Кәсіпқой мәдени-ағарту мекемелері
Солтүстік Қазақстан облысының мәдени өмірі өткенінің өшпейтін дәстүрлерін бойына сіңіре, қазынасымен, жан-жақтылығымен ерекшелене отырып ондаған жылдар сайын жаңа айшықты болулармен байи түсуде. Бұл орынды да. Өйткені адамдардың мәдени сұраныстары, олардың рухани игіліктерді игеруге ұмтылысы экономикалық және әлеуметтік салалардың жағдайына байланысты емес пе? Солтүстік өңір қашанда ырғақты дамып келді, ал соңғы жылдары айрықша серпінмен дамыды.
Петропавл қаласында кәсіпқой мәдени-ағарту мекемелері XIX ғасырдың екінші жартысынан былай құрыла бастады. 1881 жылы қалалықтардың қаржыларымен алғашқы қоғамдық кітапхана, кейін 1885 жылы көпшілік кітапхана ашылды, олардың қоры төрт мың томдай болды. Кітапхананың жанында оқырмандар залы жұмыс істеді, оған айына 200-ден 300-ге дейін оқырман келіп отырды. Соған қоса салауатты өмір қоғамының жанында оқу кітапханалары жұмыс істеді, ал мұсылман-көпестердің қаржысына 1908 жылы мұсылмандардық кітапханасы мен кітап оку мекемесі ашылды.
XX ғасырдың 20-жылдарының басында қалада 11 клуб мекемесі: комсомол клубы, жұмысшы мұсылмандар клубы, кәсіпорындардың бес клубы, әскери бөлімдерде екі клуб, жұмысшылардың орталық клубы және шаруа үйі жұмыс істеді.
Кино дами бастады. Қалада "Ударник" және "Октябрь" кинотеатрлары жұмыс істеп, олар қалалықтарға көркем, ғылыми және деректі фильмдерді көрсетті. 1925 жылы тағы үш киноқондырғы ашылды.
Бұл уақытта қалада жеті көпшілік кітапхана бар еді, олардың саны өсіп отырды да, 1940 жылға алпыс кітапхана болды. Бір адам 362 дана газет пен журнал оқитын болды. Қалада 15 клуб, екі кинотеатр, драматеатры, цирк, 43 қызылмүйіс, 247 оқырман үйі, 146 көркемөнер үйірмесі жұмыс істеді.
1926 жылы Ақмола губерниялық мемлекеттік театрлар басқармасы ұйымдастырылды. Репертуар саясатына үлкен көңіл бөлінді, тұңғыш рет балаларға арналған 10 спектакль қойылды. 1933 жылғы 29 қыркүйекте Петропавл театрына облыстық театр мәртебесі берілді. Тұрғындарға кино қызметін көрсету үшін Қазкинотрестің Қарағанды бөлімшесі құрылып, ол 1934 жылы Петропавл ауданаралық бөлімшесі болып қайта ұйымдастырылды. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында мәдени-ағарту мекемелері тұрғындардың сауатсыздығын жою жолында үлкен жұмыс жүргізді. Бұл жұмыс кезең-кезеңмен жүзеге асырылып, негізінен соғысқа дейін аяқталды. Ағарту мекемелерінде лекциялар мен баяндамалар оқылды, кездесу кештері мен әңгімелер өткізілді, қабырға газеттері шығарылып тұрды.
Мәдени-үгіт бригадалары, 400-ге тарта көркемөнер үйірмелері белсенді жұмыс істеді. Мұғалімдер, санитарлық ағарту және байланысшылар үйлері, ет комбинатының клубы қызмет көрсетті. 1938 жылы драма үйірмелерінің алғашқы байқауы өткізілді. Қаланың мәдени өмірі Ұлы Отан соғысы жылдарында да тоқтап көрмеді. Драма театры, кинотеатрлар, клубтар мен кітапханалар жұмысын жалғастыра берді. Әскери бөлімдерде, госпитальдарда, өнеркәсіп кәсіпорындарында концерт бригадалары өнер көрсетті. Бұлардың құрамында облыстық филармонияның өнерпазы, республиканың еңбек сіңірген артисі М.Иманқұлова, сондай-ақ К.Чосс, В.Долматов, Т.Кучина, А.Туманов және облыстық театрдың басқа актерлері болды. Мәдениет қызметкерлері, кәсіпқой артистер, тұрғындар арасында үлкен түсінік жұмыстарын жүргізіп, майданға көмек қорына жылы киімдер мен ақша жинады, өздерінің концерттерімен фашизмді жеңуге сенім ұялатты.
Соғыстен кейін қала мен селода жаңа кітапханаларды, клубтар мен қызыл мүйістерді салу жөніндегі жұмыс белсенді қанат жайды. 1947 жылы Петропавл қаласында 67 мәдени-ағарту мекемесі болды, олардың ішінде кітап қоры 19 мың данаға жететін үш қалалық кітапхана, кітап қоры 43,3 мың дана облыстық кітапхана, екі кәсіподақ кітапханасы, мекемелер жанындағы алты кітапхана, мектептер жанындағы 19 кітапхана, сегіз клуб, үш Мәдениет үйі, тоғыз қызыл мүйіс, қалалық мәдениет және демалыс саябағы және басқалары бар. 1950 жылы жаңа ғимаратта облыстық тарихи-өлкетану мүражайы ашылды, 46 клуб, 78 кітапхана мен балалардың музыка мектебі жұмыс істеді.