Жаңалықтар

Кеңес Өкіметі

Соңғы редакциялау: 18 қазан 2012 КЕҢЕС ӨКІМЕТІ, кеңестер билігі – бұрынғы Ресей империясында (1917 жылдың 1 қыркүйегінен Ресей Республикасы) Уақытша үкімет қарулы күшпен құлатылған Қазан төңкерісінен кейін орнатылған билік жүйесінің атауы; кейде “К. ө.” ұғымы Кеңес Одағындағы жалпы билік жүйесінің атауы ретінде де қолданылады. “Кеңес” (орыс тілінде Совет) сөзі алғаш рет төңкерісшіл жұмысшы табының сайланбалы жетекші органы – Жұмысшы депутаттары кеңесі түрінде 1905 – 07 жылғы бірінші орыс революциясы барысында пайда болған. 1917 жылғы Ақпан революциясы кезінде солдаттар мен төңкерісшіл жұмысшы табының сайланбалы жетекші органы жер-жерде құрылған Жұмысшы және солдат депутаттарының кеңестері болды. 1917 ж. 3 – 24 маусымда Санкт-Петербургте Жұмысшы және солдат депутаттары кеңестерінің бірінші бүкілресейлік съезі өтті. Съезге бүкіл елдегі 305 Жұмысшы, солдат және шаруа депутаттары кеңестерінен, олардың 53 аймақтық бірлестіктерінен, 34 әскери бөлімнен – барлығы 1090 делегат қатысты. Съезд рев. демократия және мемл. билік, 1-дүниежүз. соғысқа көзқарас, Уақытша үкімет кезінде сайлауы басталған бүкіл елдегі халық сайлаған өкілдер – Құрылтайшылар жиналысына дайындық, Ресейдегі ұлт мәселесі, т.б. өзекті мәселелер туралы баяндамалар тыңдап, талқылады. 320 адамнан құралған Бүкілресей Орталық Атқару Комитетін (ВЦИК) сайлады. 1917 ж. 25 қазандағы (7 қараша) Қазан төңкерісін жүзеге асырған қарулы көтерілісті большевиктер Жұмысшы және солдат депутаттары кеңестерінің екінші бүкілресейлік съезінің ашылуына орайластырды. Съезге елдегі 402 кеңестен 649 делегат қатысты. Большевик және солшыл эсер делегаттарының саны (550 адам) басым болған съезд 25 – 27 қазанда (7 – 9 қараша) жұмыс істеді. Съезд Уақытша үкіметтің құлатылуын мақұлдады, мемл. билікті өз қолына алғанын жариялады, жер-жердегі билік “Жұмысшылар, солдаттар және шаруалар кеңестеріне берілсін!” деген үндеу, “Бітім туралы” және “Жер туралы” декреттер қабылдады. Сондай-ақ, съезд БРОАК-тің (ВЦИК) жаңа құрамын 106 адамнан (оның 62-сі большевик) сайлап, елді басқару үшін К. ө-нің үкіметін – В.И. Ленин бастаған, құрамына тек большевиктер кірген Халық Комиссарлары Кеңесін (Жұмысшы-шаруа кеңестік үкіметін) құрды. Кеңестер билігі Ресейдің өнеркәсіпті қалаларында шапшаң орнады. Уақытша үкіметке адал күштердің қарсылығы басып-жаншылып, кадеттер партиясы заңнан тыс деп жарияланды, оппозициялық басылымдар жабылды. Алайда 1917 ж. 12 қарашада өткен Құрылтайшылар жиналысына сайлауда большевиктер 25% шамасында ғана дауыс алды. Өз талаптары өтпейтін болғандықтан большевиктерден құралған Халық Комиссарлары Кеңесі Санкт-Петербургте ашылған Құрылтайшылар жиналысын 1918 ж. 5 (18) қаңтарда қуып тарқатып жіберді. Халық Комиссарлары Кеңесі, сондай-ақ, олардың жергілікті органдары болып қалыптаса бастаған Жұмысшы, солдат және шаруа кеңестерінің атқарушы органдары (совдеп) бұрынғы Ресей империясы құрамында бодандықта болған ұлттардың империя тағы құлағаннан кейін құрған ұлттық мемл. бірлестіктеріне дұшпандықпен қарады. Мыс., олар 1917 ж. 12 (25) желтоқсанда Қазақстанда құрылған Алаш автономиясы мен оның үкіметі – “Алашорда” Ұлт кеңесін танудан бас тартты. Кеңестік биліктің Ташкенттегі өкілдері 1917 ж. 29 қарашада (12 желтоқсан) құрылған Түркістан автономиясының Қоқандағы Кеңесі мен Үкіметін 1918 ж. 19 – 22 ақпанда қарулы күшпен талқандады. Бұл оқиғалар елдің одан әрі екі жарылып, Азамат соғысының шиеленісе түсуіне апарып соқты. 1918 ж. наурызға қарай кеңестік билік бұрынғы Ресей империясы аумағының басым бөлігінде орнады. Банктер, кәсіпорындар мемлекет мүлкіне айналдырыла бастады. Германиямен уақытша бітім жасалды. Ресейдің 2-дүниежүз. соғыстан шығуы, кеңестік биліктің нығаюы бұрынғы Антанта әскери одағы елдерінің наразылығын туғызып, оның соңы шет ел мемлекеттерінің ақ гвардияшыларға әскери және экон. көмек жасауына әкеп соқты. Кеңестік билікті сақтап қалу үшін большевиктер “әскери коммунизм” саясатына көшті, контрреволюцияға және саботажға қарсы күресетін төтенше комиссиялар (1917 – 22 ж.) құрды, бұқаралық Қызыл Армия ұйымдастырды. К. ө-нің уақытша төтенше органдары ретінде, Қазан төңкерісі кезеңіндегі әскери-рев. к-ттер тәжірибесін пайдалана отырып, революциялық комитеттер (ревкомдар, 1918 – 20 ж.), сот органдары болып табылатын әскери трибуналдар (1917 – 22 ж.) құрды. Осындай шаралар арқылы К. ө. Азамат соғысында жеңіске жетті. Елде жеке-дара партиялық диктатура орнату бағдары айқындала бастады. 3-Бүкілресейлік кеңестер съезінің (23 – 31 қаңтар, 1918) Ресейді Федеративті Республика (РКСФР) деп жариялауына байланысты, 1918 ж. 30 сәуірде Ташкентте РКСФР құрамындағы Түркістан автон. кеңестік соц. республикасы (Түркістан АКСР-і, Түркреспублика), 1920 ж. 12 қазанда РКСФР құрамындағы Киргиз (Қазақ) автон. кеңестік соц. республикасы (Қазақ АКСР-і, Кирреспублика) құрылды (1919 жылдан съезге дейін Қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет – Қазревком жұмыс істеді). К. ө-нің Орта Азияда ұлттық-мемлекеттік межелеу жүргізуіне байланысты, 1924 ж. 27 қазанда Түркістан АКСР-і таратылып, қазақ облыстары Қазақ АКСР-іне қосылды. Ол 1936 ж. Қазақ КСР-іне айналды. Алайда орталық К. ө. (қ. Кеңес Одағы) одақтас республикаларға дербес билік жүргізу мүмкіндігін берген жоқ. Ресейдегі мемл. биліктің сайланбалы органы 1918 – 36 ж. Жұмысшы, шаруа және қызыләскерлер депутаттарының Кеңестері болды. Қазіргі Қазақстан аумағы алғашқыда жекелеген Ресей губернияларының, 1920 – 36 ж. Қазақ АКСР-і ретінде Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасының құрамына қосылатын. К. ө-нің 1917 – 36 ж. жергілікті және орт. билік органдары – құрамы көп сатылы және ашық дауыс беретін сайлау жолымен қалыптасатын кеңестер съездері болды. 1936 жылғы КСРО Конституциясына сәйкес, кеңестер съезінің орнына халық тікелей сайлайтын Еңбекшілер депутаттары кеңестерінің біртұтас жүйесі белгіленді. Бұл өзгерістердің баршасы коммунистер қолымен жасалды, шын мәнінде мемл. билікті большевиктер партиясы жүргізді. Өкімет билігі кеңестер қолында деп есептелгенмен, олардың қызметін партия органдары басқарды. 1977 жылғы КСРО Конституциясы бойынша, Еңбекшілер депутаттары кеңестерінің жүйесі Халық депутаттары кеңестері болып өзгертілді. Кеңестерге депутаттар сайлау формальді сипат алды. К. ө. бір партиялы тоталитарлық жүйенің көз алдайтын демократиялық фасады рөлін ғана атқарды. Бір партияның билігіндегі әкімшіл-әміршіл жүйемен сіңісіп кеткендіктен, К. ө. терең дағдарысқа ұшырады. Жүргізілген реформалар (жаңа экон. саясатты аяғына жеткізбей тұжыру, жеделдетіп индустрияландыру мен күштеп ұжымдастыруды өткізу, тың және тыңайған жерлерді игеру науқанын жүргізу, қайта құру, т.б.) елді уақытша табыстарға жеткізгенімен, негізінен, экон. және әлеум. қайшылықтарды тереңдете түсті, ұлт мәселесінің шешімін тосқан түйінді тұстарын елеусіз қалдырды, 1977 ж. КСРО Конституциясы бойынша жетекшілік рөлін заңдастырып алған (6-баб) КОКП мемл. құрылымдарды толығымен билеп, К. ө-н алмастыруын ашық жүргізді, К. ө-нің басқару жүйесі онан әрі тығырыққа тірелді. К. ө-нің дамыған елдерге қарағанда саяси және экон. жағынан көп артта қалып қоюы – басқару жүйесін жетілдіруді талап етті. Осы мақсатта 1986 ж. жариялылық, жеделдету, қайта құру саясатын жүргізе бастау – партиялық диктатура мен оған тығыз байлаулы кеңестік жүйені тоқырауға ұшыратты. 1991 ж. КСРО-ның ыдырауына байланысты, орталық К. ө. құлады. Тәуелсіздік алған одақтас республикалардың бәрі өз елдеріндегі К. ө-нен бас тартып, өркениет талабына сай жаңа мемл. құрылымдар жасауға көшті. 1993 ж. қарашаның аяғына дейін Қазақстанда 100-ге жуық кеңестер өзін-өзі таратқанын жариялады. 1993 ж. 13 желтоқсанда Республика Жоғарғы Кеңесі өзін-өзі таратты. Осылайша, Қазақстандағы К. ө-нің билігі тоқтатылып, Республиканы басқару тұтқасы уақытша Президент қолына көшті. 1995 ж. 30 тамызда өткен респ. референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданып, Қазақстан құқықтық негіздегі президенттік республикаға айналды. Б. Орынбекұлы Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 4-том
09.11.2012 03:02 20829

Соңғы редакциялау:

18 қазан 2012

КЕҢЕС ӨКІМЕТІ, кеңестер билігі – бұрынғы Ресей империясында (1917 жылдың 1 қыркүйегінен Ресей Республикасы) Уақытша үкімет қарулы күшпен құлатылған Қазан төңкерісінен кейін орнатылған билік жүйесінің атауы; кейде “К. ө.” ұғымы Кеңес Одағындағы жалпы билік жүйесінің атауы ретінде де қолданылады. “Кеңес” (орыс тілінде Совет) сөзі алғаш рет төңкерісшіл жұмысшы табының сайланбалы жетекші органы – Жұмысшы депутаттары кеңесі түрінде 1905 – 07 жылғы бірінші орыс революциясы барысында пайда болған. 1917 жылғы Ақпан революциясы кезінде солдаттар мен төңкерісшіл жұмысшы табының сайланбалы жетекші органы жер-жерде құрылған Жұмысшы және солдат депутаттарының кеңестері болды. 1917 ж. 3 – 24 маусымда Санкт-Петербургте Жұмысшы және солдат депутаттары кеңестерінің бірінші бүкілресейлік съезі өтті. Съезге бүкіл елдегі 305 Жұмысшы, солдат және шаруа депутаттары кеңестерінен, олардың 53 аймақтық бірлестіктерінен, 34 әскери бөлімнен – барлығы 1090 делегат қатысты. Съезд рев. демократия және мемл. билік, 1-дүниежүз. соғысқа көзқарас, Уақытша үкімет кезінде сайлауы басталған бүкіл елдегі халық сайлаған өкілдер – Құрылтайшылар жиналысына дайындық, Ресейдегі ұлт мәселесі, т.б. өзекті мәселелер туралы баяндамалар тыңдап, талқылады. 320 адамнан құралған Бүкілресей Орталық Атқару Комитетін (ВЦИК) сайлады. 1917 ж. 25 қазандағы (7 қараша) Қазан төңкерісін жүзеге асырған қарулы көтерілісті большевиктер Жұмысшы және солдат депутаттары кеңестерінің екінші бүкілресейлік съезінің ашылуына орайластырды. Съезге елдегі 402 кеңестен 649 делегат қатысты. Большевик және солшыл эсер делегаттарының саны (550 адам) басым болған съезд 25 – 27 қазанда (7 – 9 қараша) жұмыс істеді. Съезд Уақытша үкіметтің құлатылуын мақұлдады, мемл. билікті өз қолына алғанын жариялады, жер-жердегі билік “Жұмысшылар, солдаттар және шаруалар кеңестеріне берілсін!” деген үндеу, “Бітім туралы” және “Жер туралы” декреттер қабылдады. Сондай-ақ, съезд БРОАК-тің (ВЦИК) жаңа құрамын 106 адамнан (оның 62-сі большевик) сайлап, елді басқару үшін К. ө-нің үкіметін – В.И. Ленин бастаған, құрамына тек большевиктер кірген Халық Комиссарлары Кеңесін (Жұмысшы-шаруа кеңестік үкіметін) құрды. Кеңестер билігі Ресейдің өнеркәсіпті қалаларында шапшаң орнады. Уақытша үкіметке адал күштердің қарсылығы басып-жаншылып, кадеттер партиясы заңнан тыс деп жарияланды, оппозициялық басылымдар жабылды. Алайда 1917 ж. 12 қарашада өткен Құрылтайшылар жиналысына сайлауда большевиктер 25% шамасында ғана дауыс алды. Өз талаптары өтпейтін болғандықтан большевиктерден құралған Халық Комиссарлары Кеңесі Санкт-Петербургте ашылған Құрылтайшылар жиналысын 1918 ж. 5 (18) қаңтарда қуып тарқатып жіберді. Халық Комиссарлары Кеңесі, сондай-ақ, олардың жергілікті органдары болып қалыптаса бастаған Жұмысшы, солдат және шаруа кеңестерінің атқарушы органдары (совдеп) бұрынғы Ресей империясы құрамында бодандықта болған ұлттардың империя тағы құлағаннан кейін құрған ұлттық мемл. бірлестіктеріне дұшпандықпен қарады. Мыс., олар 1917 ж. 12 (25) желтоқсанда Қазақстанда құрылған Алаш автономиясы мен оның үкіметі – “Алашорда” Ұлт кеңесін танудан бас тартты. Кеңестік биліктің Ташкенттегі өкілдері 1917 ж. 29 қарашада (12 желтоқсан) құрылған Түркістан автономиясының Қоқандағы Кеңесі мен Үкіметін 1918 ж. 19 – 22 ақпанда қарулы күшпен талқандады. Бұл оқиғалар елдің одан әрі екі жарылып, Азамат соғысының шиеленісе түсуіне апарып соқты.

1918 ж. наурызға қарай кеңестік билік бұрынғы Ресей империясы аумағының басым бөлігінде орнады. Банктер, кәсіпорындар мемлекет мүлкіне айналдырыла бастады. Германиямен уақытша бітім жасалды. Ресейдің 2-дүниежүз. соғыстан шығуы, кеңестік биліктің нығаюы бұрынғы Антанта әскери одағы елдерінің наразылығын туғызып, оның соңы шет ел мемлекеттерінің ақ гвардияшыларға әскери және экон. көмек жасауына әкеп соқты. Кеңестік билікті сақтап қалу үшін большевиктер “әскери коммунизм” саясатына көшті, контрреволюцияға және саботажға қарсы күресетін төтенше комиссиялар (1917 – 22 ж.) құрды, бұқаралық Қызыл Армия ұйымдастырды. К. ө-нің уақытша төтенше органдары ретінде, Қазан төңкерісі кезеңіндегі әскери-рев. к-ттер тәжірибесін пайдалана отырып, революциялық комитеттер (ревкомдар, 1918 – 20 ж.), сот органдары болып табылатын әскери трибуналдар (1917 – 22 ж.) құрды. Осындай шаралар арқылы К. ө. Азамат соғысында жеңіске жетті. Елде жеке-дара партиялық диктатура орнату бағдары айқындала бастады. 3-Бүкілресейлік кеңестер съезінің (23 – 31 қаңтар, 1918) Ресейді Федеративті Республика (РКСФР) деп жариялауына байланысты, 1918 ж. 30 сәуірде Ташкентте РКСФР құрамындағы Түркістан автон. кеңестік соц. республикасы (Түркістан АКСР-і, Түркреспублика), 1920 ж. 12 қазанда РКСФР құрамындағы Киргиз (Қазақ) автон. кеңестік соц. республикасы (Қазақ АКСР-і, Кирреспублика) құрылды (1919 жылдан съезге дейін Қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет – Қазревком жұмыс істеді). К. ө-нің Орта Азияда ұлттық-мемлекеттік межелеу жүргізуіне байланысты, 1924 ж. 27 қазанда Түркістан АКСР-і таратылып, қазақ облыстары Қазақ АКСР-іне қосылды. Ол 1936 ж. Қазақ КСР-іне айналды. Алайда орталық К. ө. (қ. Кеңес Одағы) одақтас республикаларға дербес билік жүргізу мүмкіндігін берген жоқ. Ресейдегі мемл. биліктің сайланбалы органы 1918 – 36 ж. Жұмысшы, шаруа және қызыләскерлер депутаттарының Кеңестері болды. Қазіргі Қазақстан аумағы алғашқыда жекелеген Ресей губернияларының, 1920 – 36 ж. Қазақ АКСР-і ретінде Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасының құрамына қосылатын. К. ө-нің 1917 – 36 ж. жергілікті және орт. билік органдары – құрамы көп сатылы және ашық дауыс беретін сайлау жолымен қалыптасатын кеңестер съездері болды. 1936 жылғы КСРО Конституциясына сәйкес, кеңестер съезінің орнына халық тікелей сайлайтын Еңбекшілер депутаттары кеңестерінің біртұтас жүйесі белгіленді. Бұл өзгерістердің баршасы коммунистер қолымен жасалды, шын мәнінде мемл. билікті большевиктер партиясы жүргізді. Өкімет билігі кеңестер қолында деп есептелгенмен, олардың қызметін партия органдары басқарды. 1977 жылғы КСРО Конституциясы бойынша, Еңбекшілер депутаттары кеңестерінің жүйесі Халық депутаттары кеңестері болып өзгертілді. Кеңестерге депутаттар сайлау формальді сипат алды. К. ө. бір партиялы тоталитарлық жүйенің көз алдайтын демократиялық фасады рөлін ғана атқарды. Бір партияның билігіндегі әкімшіл-әміршіл жүйемен сіңісіп кеткендіктен, К. ө. терең дағдарысқа ұшырады. Жүргізілген реформалар (жаңа экон. саясатты аяғына жеткізбей тұжыру, жеделдетіп индустрияландыру мен күштеп ұжымдастыруды өткізу, тың және тыңайған жерлерді игеру науқанын жүргізу, қайта құру, т.б.) елді уақытша табыстарға жеткізгенімен, негізінен, экон. және әлеум. қайшылықтарды тереңдете түсті, ұлт мәселесінің шешімін тосқан түйінді тұстарын елеусіз қалдырды, 1977 ж. КСРО Конституциясы бойынша жетекшілік рөлін заңдастырып алған (6-баб) КОКП мемл. құрылымдарды толығымен билеп, К. ө-н алмастыруын ашық жүргізді, К. ө-нің басқару жүйесі онан әрі тығырыққа тірелді. К. ө-нің дамыған елдерге қарағанда саяси және экон. жағынан көп артта қалып қоюы – басқару жүйесін жетілдіруді талап етті. Осы мақсатта 1986 ж. жариялылық, жеделдету, қайта құру саясатын жүргізе бастау – партиялық диктатура мен оған тығыз байлаулы кеңестік жүйені тоқырауға ұшыратты. 1991 ж. КСРО-ның ыдырауына байланысты, орталық К. ө. құлады. Тәуелсіздік алған одақтас республикалардың бәрі өз елдеріндегі К. ө-нен бас тартып, өркениет талабына сай жаңа мемл. құрылымдар жасауға көшті. 1993 ж. қарашаның аяғына дейін Қазақстанда 100-ге жуық кеңестер өзін-өзі таратқанын жариялады. 1993 ж. 13 желтоқсанда Республика Жоғарғы Кеңесі өзін-өзі таратты. Осылайша, Қазақстандағы К. ө-нің билігі тоқтатылып, Республиканы басқару тұтқасы уақытша Президент қолына көшті. 1995 ж. 30 тамызда өткен респ. референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданып, Қазақстан құқықтық негіздегі президенттік республикаға айналды.

Б. Орынбекұлы

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 4-том

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға