Сегізбаевтың футбол академиясы
Оңтүстік мегаполситегі «Алаш» стадионында қазақтың атақты аяқдоп шебері Тимур Сегізбаев атындағы Футбол академиясы бар. Даңқты футболшы, аты аңызға айналған ардагер спортшыға деген құрмет осылай жалғасын тапты.
Қазақ спорт және туризм академиясының құрылтайшы болуымен ашылған бұл Футбол академиясының келешегі жарқын болғалы тұр. Өйткені, алдағы жылдары осы «Алаш» стадионы аумағынан арнайы жас футболшыларға арнап спорттық мектеп-интернат құрылысы басталмақшы. Онда Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған жеткіншектер шет елдерден келген тәжірибелі жаттықтырушылардан тәлім алатын болады.
Футбол академиясының ашылу салтанатында сөйлеген Қазақ спорт және туризм академиясының ректоры Қайрат Закериянов өзі басқаратын оқу орнының қазақ футболын көтеру жолында атқарып жатқан біршама еңбегін атап өтті. Ұлыбритания, Бразилия, Түркия секілді спорттың осы түрі дамыған елдерден тәжірибелі мамандар алдырылғалы жатқандығы, Тимур Сегізбаевтың даңқымен қазақтың көкөрім жастарын футбол спортына көптеп тарту жоспарланып отырғандығы аталды.
КСРО спорт шебері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстанның бірнеше мәрте чемпионы, даңқты футболшы Тимур Сегізбаев 1961 – 1971 жылдар аралығында «Қайрат» командасы құрамында ойнағаны белгілі. Міне, сол кезде «Қайраттың» туы биік желбіреп, жанкүйер біткеннің есін алған болатын. Одан кейін Сегізбаев Қызылорданың «Автомобилисі» мен Қарағандының «Шахтерінде» бапкерлік қызмет етті. Шет ел асып, Йемен Халық Республикасының ұлттық құрамасын жаттықтырды. Өзімізге келіп Ұлттық футбол федерациясының президенті болды.
Т.Сегізбаев атындағы Футбол академиясының ашылу салтанатында «Қайраттың» ардагер ойыншысы, белгілі спорт журналисі Диас Омаров жиылған көпшілікке, жас футболшыларға өзінің әріптесі жайлы жақсы естелік айтып берді. Қазақстан мен Белоруссия кездесуінде «Қайраттың» даңқын шығарған қос голды да соққан осы Сегізбаев еді, спортсүйер қауым оны «Тимур және оның командасы» деп бүкіл Кеңес Одағының көгіне көтерді. Енді, міне, Қазақ елі өзінің даңқты ұлын дәріптеп, көзі тірісінде Футбол академиясын ашу арқылы құрмет көрсетіп отыр, деді Д.Омаров.
Бұл күні «Алаш» стадионының жасыл алаңында Қазақ спорт және туризм академиясының мұғалімдерінен құралған футбол командасы «Қайраттың» танымал ардагерлерімен достық кездесу өткізді.