Өмірдерек
Ғылым адамының өмір жолын оның ғұмыр кешкен ортасы мен уақытынан бөле-жарып қарастыру мүмкін емес. Дәл сол сияқты, ғылым адамының өмірбаяны оның тындырған еңбегімен де біте қайнасып жатады. Ғалымның өмірбаянын оның ақыл-ой, тәжірибесінен дербес қарастыруға болмайды.
Жарық дүниеге пешенесі бестен келіп, алғашқы тартқан демінен бастап ақжолтай ғұмыр бұйыратын адамдар болады. Олар тіршілігінде не қаласа да дегені болып, ішкені – алдында, ішпегені – артында дегендей, мұңсыз-қамсыз ғұмыр кешеді. Дарыны тасып, күресі асып тұрмағанына қарамастан, өзі араласқа түскен қоғамның әлпеші болмаса да, қолпашынан кенде болмайды. Мұндайлар қара басының мұң-мүддесі үшін біреуді қарақтап, біреуді жарақтауға келгенде әбжілдік танытқанымен, өзі бір мүшесі болып жүрген қоғам тағдырына қатысты істерге әсте қабырғасын қайыстырмайды. “Менен кейін маған десе топансу қаптасын”, деген ұстаным мұндай адамдардың өмір сүру тәсіліне айналады.
Ал енді, келесі бір адамдар болады: арманы асқақ, ниеті адал, жүрегі нұрлы, дарыны тасқын, ақылы кемел. Айтары жоқ, қызыға қарайсың. Бірақ, ондай адамдар, әдетте, тағдырдың торына шырмалып ғұмыр кешеді. Аттаған қадамы кедергіге жолығып, таңдаған жолы тосқауылға тіреліп, ақылы – азапқа, дарыны – тозаққа ұласып жатады.
Лев Николаевич Гумилевтің өмірі мен шығармашылығын тағдырдың торына шырмалғандар санатына жатқызуға болады. Алайда, ол тағдырдың бұйыртқан сыбағасын қасқайып тұрып қарсы алып, қорлық пен зорлықты өмірдің заңына балай жүріп, алға қойған мақсатын толық орындап шыққан қайсар жан ретінде қайран қалдырады.
Қоғам өміріндегі саяси-әлеуметтік сілкіністер мен жүйелік алмасулардың өлара кезеңі Лев Николаевичтің жалын атқан жастық дәуренін тағдырдың тәлкегіне ұшыратты. Бір емес, екі емес, үш рет жауапқа тартылып, табандатқан 13 жыл өмірін түрменің тар қапасында өткеріп, лагерьдегі жылдар арасында екінші дүниежүзілік соғыстың от-жалынына шарпылып, туған қаласы Ленинградқа 1956 жылы оралғанда Лев Николаевич 44 жаста еді. “Алғаш рет – 1935 жылы “өзімнің албырттығымнан , екінші рет – 1938 жылы “әкем үшін”, үшінші рет – 1948 жылы “шешем үшін” сотталдым”, – деп отыратын марқұм. Лев Николаевичтің әке-шешесі – орыстың әйгілі ақындары Николай Гумилев пен Анна Ахматова. Николай Гумилев 1921 жылы контрреволюциялық әрекеттері үшін атылса, Анна Ахматова 1946 жылы мемлекеттік идеолог, КСРО-ның инквизиторы атанған Ждановтың қанқұйлы баяндамасына ілігіп, шығармашылығына ресми түрде тыйым салынады. Әке мен шеше үшін баласының да күйетін заманы Лев Николаевичтің де басын базарлы етеді. Мәскеудің “Лефортовы” мен Ленинградтың “Крестінде” атылу жазасына кесілгендердің сапында болып, онан соң Беломорканал, Норильск, Кузбасс, Саян, Қарағанды түрмелері мен лагерьлерінде өксікті өмірін өткереді.
Ақселеу Сейдімбек, "Гумилев"