Октябрьдiң оғландары
Октябрь Жарылғапов өз саласының ұңғыл-шұңғылына дейiн бiлетiн өте бiлiктi бапкер болды. Ол үлкен спорттан қол үзбей тұрып-ақ талантты шәкiрттер шоғырын тәрбиелеп шығарды. Волейбол саңлағы жоғары оқу орындары мен мекемелердi аралап, осы спорт түрiне лайықты жiгiттердi жинаған. Команданы жарысқа дайындау барысында жаттығудың жаңа тәсiлдерiн енгiздi. Жiгiттердi аптасына 10 рет жаттығуға жинап, ойынның айла-тәсiлдерiн үйреттi. Нәтиже де көп күттiрген жоқ. Октябрьдiң оғландары қатысқан жарыстардың бәрiнде жоғары нәтиже көрсете бастады. Орыс, украин, грузин клубтарының бәрiн қирата жеңiп, КСРО чемпионы атанды. Осы атаққа қол жеткiзер тұста ұлы ұстаз көз жұмды. Алматыдағы қаралы жиында сөйлеген Октябрьдiң ең талантты шәкiрттерiнiң бiрi Жәнiбек Сауранбаев: «Бiз сенiң жолыңды жалғастырамыз, арманыңды орындаймыз, биыл КСРО бiрiншiлiгiнде қалай да жеңiп шығамыз. Ол жеңiсiмiздi сенiң жеңiсiң деп есептеймiз», — деп ант берiптi. Мұны естiген көпшiлiк «капитан ет қызумен айтып қойды-ау, егер уәдеде тұра алмаса ұят болатын болды ғой» деп уайымдаған. Оның үстiне «Буревестник» көш басындағы командадан әжептеуiр ұпайға қалып келе жатқан. Бiрақ антқа адалдық танытқан жiгiттер қалған ойындарда қарсыластарын түгел жеңiп, көптен күткен чемпиондық атаққа қол жеткiздi. Ұлы ұстаздың жолын оның iзбасары Ж.Сауранбаев жалғастырды. Аты «Дорожник» болып өзгерген команда КСРО-ны мойындатып қана қоймай, 1970-1971 жылдары қатарынан екi рет Еуропа кубогiн жеңiп алды. Бұл қазақ волейболының алтын ғасыры болатын. Команда сапында Ж.Сауранбаев, А.Сұлтанов, Е.Иманғалиев, М.Мәденов, ағайынды Шапрандар, З.Жәркешов, А.Портной, В.Кравченко, Г.Гончаров, М.Ахметов, Л.Щербаков сынды саңлақтар өнер көрсеттi. Ж.Сауранбаев КСРО құрамасы сапында Еуропа чемпионы атанса, В.Кравченко мен О.Антропов олимпиада ойындарының алтын медалiн жеңiп алды. Мiнеки, аты аталған азаматтардың бәрi — Жарылғапов мектебiнiң түлектерi, мыңнан тұлпар шығарып бәйгеге қосқан жүйрiктерi. «Буревестниктiң» ең мықты ойыншыларының бiрi болған Еңсебек Иманғалиев: «Бiздi спортқа баулып, жұмысқа үйреткен осы кiсi. Ұстазымызбен бiрге әлемнiң бiрнеше елiн аралап, жарыстарға қатыстық. Жан-жақты тәрбие бердi. Пәтер алуыма көмектестi, қаржылай көмегi аз болған жоқ. Октябрьдi бiз «әке» деп атайтынбыз. Ол бiздi «октябряттарым», — дейдi. Осы лебiзден-ақ Октябрьдiң қоластындағы спортшыларының қамқоршысы әрi әкесiндей болғанын аңғарамыз.