Нұрмаханов пен Абрамов
Нұрмахановтың шаршы алаңдағы жеңісті жолы осылай басталды. Бойы қарағайдай, қара торы жігіт аз уақытта Қазақстанда топ жарып, 1956 жылғы КСРО халықтарының бірінші спартакиадасында республика намысын қорғады. Осы сында жиырма жастағы Әбдісалан Нұрмаханов литвалық боксшы, Еуропаның екі, КСРО-ның алты мәрте чемпионы Альгидрис Шоцикастан «ұтылды». Шоцикастың дүркіреп тұрған кезі. Альгидрис Мельбурн олимпиадасының жүлдегері, Еуропаның бірнеше дүркін чемпионы, орыстың «жанды танк» атанған алыбы Николай Королевтің өзін жеңіп, әлемдегі ең күшті боксшының бірі болып тұрған. Көпшілік ойлағандай, Шоцикас Нұрмахановты айқын басымдылықпен ұта алған жоқ. Бокс қолғабын дұрыстап кигеніне екі жыл болған Әбдісалан атақты қарсыласымен аянбай, шегінбей айқасты. Төрешілер жақ-жақ болып, жеңісті кімге берерін білмей тартысты. Ақырында 3:2 есебімен Шоцикастың қолын көтерді.
Келесі, 1957 жылы Нұрмаханов КСРО чемпионатының финалынан бір-ақ шықты. Финалдағы қарсыласы – Одақ пен Еуропаның әлденеше дүркін чемпионы Андрей Абрамов. Салмағы 100 келіден асады. Әбдісалан оның қасында жіңішкелеу. Абрамовтан 20 келідей жеңіл. Есесіне Әбдісалан бойшаң, қолы ұзын. Қимылы ширақ. Бұл жолы тәжірибелі Абрамовтың жолы болды. Жиырма бір жастағы Нұрмаханов қазақ спортшыларынан бірінші болып КСРО чемпионатының күміс медалін жеңіп алды. Мұндай биікке нағыз дарындар ғана жете алады. Бокспен шындап шұғылданғанына үш-ақ жыл толғанда КСРО-дай алып империяның күміс жүлдегері атану Нұрмахановтай саңлақтың ғана қолынан келді.
Арада бес жыл өткенде Киевте Нұрмаханов пен Абрамовтың жолы тағы да түйісті. КСРО чемпионатының ақтық айқасы. Әбдісалан осы жекпе-жекте нағыз батырға тән мінез көрсетті. Үш раунд бойы Абрамовқа ес жиғызған жоқ. Қарсыласын екі мәрте нокдаунға түсірсе де, төрешілер әділдікті белден басып, жеңісті Андрейге алып береді. Рефери Абрамовтың қолын көтерген сәтте Нұрмахановтың бапкері Дәулеткерей Муллаев қиянатқа шыдай алмай, мыңдаған адамның көз алдында жылап жібереді. Ол кезде қазақ секілді кішкентай ұлттың батырлары әділетсіздікті көп көрді. Бірақ біздің бауырлар жасыған жоқ. Ел мүддесі, ұлт намысы үшін бастарын бәйгеге тікті. Одақтың алтын жүлдесі бұйырмаса да, алтыннан да салмақты, алтыннан да қадірлі сый – қалың қазақтың сый-құрметіне бөленді. Сондай даңқты батырларымыздың бірі әрі бірегейі Әбдісалан Нұрмаханов болатын.
Авторы: Темірхан Досмұхамбетов.