Қақпашы атануы
Бала Құралбектің қақпашылыққа ден қоюы да қызық. Өзімен бірге доп қуған балалардан жасы кіші болмағанда, ол мүмкін қолғап кимес те еді. Команданың ең кенжесі Құралбекті үлкендер жағы алдап-сулап қақпаға тұрғызып қояды екен. Осылайша, ол Шымкент қаласындағы №26 Жамбыл атындағы орта мектептiң негізгі қақпашысына айналды. Мектепаралық турнирлерде жүлдегерлер қатарынан көріне бастайды. Оның өнерін шымкенттiк «Металлург» футбол клубының бас бапкерi Виктор Плясунов сырттай бақылап жүріпті. Онжылдықты бiтiрерде Плясунов Құралбекті өз командасына шақырады. Бапкердің көмегiмен ол бас-аяғы бiр-екi жылда нағыз қақпашы болып қалыптасты. Айтпақшы, Құралбектің «Қайрат» құрамында ойнауына әкесі Досжанның айтқан бір ауыз кесімді сөзі әсер етіпті.
Құралбек Ордабаев: «1968 жылы, яғни 18 жасымда «Металлург» командасының қосалқы құрамына қабылдандым. Негізгі команданың сапына өту үшін менің екі-үш жыл уақытым кетті. Ал команданың негізгі қақпашысы болу үшін тұп-тура бір жылымды сарп еттім. 1970 жылы қараша айында маған өзбекстандық «Пахтакор» футбол клубы «құда түстi». Осыны естiген «қайраттықтар» iле-шала менi өз сапына алғысы келiптi. Сөйтiп, 1971 жылы алматылық даңқты команданың сапына ауыстым. Шынымды айтсам, алғашында «Пахтакорға» барғым келген еді. Өйткені, Ташкент елге жақын еді. Бiрақ әкем көнбедi. «Қазақтың баласы өзбек командасында ойнамайды», – деп шорт кесті. Міне, содан кейін таразының басы «Қайратқа» ауып түсті».
Халықаралық теміржолшылар одағының кубогын жеңіп алудың арқасында Құралбек есімді қазақ қақпашысын Қазақ жұрты ғана емес, бүкіл Одақ тани бастады. Сондай-ақ, «Қайрат» командасының барлық ойыншылары КСРО-ның «спорт шебері» деген атаққа қол жеткізді. Бірде КСРО құрамасы және атақты киевтік «Динамоның» шабуылшысы, «Алтын доп» иегері КСРО чемпионатында 211 гол соққан Олег Блохин Құралбек қақпашы туралы былай деген еді: «Менің «Спартак», «Торпедо» және тағы басқа командаларға соққан добым есімде. Бірақ, «Қайратқа» қай кезде гол соққанымды есіме түсіре алмай тұрмын. Қазақ командасының қақпашысы Ордабаев мықты болды, әсіресе ол пенальти қайтарудың «құдайы» еді».
Атақты Олег Блохин Құралбек қақпашы туралы әңгіменің бір парасын осылай қайырса, басқасына не дейсің! Олег Блохиннің пікірі бұл, Ордабаевтың мықтылығын мойындаған. Талантты талант танығанда, Құралбек Ордабаевты жанкүйерлер құрмет тұтатын қазақ жанкүйерлері де көп. Ол – өз заманының үздігі еді.
Дереккөзі: Алмас МАНАП, «Нұр Астана» газеті