32 жасар француз жігіті Алматыға жаяу жүріп келді
Кеше 32 жасар француз жігіті Томас Гилмин жаяу жүріп Алматыға жетті. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Әлемді жаяу аралағанына екі жылдай уақыт болған жиһангер осы уақыт аралығында Еуропаны шарлап, Орта Азияны адақтап шығыпты. Енді, міне, Қазақстан топырағына да қадам басып отыр.
КТК телеарнасы тілшілеріне берген сұхбатында Томас бұл саяхаты мерзімінің кем дегенде бес жылға созылғалы тұрғанын айтып беріпті. Жалпы, мақсаты алпыс елдің аумағынан аралау болыпты. Осы кезге дейінгі сапары кезінде ол күніне орта есеппен сегіз еуродан артық ақша жаратып көрмепті. Саяхатшы сонымен бірге өзіне барлық жерде де жақсы адамдардың жолығып отыруы қиындығын жеңілдетуге септік еткенін айтады. Олардың бірқатары тамағын ұсынса, тағы бірқатарлары қонып шығуға жағдай жасаған. Ал Қазақстан француз дәруішінің бұл сапары бағдарламасында қадам басқан жиырма тоғызыншы елі көрінеді.
«Менің саяхатым бұдан екі жыл бұрын басталды. Сол аралықта ешқандай ұшаққа, ешқандай автобусқа, ешқандай пойызға мінгенім жоқ. Мен өзімнің Франциядағы үйімде байыз тауып отыра алмадым. Себебі, құр отырудан қатты жалығып кетемін. Сосын жаңа елдер көріп, жаңа мәдениетпен танысуға құштарлығым ауды. Маған Қазақстан қызықты болып көрінді. Бұдан ары елдеріңіздің солтүстігіне беттеймін. Онда тіпті тамаша деседі», – деді сөзінің соңында саяхатшы Томас Гилмин.