Қарақшы 3,2 мың доллар тұратын гауһар тасты жүзікті жұтып қойды
Американың Нью-Гемпшир штатының полицейлері зергерлік дүкенде 3,2 мың АҚШ доллар тұратын неке жүзігін ұрламақ болып, оны жұтып қойған ер адамды ұстады.
Полицияның мәліметінше, 52 жастағы Рональд Перли зергерлік бұйымдар дүкеніне келіп, сатушыдан неке жүзігін көрсетуді өтінген. Бейнебақылау камераларынан Перли гауһар тасы бар ақ алтыннан жасалған жүзікті таңдап алғандығын, оны қолына алып, кейін алақанын аузына жақындатып, дүкеннен шығып кеткендігін көруге болады.
Қаскөй сенбі күні ұсталды. Ол дереу рентгенге жіберіліп, ұрланған зат оның асқазанында жатқандығы расталды. Associated Press-тің хабарлауынша, ер адамға жүзікті ұрлау және айғақты заттардың жалғандығы бойынша айыптар тағылды. Ол 50 мың долларға уақытша кепілге шығарылды.
ҚазАқпарат.