Жұматов Ғалымбек. Шамкенов Аманжол
1952 жылы 15 қазанда Павлодар облысы, Ертіс ауданы, «Үлгілі» ұжымшарында туған. 1979 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірді. Павлодар облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») газетінде қызмет еткен. 1991-1995 жылдары республикалық «Халық кеңесі» газетінің Павлодар облысы бойынша меншікті тілшісі болды. Қазір Павлодар қалалық «Шаһар» газетінің редакторы. Алғашқы әңгімелері 1980 жылы «Арман қанатында» жинағында жарық көрген.
1984 жылы «Трактор қалай жасалады?» деген кітапшасы шықты. 1986 жылы «Ала көжек» повесі «Жалын» баспасының жабық бәйгесінде үшінші сыйлыққа ие болды. «Жалғас - жауынгердің баласы», «Кең аулалы үйденбіз» повестері 1992 жылы жинақ болып шыққан.
2003 жылы «Қазақстан - қара шаңырағым» атты республикалық мүшәйраның бірінші жүлдесін жеңіп алған. Балаларға арналған «Біз - 42 әріппіз» (2003) және «Жеңіс жалауын желбіреткен» (2005) жыр жинақтары жарық көрген. 2006 жылы «Ана өсиеті» эссе кітабы, «Сағыныш сазы» атты жыр жинағы, 2007 жылы «Кемелді елдің Кемері» атты деректі повесі, 2008 жылы «Мәшһүр тағлымы» публицистикалық кітабы, «Сары белең» повестер мен әңгімелер жинағы шыққан.
Аманжол Шамкенов 1927 жылы 20 шілдеде Павлодар облысы, Ертіс ауданында туған. 1950 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген соң 1950-1954 жылдары «Әдебиет және искусство» (қ. Жұлдыз») журналында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарды.
1954-1956 жж. Қазақстан Республикасының Мәдениет министірінің репертуар жөніндегі бас редакторы болды, ал 1956-1961 жж. Қазақ радиокомитетінде бас редактордың қызметін атқарды. 1961-1963 жж. «Жазушы» баспасында бөлім меңгерушісі, 1963-1970 жж. Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет, кейіннен «Жазушы» баспасының орынбасары, 1970-1979 жж. Қазақстан Жазушылар одағында сын секциясының меңгерушісі, хаттау бюросының директорлық міндет атқарды.
Шығармаларында өмір, уақыт, заман, бейбітшілік, бүгінгі замандас, адам тағдыры туралы толғайды.
А.Шамкеновтың тұңғыш жинағы «Студент сыры» деген атпен 1951 жылы шықты. 40 шақты кітабы жарық көрген. «Табамын сені», «Сен жалғыз емессің», «Уәкілдер», «Майор Майданов» атты актілі пьесалары сахнада қойылған. Көптеген ән мәтіндерінің авторы.
Пушкиннің, Лермонтовтың, Хикметтің, Есениннің, Исаковскийдің, Бажанның, Құлиевтің бірқатар өлеңдерін, Г.Тушканның «Жора» романын, Н.Хикметтің «Әпенде», М.Шатровтың «Большевиктер», В.Розовтың «Өмір жолдары» атты пьесасын қазақ тіліне аударды. Оның аудармасында немістің ұлы ақыны Г.Гейненің лирикасы жеке кітап болып шықты.
Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. Халықаралық Дж. Неру атындағы сыйлықтың лауреаты. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Дереккөзі: Павлодар облысы әкімдігі