Жаңалықтар

Ұрпақтары

  Бұрынғы Масаншы мен Жамбыл көшелерінің қиылысындағы үш қабатты әртістер үйінің бір бөлмелі пәтерінде қоңырқай ғана тірлік кешу – шоқтығы биік Шоқырдың қанағатшылдығы мен қарапайымдылығын қатар көрсетеді. Кең үй сұрап, біреудің алдына баруды ар санапты. Болмаса Дінмұхамед Қонаевтың есігін батыр Бәукең екеуінен басқа ешкім ресми рұқсатсыз, қақпай кіре алмаса керек. Айсұлу мен Ақтотыдай қос гүлі дүниеге келген тар ошақтың құны ол үшін басқадан қымбат тұрған. Ал, өзінің адал жары, халқымыздың тұңғыш кәсіби балерина-бишісі Нұрсұлу Тапалова туралы әңгіме өз алдына бөлек тақырып. Шоқырдың шаңырағы біреулер үшін көзге ілігер жасау-жиһазы жоқ, қаланың тар қуыс үйі болса, қазақтың сол кездегі зиялы қауымы үшін шат-шадыман қуанышқа толы небір базарлы күндердің куәсі. Шығыстың Заремасы атанған Нұрсұлуға ән арнаған сазгер де, Шоқырмен елінің шоқтығын көтерген ақын да, бәрі-бәрі осы бір бөлмелі пәтердің тұрақты қонақтары. “Біздің үйде Ғарифолла Құрманғалиевтің ән шырқағандары есімде қалыпты”, – дейді Тоты Шоқырқызы. Шоқырдың боксқа сіңірген еңбегін бағалаған бір кісі «Шоқа, мынаны мініп жүріңізші», – деп астындағы су жаңа мотоциклін ұсыныпты. Әлгі азаматтың қолынан кілтті алған бойда Шоқыр бұларға көзі жыпылықтап қарап тұрған қазақтың бір қарагөз жеткіншегін «әй, бала, бері кел» – деп, шақырып алыпты да, мотоциклдің кілтін ұстата салыпты. Әлгі жомарт мырза да, түсіне де кірмейтін мотоциклді олжалаған бала да есі шығып тұрғанда Шоқаң жаяу аяңдап ұзап кетіпті. Батыр Бәукең, Бауыржан Момышұлының өзі: «Екі-ақ нағыз қазақ бармыз, бірі – мен, бірі – Шоқыр», – дейді екен. Қылышынан қан тамған қырқыншы жылдары өз тегін «ов» емес, «ұлы» деп жаздырған екі қазақтың соғыстан соңғы жылдары бір-бірімен аралас-құралас өмір сүргенін білетіндер бар болу керек. Қызы Тотының айтуынша, екі «ұлы қазақ» Алматының көшесімен таяқтарын қолына алып келе жатқанда көшенің тентегі мен телісі тақ тұрады екен. «Екі жынды қазақ келе жатыр, сақ болыңдар», – деп бір-біріне белгі бермесе, олардың көшедегі бейбастақ, қулық-сұмдық әрекеттерін байқап қалатын екеуі тырағайлатып қуа жөнеледі екен әлгілерді. Кейін дүниеден озған соң да қазақтың екі ұлына қатар топырақ бұйырыпты. Шоқырдың жерлесі атану мақтаныштан бұрын жауапкершілік жүктесе керек. Оның әкесі Бөлтектің моласы қазіргі Жармыш ауылының тұсындағы таудың биігінде тұр. Бүгінде Маңғыстауда қазақ боксының атасы атанған жерлесіміздің есімін еске алуға арналған бокстан ересектер арасындағы халықаралық турнир ұйымдастыру ізгі дәстүрге айналып келеді. Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе кентіндегі үлкен спорт кешені де Шоқыр Бөлтекұлының атында. Атақ-беделге, дүние мүлікке Құдай берген таланты мен өнерін саудалай алмаған Шоқыр Бөлтекұлы мен оның зайыбы Нұрсұлу Тапалованың есімін ендігі ұрпақ қалай ұлықтаса да жеткіліксіз болмақ. Шоқ… Шоқыр Бөлтекұлы 1994 жылдың 6 сәуірінде 78 жасында дүниеден озды. Арада 4 жыл өткенде зайыбы Нұрсұлу Елубайқызы да қайтпас сапарға аттанды. Бірі қазақтың тұңғыш боксшысы, бірі тұңғыш кәсіби балет бишісі, бірі тұңғыш спорт шебері, бірі ҚазақССР-нің еңбек сіңірген әртісі, бірі Қазақ-ССР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «қос тұңғыш» туған елінің топырағында байыз тапты. Екеуі де Кеңсайда жерленген. Айтушылар, екеуінің де басына мардымды белгі қойылмаған дейді. Шіркін, Маңғыстаудың тасынан қиып тұрып, бір-бір құлпытас қадар ма еді бастарына?! Шоқырдың бір бөлмелі пәтерінің жиі меймандарының бірі – Мұқан Төлебаев. Аллаға шүкір, ол кісі бұл күнде Алматының бір көшесін иеленіп отыр. Шоқыр атамыздың ең болмаса табанын аудармай қоныстанған құтты шаңырағы «Әртістер үйіне» бір тақтайша ілу де ешкімнің ойына келмепті. Шоқыр атамыздың артында қалған қос қызы Айсұлу мен Ақтоты, жиендері Бауыржан мен Санжар аман болғай. Жақсының орны ғой. Қызы Тоты дәл қазір Маңғыстауда жүр. Бір жағы ағайын-туманы аралап, сәті келгенде әкесінің атындағы үлкен халықаралық бәсекеге қатыспақшы. Екіншіден – әкесінің аманатын орындау. Қызына жазған өсиетінде: «Бала күнімде балықшыларға еріп, Сұлтан Үпі деген әулиенің басына жиі баратынбыз. Қасиетті жер еді, аяғың жетсе, барып дұға қыларсың», – депті. «Әкем айтқан әулиенің басын көзімнің жасын тия алмай, жылап жүріп зияраттадым», – дейді ол. Шоқыр атамыз және бір өсиетінде: «Қызым, ақ бауырсаққа бір тою жазбаған өмір болды менікі. Әйтсе де, оған өкінбеймін, халыққа пайдалы бір іс тындыра алмадым, өкінішім сол…» – деп жазып кетіпті. Маңдайы тасқа талай тисе де қайтпаған Шоқыр өкініпті. Дереккөзі: Әнуарбек БИМАҒАМБЕТ, Caspinfo.kz     
12.04.2013 05:36 8909

 


Бұрынғы Масаншы мен Жамбыл көшелерінің қиылысындағы үш қабатты әртістер үйінің бір бөлмелі пәтерінде қоңырқай ғана тірлік кешу – шоқтығы биік Шоқырдың қанағатшылдығы мен қарапайымдылығын қатар көрсетеді. Кең үй сұрап, біреудің алдына баруды ар санапты. Болмаса Дінмұхамед Қонаевтың есігін батыр Бәукең екеуінен басқа ешкім ресми рұқсатсыз, қақпай кіре алмаса керек. Айсұлу мен Ақтотыдай қос гүлі дүниеге келген тар ошақтың құны ол үшін басқадан қымбат тұрған. Ал, өзінің адал жары, халқымыздың тұңғыш кәсіби балерина-бишісі Нұрсұлу Тапалова туралы әңгіме өз алдына бөлек тақырып. Шоқырдың шаңырағы біреулер үшін көзге ілігер жасау-жиһазы жоқ, қаланың тар қуыс үйі болса, қазақтың сол кездегі зиялы қауымы үшін шат-шадыман қуанышқа толы небір базарлы күндердің куәсі. Шығыстың Заремасы атанған Нұрсұлуға ән арнаған сазгер де, Шоқырмен елінің шоқтығын көтерген ақын да, бәрі-бәрі осы бір бөлмелі пәтердің тұрақты қонақтары. “Біздің үйде Ғарифолла Құрманғалиевтің ән шырқағандары есімде қалыпты”, – дейді Тоты Шоқырқызы. Шоқырдың боксқа сіңірген еңбегін бағалаған бір кісі «Шоқа, мынаны мініп жүріңізші», – деп астындағы су жаңа мотоциклін ұсыныпты. Әлгі азаматтың қолынан кілтті алған бойда Шоқыр бұларға көзі жыпылықтап қарап тұрған қазақтың бір қарагөз жеткіншегін «әй, бала, бері кел» – деп, шақырып алыпты да, мотоциклдің кілтін ұстата салыпты. Әлгі жомарт мырза да, түсіне де кірмейтін мотоциклді олжалаған бала да есі шығып тұрғанда Шоқаң жаяу аяңдап ұзап кетіпті.

Батыр Бәукең, Бауыржан Момышұлының өзі: «Екі-ақ нағыз қазақ бармыз, бірі – мен, бірі – Шоқыр», – дейді екен. Қылышынан қан тамған қырқыншы жылдары өз тегін «ов» емес, «ұлы» деп жаздырған екі қазақтың соғыстан соңғы жылдары бір-бірімен аралас-құралас өмір сүргенін білетіндер бар болу керек. Қызы Тотының айтуынша, екі «ұлы қазақ» Алматының көшесімен таяқтарын қолына алып келе жатқанда көшенің тентегі мен телісі тақ тұрады екен. «Екі жынды қазақ келе жатыр, сақ болыңдар», – деп бір-біріне белгі бермесе, олардың көшедегі бейбастақ, қулық-сұмдық әрекеттерін байқап қалатын екеуі тырағайлатып қуа жөнеледі екен әлгілерді. Кейін дүниеден озған соң да қазақтың екі ұлына қатар топырақ бұйырыпты.
Шоқырдың жерлесі атану мақтаныштан бұрын жауапкершілік жүктесе керек. Оның әкесі Бөлтектің моласы қазіргі Жармыш ауылының тұсындағы таудың биігінде тұр. Бүгінде Маңғыстауда қазақ боксының атасы атанған жерлесіміздің есімін еске алуға арналған бокстан ересектер арасындағы халықаралық турнир ұйымдастыру ізгі дәстүрге айналып келеді. Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе кентіндегі үлкен спорт кешені де Шоқыр Бөлтекұлының атында. Атақ-беделге, дүние мүлікке Құдай берген таланты мен өнерін саудалай алмаған Шоқыр Бөлтекұлы мен оның зайыбы Нұрсұлу Тапалованың есімін ендігі ұрпақ қалай ұлықтаса да жеткіліксіз болмақ.
Шоқ… Шоқыр Бөлтекұлы 1994 жылдың 6 сәуірінде 78 жасында дүниеден озды. Арада 4 жыл өткенде зайыбы Нұрсұлу Елубайқызы да қайтпас сапарға аттанды. Бірі қазақтың тұңғыш боксшысы, бірі тұңғыш кәсіби балет бишісі, бірі тұңғыш спорт шебері, бірі ҚазақССР-нің еңбек сіңірген әртісі, бірі Қазақ-ССР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «қос тұңғыш» туған елінің топырағында байыз тапты. Екеуі де Кеңсайда жерленген. Айтушылар, екеуінің де басына мардымды белгі қойылмаған дейді. Шіркін, Маңғыстаудың тасынан қиып тұрып, бір-бір құлпытас қадар ма еді бастарына?! Шоқырдың бір бөлмелі пәтерінің жиі меймандарының бірі – Мұқан Төлебаев. Аллаға шүкір, ол кісі бұл күнде Алматының бір көшесін иеленіп отыр. Шоқыр атамыздың ең болмаса табанын аудармай қоныстанған құтты шаңырағы «Әртістер үйіне» бір тақтайша ілу де ешкімнің ойына келмепті.

Шоқыр атамыздың артында қалған қос қызы Айсұлу мен Ақтоты, жиендері Бауыржан мен Санжар аман болғай. Жақсының орны ғой. Қызы Тоты дәл қазір Маңғыстауда жүр. Бір жағы ағайын-туманы аралап, сәті келгенде әкесінің атындағы үлкен халықаралық бәсекеге қатыспақшы. Екіншіден – әкесінің аманатын орындау. Қызына жазған өсиетінде: «Бала күнімде балықшыларға еріп, Сұлтан Үпі деген әулиенің басына жиі баратынбыз. Қасиетті жер еді, аяғың жетсе, барып дұға қыларсың», – депті. «Әкем айтқан әулиенің басын көзімнің жасын тия алмай, жылап жүріп зияраттадым», – дейді ол. Шоқыр атамыз және бір өсиетінде: «Қызым, ақ бауырсаққа бір тою жазбаған өмір болды менікі. Әйтсе де, оған өкінбеймін, халыққа пайдалы бір іс тындыра алмадым, өкінішім сол…» – деп жазып кетіпті. Маңдайы тасқа талай тисе де қайтпаған Шоқыр өкініпті.

Дереккөзі: Әнуарбек БИМАҒАМБЕТ, Caspinfo.kz 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға