Қазақстанның атқаратын міндеті зор. Біз қазақ елін Атқарушы Кеңестің беделді мүшесі ғана емес, мәдениетаралық шаралар мен дінаралық сұхбаттастықты ұйымдастырушы бірден - бір мемлекет деп білеміз.
Париж төрінде Астана мемлекеттік филармониясының өнерпаздары өнер көрсетіп, Құрманғазының күйі күмбірлеп, қазақ әні қалықтады. Азамат Жылтыркөзов, Айзада Қапонова, Еділ Құсайынов, Айгүл Қосанова және тағы басқа да әртістер сахнаның сәнін келтіріп, халық ризашылығына бөленді. Концерт балет әртістері мен «Белес» тобы, «Шалқыма» ансамблінің өнерімен жалғасын тапты.