Алғашқы арман
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары. Осы бір алтын ғасырдай қыдырлы кезең қазақ топырағына қайта айналып соқса деп арман етесің.
Апайтөс Әбдісаландар ринг шаршы алаңында мына бостан заманымызға жарасты өрлікпен ойқастап, боз кілемнің үстінде түйе балуан Әбілсейіттеріміз еркін елдің ерлерінше оқсата белдесіп, құстай ұшқан желаяқ Ғұсман мен Әминдеріміз жарыс жолында аққан жұлдыздай жарқырап, ғажайып волейболшыларымыз Заңғар, Октябрь, Жәнібектер керме тордың үстіне белден көтеріле қақырата соққан доптарының шатыр-шұтыры жер жаңғырықтырып, қазақ спортының даңқын дүйім дүниеге жаңа жетістіктермен күн аралатпай жайып жатса… деп бір сәт қиялдағанның несі айып. Әдебиетімізге жарқылдап жас Олжастар, Мұқағалилар, Мұхтар мен Әбіштер келсе…
Осы аталған және аталмаған ардақты есімдер қатарына қазақ футболының аңызы, Қазақстан футболының тұтас бір дәуірін жасаған, бір кездегі советтік футбол аламанындағы атақты сайыпқыран Тимур Сегізбаевты қоссақ, әсіресе спорт пен әдебиеттегі алтын ғасырымызды қайта оралту орайындағы бейкүнә арманымызға бола бізді ешкім асыра сөкпес деп үміттенеміз.
Ал, осы қазақ футболының аңызы Сегізбаев сұрапыл соғыс басталардан бес апта бұрын сегіз баланың ішінде ұлдардың үлкені болып Семейде дүниеге келгенін қазір біреу білер, біреу білмес. Әкесі Санжар сол кездегі Қырғыз автономиялы республикасы Жоғарғы сотын басқарған білікті заңгер, адал азамат. Соған қарамастан, 1938 жылы қуғын-сүргінге ұшырап, түрмеге қамалып, кейінірек ақталған. Осыдан-ақ Тимурдың балалық шағының аспаны бұлтсыз болмағанын, тұрмыс қиындықтарымен қаршадайынан-ақ бетпе-бет келгенін, әлдебір бюрократтың бәлденген бұла еркесі болып өспегенін аңғарғандаймыз. Футболдың болашақ жұлдызының буыны қатып, бұғанасы бекіген жері Есік болса, есейіп ержетуге бет алған шақта отбасы отағасының қызмет бабымен Алматыға қоныс аударады. Сегізбаевтар тұрған үйдің ту сыртында – физкультура институты. Қол созым жерде 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағы. Сол кезде бұл саябақтың ішінде неше түрлі спорт алаңдары болады екен. Бір жағында баскетбол, бір жағында волейбол, одан әрі теннис алаңы. Осы арадағы ойындарды елмен бірге есті бала да құмарта тамашалайды. Бойы 2 метр 33 сантиметр феномен баскетболшы Уәйіс Ақтаевты, бабындағы волейболшы Октябрь Жарылғаповты, жас жүрегіне от тастаған басқа да майталман спортшыларды алғаш осында көреді. Сөйтіп, кейін елдің волейбол құрамасының белді ойыншысы болған Жәнібек Сауранбаевпен бірге алаңнан қияс кеткен допты заулай жүгіріп әкеліп беретін Тимурдың кеудесіне спортшы болсам деген асыл арман ұя салады.
Дереккөзі: Қоғанбек Аманжол, «Егемен Қазақстан»