Алғашқы қарлығаш
Ел шежiресiнде аты алтын әрiппен жазылған даңқты спорт қайраткерi Октябрь Жарылғапов 1931 жылы Ташкент қаласына жақын маңдағы Янгиюль ауданында дүниеге келген. Әкесi Қыдырбай сауатты кiсi болған. Оңтүстiк Қазақстан облысындағы бұрынғы Бостандық ауданына көшiп келген соң поселкелiк кеңес атқару комитетiнiң төрағасы болып қызмет еткен. 1937 жылы жазықсыз жалаға ұшырап, қуғын-сүргiн көрген ол хабарсыз кеткен. Әкесiнен тiрiдей айырылған Октябрь бұл кезде алты жаста болатын. Осы қиын-қыстау кезеңде анасы Айнагүл Жарылғапова жетiм қалған алты перзентiмен Түркiстанға туыстарына көшiп келедi. Нағашылары жылы қабақ танытып, жиендерiнiң ешкiмнен кем болмай өсуiне көмектестi. Осылайша, болашақ волейбол шеберiнiң балалық шағы қасиеттi Түркiстан қаласында өттi. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ спортқа деген құлшынысы ерекше болған Октябрь 1949 жылы Алматы зоотехникалық малдәрiгерлiк институтына оқуға түстi. Жоғары оқу орнында бiлiм алып жүрген кезiнде спортпен айналысуға шындап ден қояды. Әсiресе, волейболға деген қызығушылығы өте жоғары едi. Күндiз-түнi жаттығу залынан шықпаған түркiстандық тастүлек жоғары оқу орындары арасындағы жарыстарға қатысып, мамандардың көзiне түседi. Алдымен «Авангард», ал, 1956 жылы жаңадан құрылған «Буревестник» командасына қабылданады. 1955-1958 жылдары республика чемпионы атанды, Қазақстан құрама командасы мен «Буревестниктiң» жаттықтырушысы, капитаны әрi белдi ойыншысы болды. Октябрь бастаған оғландар алғашқыда төменгi лигада ойнағанымен, болашағы бар команда екенiн бiрден аңғартты. Одақ көлемiндегi байрақты бәсекелерде ерекше өнерiмен көзге түскен команда капитаны О.Жарылғапов 1961 жылы ең үздiк 24 волейболшының қатарына енiп, КСРО-ның спорт шеберi атағын алады. Команда мүшесi әрi бапкерi бола жүрiп, ерен еңбегiмен танылған ол талай талантты жастарды спортқа баулыды. 1962 жылы Қазақ мемлекеттiк физкультура институтын сырттай бiтiрiп, жоғары бiлiмдi бапкер атанды. Өзi тәмамдаған оқу орнында оқытушы, «Буревестник» командасында бапкер әрi капитан мiндетiн атқарған саңлақтың шәкiрттерi 1965 жылы кiл мықтылар өнер көрсететiн «А» тобында ойнап, 8-орынға ие болады. Волейбол сардары 1962 жылы Қазақ КСР-нiң, ал 1965 жылы КСРО-ның еңбек сiңiрген жаттықтырушысы атағына ие болды. Бұл кезеңде Октябрьдiң «Буревестнигi» одақтың «менмiн» деген командаларын мойындата бастады. Алматылықтар 1966 жылы төртiншi, 1967 жылы үшiншi, ал, 1968 жылы күмiс жүлдегер атанды. Жыл өткен сайын жоғары өрлеген команда мақсатына жетiп, 1969 жылы КСРО чемпионы атанып, абыройды аспандатты. Бiрақ даңқты бапкерге шәкiрттерiнiң жеңiсiн көру жазбапты. Сол жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесi жанындағы физкультура мен спорт жөнiндегi комитет төрағасының орынбасары әрi «Буревестниктiң» бас бапкерi қызметiнде жүрген Октябрь Жарылғапов 1969 жылы 11 мамырда ауыр науқастан қайтыс болды.