60-жылдар
Жер түбіндегі Америка Құрама Штаттарына жарыс басталардан екі апта бұрын бару оңай емес болатын. Қазақстанның экономикалық жағдайы қазіргідей болса, ештеңе емес. Спорт министрлігінің қаржысы қазіргіден бірнеше есе аз. Оның үстіне мұндай қадамның жауапкершілігінің өзі мың батпан. Нұрмахановтың орнында басқа бапкер болса, дәл осылай тәуекел жасай алар ма еді, кім білсін. Мен сол тұста республиканың Спорт министрі ретінде осы істің басы-қасында болдым. Боксшыларға қолдан келген жағдайдың бәрін жасадық.
Қазақ боксшыларының сол жеңісі басқа спорт түрлеріндегі жаттықтырушылар мен спортшыларға ой салды. «Боксшылар жеткен биікке біз неге ұмтылмаймыз?» деген сауал Атланта олимпиадасынан кейін талай адамды мазалап, ширықтырғаны, қамшылағаны анық. Атланта олимпиадасынан кейін елдің түкпір-түкпіріндегі бокс үйірмелері балаларға лық толды. Ең бастысы, Нұрмаханов пен Махмұтовтың бокс шыңына бастаған жеңіс жолы сәтімен жалғасты. Біздің былғары қолғап шеберлері Атланта, Сидней, Афины, Бейжің олимпиадаларында алтын медальдарға қол жеткізді.
Нұрмахановтың бапкерлік білігі бір күнде қалыптасқан жоқ. ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарында басталған ізденісі мол, бейнетті жол 1997 жылға дейін жалғасты. Шәкірті Болат Сағындықов КСРО-ның жастар арасындағы чемпионы болғаннан кейін Әбекеңнен тәлім алған Борис Хрянин КСРО халықтары спартакиадасының қола жүлдегері, жастар арасында Одақ чемпионы атанды. Бұлардан басқа Валентин Юнусов, Бақытжан Аманбаев, Марат Бекежанов, Владимир Чипурин секілді шәкірттері Кеңес одағының ересектер және жастар біріншіліктерінде жүлдегерлер қатарынан көрінді. КСРО-ның студенттер чемпионатында Болат Нұрпейісов олжа салды. Нұрмаханов жаттықтырған Қазақ мемлекеттік университетінің боксшылар командасы 1982 жылы Красноярск қаласында болған КСРО университеттері арасындағы жарыста бас бәйгіні жеңіп алса, одақтық студенттер ойындарында екі рет үшінші жүлдеге иелік етті. Жүздеген жас Нұрмахановтан тәлім алды. Кезінде даңқты боксшыдан, майталман маманнан бокстың қыр-сырын үйренген жігіттер қазір елдің әр қиырында еңбек етіп жүр. Солардың қай-қайсысы да Әбекеңді ілтипатпен еске алатыны даусыз. Себебі Нұрмаханов – қазақ спортының тарихында із қалдырған айтулы тұлға. Оның қазақ спортына, қазақ жастарының болашағы үшін атқарған жұмыстары ауыз толтырып айтарлықтай.
Авторы: Темірхан Досмұхамбетов.