Хунну өркениеті мен моңғол тарихы
Осындай аласапыран жылдар шарпуында жүріп, Лев Николаевич 1946 жылы Ленинград университетін бітіреді. Қатардағы бітірушілердің бірі емес, француз, неміс, байырғы түркі және латын тілдерін меңгеріп, хунну өркениеті мен байырғы моңғол тарихы бойынша маман болып шығады. Университет қабырғасында В.Струве, Е.Тарле, Б.Греков, С.Малов, М.Артомонов, С.Руденко сияқты ғалымдармен етене танысып, Памирде, Украинаның Подолиясында, Грузияның Картлиінде, Орталық Азияның Алтайында (Пазырық) жүргізілген археологиялық экспедицияларға қатысады. 1948 жылы Бірінші Түркі қағанатының (546-659) саяси тарихына арналған тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды.
Мұнан әрі, тағы да бас бостандығынан айырылған Лев Николаевич 1956 жылы каторгалық эпопеясын біржола аяқтап келіп, Эрмитажға кітапхана қызметкері болып орналасады. Осы қызметте жүріп, байырғы түркілер тақырыбы бойынша 1967 жылы докторлық диссертация қорғайды. Сол жылы докторлық диссертациясының толықтырылған нұсқасы “Байырғы түркілер” деген атпен жарық көреді. Тақырыптың сонылығы және беймәлім мәдениеттің жеріне жете ашылуы, автордың ғажайып аңғарғыштығы мен терең білімі, сондай-ақ мейлінше оралымды тіл-стилі ғылыми ортаның да, былайғы оқырманның да назарын аударады.
1967 жылы Ленинград университетінің аясында география ғылыми-зерттеу институты ашылып, ректор А.Александровтың шақыруымен Лев Николаевич ғылыми қызметкер болып келеді. Осы орында 1986 жылы еңбек демалысына шыққанға дейін кіші, аға, жетекші ғылыми қызметкер деген сатылардан өткенімен, профессор шеніне іліге алмайды. Оның есесіне Лев Николаевич “Халықтану” деп аталатын арнаулы курс бойынша студенттерге аттай 20 жыл бойы армансыз лекция оқиды. Оның лекциясына бүкіл университет құлақ түріп, тіптен еркін тыңдаушылардың өзі аудиторияны керіп кетеді екен. Ол лекция оқыған 20 жыл аясында бірнеше толқын студенттердің зердесін қалыптастырып қана қойған жоқ, сонымен бірге өзі де шыңдала жүріп, бүкіл әлем мойындаған орыс этнологиясының іргетасын қалаушылардың маңдай алдында болды. Дәлірек айтсақ, таза гумилевтік этнология мектебін дүниеге келтірді. Яғни, этностың шаруашылық және саяси жүйелерінің арасындағы өзгерістердің өзара байланысына, сол байланыстардың нәтижесінде болатын жаңғыруларға, сондай-ақ этностың кіндік жұрты болып табылатын ландшафт эволюциясына табанды түрде ден қояды. Бұл ретте, ол Ұлы Дала көшпелілері шаруашылығының, этнотарихының және экожүйесінің арасында өзара бітеқайнасқан байланыстың барына алдымен назар аударады. Этнологияға қатысты мәселенің бұлайша қойылуында “тарихи материализмді” тұғыр еткен КСРО ғалымдарының тұжырымынан да немесе ауа райы жұмсақ географиялық ортаға үйренген Еуропа ғалымдарының тұжырымынан да әдіснамалық (методологиялық) айырмашылық бар еді.
Ақселеу Сейдімбек, "Гумилев"