Солтүстік Қазақстанның аумағында ислам – ежелгі дін
2006 жылдың маусымында Алматыда өткізілген ОБСЕ-нің "Мәдениетаралық, дінаралық және ұлтаралық түсіністік" деген тақырыптағы кеңесте сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: "Қазіргі әлемде тұрақтылықтың, әсіресе, жаһандану жаңа сынақтар мен қатерлердің пайда болу жағдайындағы тұрақтылықтың ең басты бір факторы ретінде толеранттылықтың маңызы әлдеқайда өскенін мойындауға тиіспіз. Сондықтан діндердің келісімін, этностық топтардың бейбіт қатар өмір сүруін қамтамасыз ету ұзақ мерзімді қауіпсіздіктің осы маңызды басымдығы болып табылады" деп атап көрсетті. Мемлекет басшысы Қазақстанда 46 діни конфессияға жататын 130-дан астам ұлт тұратынын еске салып өтті. Төзімділіктің нақ өзі (діндері мен сенімдері өзге адамдарға төзімділікпен қарауды көздейтін) Қазақстанда татулықты, тұрақтылық пен экономикалық прогресті қамтамасыз етудің шешуші факторы; ол саяси мәдениеттің нормасы ғана емес, сонымен бірге мемлекеттің өзекті қағидаттарының бірі болып табылады.
Солтүстік Қазақстанның аумағында ислам – ежелгі дін. Алайда Патша үкіметінің басқыншылығы кезінде мұнда саны көп православиелік қауым пайда болды, ал сталиндік қуғын-сүргін жылдарында католиктер, иудейлер, буддашылар, протестанттар және басқа да діни сенім өкілдері өлке аумағына күштеп көшірілді. Қонақжай Қазақстан олардың екінші Отанына, басқа діндер мен сенімдердің адамдарына игі көзқарас әрбір конфессия мүшелерінің қалыпты нормасына айналды.
Қазақстан мемлекеттік егемендігін жария еткеннен кейін облыс тұрғындары, басқа да азаматтар сияқты, өздерінің діни сезімдерін жасырудан тыйылды. Ғибадат етушілер мешіттер мен шіркеулерге ашық баратын болды, діндарлар қоғамдық өмірге белсене араласты.
Бұрын мүмкін болмаған Меккеге қажылық, Иерусалимге сапар, шетелдік діндестерімен қарым-қатынас қазір үйреншікті көрініске айналып отыр. Мәселен, 2005 жылғы шілдеде ағылшынның ислам ұйымдарының шақыруымен қазақ мұсылмандарының делегациясы Алматыдан Лондонға аттанды, олардың арасында Солтүстік Қазақстанның тұрғындары да болды. Сапардың мақсаты – Ұлыбританияның мұсылман ұйымдарымен мәдени байланысты дамыту, мемлекеттік және діни институттардың өзара әрекеттерінің тәжірибесімен танысу. Қазақстан делегациясы Құрама Корольдігіндегі мұсылман қауымдарының бірінің съезіне қатысты. Қазіргі саяси өмірге белсене қатысатын мұсылман ұйымдарының саны жөнінен Ұлыбританияға теңдес жоқ. Саясаткерлер мен дін қайраткерлері исламды реформалау қажеттігі туралы айтып жатқан кезде бүл ел мұсылман мәдениеті Еуропа демократиясының жетістіктерімен араласқан "жаңа ислам толқыны" бола алады.