Өңір өндірісінің әлі пайдаланылмаған резервтері
Солтүстік Қазақстан облысының басқару органдарының қызметі мемлекеттік және салалық бағдардамаларды, экономика саласындағы стратегиялық және басқа да бағдарламалық құжаттарды сөзсіз орындауды қамтамасыз ете алатындай экономикалық саясатты қалыптастыруға және жүзеге асыруға бағытталған. Бұл орайда Мемлекет басшысының 2005 жылғы 5 ақпандағы "Қазақстан экономикалық, әлеуметтік жөне саяси жедел жаңару жолында", 2006 жылғы 1 наурыздағы "Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы", "Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында" Жолдауларында белгіленген міндеттер ерекше басшылыққа алынады.
Облыс әкімі Тайыр Мансұров өзінің берген сұхбаттарының бірінде Солтүстік Қазақстанның экономикалық әлеуеті мол екендігін атап көрсеткен болатын. Дамыға аграрлық кешен, ірі өнеркәсіп, білікті мамандар, өңірдің географиялық орналасуы оның құрамдас бөліктері болып саналады. "Өкінішке орай, осы әлеует толығынан пайдаланылмай отыр, — дейді Тайыр Аймұхаметұлы. — Міне, сондықтан да 2004 жылы біз жағдайды түзетудің шараларын қолдандық".
Облыс басшылығы қолданған күш-жігер өңірдің экономикалық дамуына көп ұзамай-ақ әсер етті: ол тұрақты да серпінді даму арнасына түсті. Кез келген аумақтың алдындағы ағымдағы және алда түрған әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуде жергілікті бюджеттің маңызды орын алатыны белгілі. Міне, қараңыз: егер 2003 жылы Солтүстік Қазақстан облысы бюджетінің мөлшері 16 миллиард теңгеге жуық болса, 2004 жылы ол — 24 миллиард, 2005 жылы — 30 миллиард теңгеден астам болып, оның алдындағы жылдағыдан 25 пайыз өсті, ал 2006 жылы — 39 миллиард теңгеге жетті немесе 2005 жылғыдан 30 пайыз артық болды.
Өңірді мемлекеттен қаржылай жәрдем алатындардың қатарынан шығару мақсатында оның басшылығы өндірісті салық салу базасын кеңейтуге мүмкіндік беретіндей етіп дамыту міндетін қойып отыр. Ол үшін өндірістің әлі пайдаланылмаған резервтері іске қосылуда, атқарушы және салық органдарының жұмыстары жетілдірілуде. Егер 2003 жылы алғашқы бекітілген бюджетке қосымша 578 миллион теңге кіріс алынса, бір жыл өткеннен кейін бюджеттің кіріс бөлігі 1,6 миллиард теңгеге, 2005 жылы — 1,8 миллиард, ал 2006 жылы — 2,3 миллиард теңгеге артық орындалды.
2003-2005 жылдары өңірлік жалпы өнім (ӨЖӨ) көлемі 1,6 есе өсіп, қолданыстағы бағамен есептегенде 164,0 миллиард теңгені құрады. Тұрғындардың жан басына шаққанда өңірде жалпы өнім 2003 жылғы 153,5 мың теңгеден — 2005 жылы 246,8 мың теңгеге жетті.
Өңірлік жалпы өнім құрылымында 2005 жылы ауыл шаруашылығының үлес салмағы басым — 36,2 пайыз және өнеркәсіп — 11,8 пайыз. 2003-2005 жылдары өңірлік жалпы өнім көлемінде сауданың үлес салмағы едәуір өсіп, 14,8-ден 17,8 пайызға, құрылыста — 1,8-ден 3,2 пайызға және қызметтің басқа да түрлерінде 14,8-ден 20,2 пайызға жетті.