Тойға да салық салынады
Сенімді дерек көздеріне қарағанда дүйсенбі күні қолданыстағы «Қазақстан Республикасы неке және отбасы туралы» Заңына толықтырулар мен өзгерістер енгізілетін көрінеді. Алдын ала алынған мәліметтерге сенер болсақ, жаңа баптардың бірқатары еліміздің тұрғындары үшін мүлде таңсық. Өйткені өмірдің өзі мәжбүр етіп отырған жағдайлар қатарында қазақтардың ұлан-асыр той өткізу рәсімдері де бар.
Мәселен, 9 баптың 7-бөлімі бойынша ендігі жерде құда түсіп, қыз ұзатудан бастап дүрілдетіп үйлену тойын өткізгеніңіз үшін мемлекетке салық төлеуге тиістісіз. Жұмсалатын қаражат тек касса арқылы есептеліп, тойдан түскен табыстың 15 пайызын салық органдарына тапсыруға міндеттісіз. Әрине, «мұны кім бақылайды, қадағалау қалай жүргізіледі?» деген сауал әркімді де мазалайды. Бұл жөнінде түсініктеме берген Қаржы полициясының мамандары: «Рас, той-томалақ көбейді. Бұл ендігі жерде «Шілдехана», «Бесіктой» «Тілашар», «Сүндет той», «Мүшел той», «Сырға салу», «Күміс той», «Алтын той», «Гауһар той» және мерейтойларға да ортақ заң. Мұның барлығы құзырлы органдардың назарынан тыс қалмайды. Тойға жұмсалған шығын көлемі 1 миллион теңгеден асқан жағдайда, той иесі қосымша құн салығын төлейді. «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелеріне бірқатар жеңілдіктер қарастырылған» дейді.
Сонымен қатар «Неке және отбасы туралы» заңға некеге тұру туралы жаңа баптар енгізіледі. Айталық, жасы 20-ға толмай тұрмысқа шыққан қыздар зейнет жасына дейін барлық салықтан босатылады. Ал 25 жасқа дейін үйленбеген жігіттерге бойдақ салығы ретінде жалақының 10 пайызын төлеу міндеттеледі. Айтпақшы, той-томалағын шетелдерде өткізген азаматтарға айыппұл төлеу қарастырылған. Сырттан әншілер шақыруға тыйым салынады.
Жарты ғасыр тату-тәтті тұрған шаңырақтардың алтын және гауһар тойларын өткізуді мемлекет өз мойнына алады және сол тойларға қатысатын атақты әншілер тегін өнер көрсетуге міндетті.