Жаңалықтар

Орта Азия республикалары аумағын межелеу

  Соңғы редакциялау: 24 қазан 2012 жыл ОРТА АЗИЯ РЕСПУБЛИКАЛАРЫ АУМАҒЫН МЕЖЕЛЕУ – Ресей отаршылары жойған ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту барысында Орта Азия республикаларының жерлерін белгілеу үшін 1917 – 25 ж. атқарылған іс-шаралардың нәтижесі. Ақпан революциясынан кейін, бұрынғы патша өкіметіне бағынышты болған Орта Азия елдерінің аумақтық тұтастығын қалпына келтіру мәселесі алдыңғы орынға шықты. Соның ішінде қазақ халқын жер-суымен бір құрылымға біріктіру мақсаты 1917 ж. желтоқсанда өткен Екінші жалпықазақ съезінде көтеріліп, оған қатысушылар: “Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқанд обл-ндағы һәм Алтай губерниясындағы іргелес болыстардың жері бірыңғай, іргелі халқы қазақ-қырғыздың тұрмысы, тілі бір болғандықтан өз алдына ұлттық-жерлі автономия құруға” қаулы алды. Оны жүзеге асыру үшін Алаш үкіметін құрды. Алайда Алаш автономиясын Кеңес үкіметі мойындағысы келмеді. 1918 ж. ақпанда құрамына оңт-тегі қазақ аймақтары кіретін Түркістан автономиясы (Қоқан) да большевиктердің қарулы күштерінің арқасында құлатылды. Оның орнына 1918 ж. 1 мамырда РКСФР құрамындағы Түркістан Автономиялық Кеңестік Республикасы дүниеге келді. Дегенмен қазақ халқын Кеңес өкіметі жағына шығару мақсатында, В.И. Ленин 1919 жылдың 10 шілдесінде “Қырғыз (Қазақ) өлкесін басқаратын революциялық комитет туралы уақытша ережеге” қол қойды. К-т мүшелігіне алғашында А.Байтұрсынов, Ә.Жангелдин, Б.Қаратаев, т.б. еніп, әкімш. орт. Орынборда орналасты. 1919 ж. 27 тамызда Сібір өлкесін басқару үшін Сібір Төңкеріс к-ті құрылып, әкімш. орт. болып Омбы қ. белгіленді. Орта жүз қазақтары қоныстанған Сарыарқа атырабы, атап айтқанда, бұрынғы Қостанай у. түгелдей Челябі губ-на қосылып, ал Ақмола обл. Омбы губ. атанып, оның құрамына осы облыстан Көкшетау, Атбасар, Петропавл және Омбы у. де енді. Павлодар, Қарқаралы, Аягөз, Зайсан және Өскемен у. Сибревкомның құзырына көшті. Қазақ зиялыларының ұсынысы ескерілмей, 1920 ж. 4 тамызда “Сібірді аудандарға бөлу” деп аталатын қаулы қабылданды. Қаулы бойынша Павлодар у-нің солт-ндегі 10 болыс, 12 тұзды көл мен бірнеше аудан толық Омбы у-не өтіп, Павлодар қ-ның төңірегіндегі елді мекендер тұз өндірілетін көлдері мен ормандарын қоса Славгород у-не қосылды. Осы мәселеге байланысты басталған екі жақты талас-тартысты шешу үшін 1920 ж. тамызда Ленин бұрынғы Дала өлкесінің батысы мен шығысындағы даулы аймақты бөлшектемей, жаңадан құрылатын Қазақ автон. республикасына тұтас қалпында қосуға нұсқау берді. 1920 ж. 26 тамызда қабылданған “Қырғыз (қазақ) Автономиялы Социалистік Кеңес Республикасын құру туралы” Декрет бойынша автон. аумағы Семей, Ақмола, Торғай, Орал облыстары, Закаспийский обл-ндағы Маңғыстау у., Красноводск у-нің Адай болыстары, Астрахань губ-ның Синемор болысы, Бөкей ордасы мен Примор округтеріне тиіп жатқан бұрынғы қазыналық алым алу (оброк) жерлерінің аумағы, Жағалық жолақ пен Сафрон, Ганюшин, Николай болыстарының бұрынғы әкімш. шектерімен белгіленеді. Бүкілресейлік ОАК-тың 1920 ж. 22 қыркүйектегі декретімен жаңадан ұйымдастырылып жатқан Қазақ АКСР-іне қосымша Орынбор губ. мен Орынбор қ. беріліп, 4 – 12 қазанда Қазақстан Кеңестерінің бірінші құрылтай съезі болып өтті. Орынбор қ. – Қазақстанның алғашқы астанасы болды (1920 – 25). Қазақ АКСР-і мен Сибревком арасындағы шекараға байланысты даулы мәселе Қазақстан пайдасына шешіліп, 1922 ж. 26 қаңтарда ұлан байтақ жерлер толық, біржола берілді. 1921 ж. 11 сәуірде Орта Азияда ұлттық-аумақтық межелеу мәселесі көтерілді. Мұндағы халықтардың тарихи байланыстарының тереңдігі мен ұлттардың бір-бірімен аралас және тығыз орналасуы ұлттық республикалардың шекараларын анықтауда көптеген қиындықтар туғызды. Қазақ АКСР-інің басшылығы РК(б)П ОК-нен Жетісу мен Сырдария обл-ның қазақ аудандарын республика құрамына қосуды сұрап, өтініш білдірді. 1924 ж. 9 сәуірде РК(б)П ОК-нің саяси бюросы жергілікті ұйымдардың ұсыныстарын қарап, Орта Азияны ұлттық республикаларға бөлуге әзірлеу комиссиясын құрды. 1924 ж. 27 – 28 қыркүйекте РК(б)П Қазақ обл. к-тінің (Қазобком) 2-пленумы болды. Қазақ АКСР ОАК төрағасы С.Меңдешев пен РК(б)П ОК Орта Азиялық Бюросының (Средазбюро) мүшесі С.Қожановтың “Орта Азиядағы ұлттық межелеу туралы” баяндамалары тыңдалып, талқыланды. 1924 ж. 27 қазанда қабылданған КСРО Конституциясына сәйкес КСРО ОАК-нің екінші сессиясында Түркістан АКСР-інің құрамындағы қазақтар мекендеген жерлердің Қазақ АКСР-іне қосылғандығы туралы қаулысы бекітілді. Межелеу нәтижесінде Орта Азия аумағының 45,7%-ы, яғни 797,9 мың км2 жері Қазақ АКСР-іне қосылды (оның ішінде 112 мың км2 Қарақалпақ автон. окр. бар, ол 1930 ж. шілдеде РКСФР-ге берілгенге дейін Қазақстанның құрамында болды). Ал қазақ-өзбек шекарасы екі ел комиссия мүшелерінің көптеген талас-тартысынан кейін анықталып, ол Ташкент және Мырзашөл у. арқылы белгіленді. 1924 ж. 11 қазанда РК(б)П ОК Саяси бюросының кеңейтілген мәжілісінде межелеу мәселелері қаралып, Ташкентті Өзбекстанға беру туралы ұйғарым жасады. Қазақстанға Қазалы, Ақмешіт, Түркістан, Шымкент пен Әулиеата у-нің басым бөлігі, Самарқанд обл-ның Жизақ у-нің алты көшпелі болысы, Жетісу обл-ның Алматы, Жаркент, Лепсі, Қапал у., Пішпек у-нің Георгиевка, Шу, Қара-құныс болыстары қосылды. О. А. р. а. м. қорытындысы 15 қазанда Бүкілресейлік ОАК, 27 қазанда Бүкілодақтық ОАК сессияларында заң жүзінде бекітілді. Қазақтардың санының аздығын желеу етіп, 104 мың км2 жер (оның ішінде Орынбор қ. да бар) Ресей қарамағына алынды. Орынбордың Ресейге өтуіне байланысты Қазақстан астанасы Ақмешіт қ-на көшірілді. Онда 1925 ж. сәуірде Қазақ Республикасы Кеңестерінің 5 съезі өтті. Онда РК(б)П Қазақ өлкелік партия к-тінің 2-хатшысы С.Қожановтың ұсынысымен орысша жазылуында “Киргиз” деп бұрмаланып келген қазақ халқының тарихи атын өзіне қайтару және республиканың астанасын Қызылорда деп атау жөнінде шешім шығарылды. Сөйтіп, қазақ халқының тарихи шекарасы мен атауы қалпына келтірілді. 1991 ж. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін елдің тұтастығын сақтау мәселесі алдыңғы орынға шығып, көрші мемлекеттермен арадағы шекаралар заңдастырылды; қ. Мемлекеттік шекара. Б. Қойшыбаев Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 7-том
08.11.2012 12:09 15076

 

Соңғы редакциялау:

24 қазан 2012 жыл

ОРТА АЗИЯ РЕСПУБЛИКАЛАРЫ АУМАҒЫН МЕЖЕЛЕУ – Ресей отаршылары жойған ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту барысында Орта Азия республикаларының жерлерін белгілеу үшін 1917 – 25 ж. атқарылған іс-шаралардың нәтижесі. Ақпан революциясынан кейін, бұрынғы патша өкіметіне бағынышты болған Орта Азия елдерінің аумақтық тұтастығын қалпына келтіру мәселесі алдыңғы орынға шықты. Соның ішінде қазақ халқын жер-суымен бір құрылымға біріктіру мақсаты 1917 ж. желтоқсанда өткен Екінші жалпықазақ съезінде көтеріліп, оған қатысушылар: “Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқанд обл-ндағы һәм Алтай губерниясындағы іргелес болыстардың жері бірыңғай, іргелі халқы қазақ-қырғыздың тұрмысы, тілі бір болғандықтан өз алдына ұлттық-жерлі автономия құруға” қаулы алды. Оны жүзеге асыру үшін Алаш үкіметін құрды. Алайда Алаш автономиясын Кеңес үкіметі мойындағысы келмеді. 1918 ж. ақпанда құрамына оңт-тегі қазақ аймақтары кіретін Түркістан автономиясы (Қоқан) да большевиктердің қарулы күштерінің арқасында құлатылды. Оның орнына 1918 ж. 1 мамырда РКСФР құрамындағы Түркістан Автономиялық Кеңестік Республикасы дүниеге келді. Дегенмен қазақ халқын Кеңес өкіметі жағына шығару мақсатында, В.И. Ленин 1919 жылдың 10 шілдесінде “Қырғыз (Қазақ) өлкесін басқаратын революциялық комитет туралы уақытша ережеге” қол қойды. К-т мүшелігіне алғашында А.Байтұрсынов, Ә.Жангелдин, Б.Қаратаев, т.б. еніп, әкімш. орт. Орынборда орналасты. 1919 ж. 27 тамызда Сібір өлкесін басқару үшін Сібір Төңкеріс к-ті құрылып, әкімш. орт. болып Омбы қ. белгіленді. Орта жүз қазақтары қоныстанған Сарыарқа атырабы, атап айтқанда, бұрынғы Қостанай у. түгелдей Челябі губ-на қосылып, ал Ақмола обл. Омбы губ. атанып, оның құрамына осы облыстан Көкшетау, Атбасар, Петропавл және Омбы у. де енді. Павлодар, Қарқаралы, Аягөз, Зайсан және Өскемен у. Сибревкомның құзырына көшті. Қазақ зиялыларының ұсынысы ескерілмей, 1920 ж. 4 тамызда “Сібірді аудандарға бөлу” деп аталатын қаулы қабылданды. Қаулы бойынша Павлодар у-нің солт-ндегі 10 болыс, 12 тұзды көл мен бірнеше аудан толық Омбы у-не өтіп, Павлодар қ-ның төңірегіндегі елді мекендер тұз өндірілетін көлдері мен ормандарын қоса Славгород у-не қосылды. Осы мәселеге байланысты басталған екі жақты талас-тартысты шешу үшін 1920 ж. тамызда Ленин бұрынғы Дала өлкесінің батысы мен шығысындағы даулы аймақты бөлшектемей, жаңадан құрылатын Қазақ автон. республикасына тұтас қалпында қосуға нұсқау берді. 1920 ж. 26 тамызда қабылданған “Қырғыз (қазақ) Автономиялы Социалистік Кеңес Республикасын құру туралы” Декрет бойынша автон. аумағы Семей, Ақмола, Торғай, Орал облыстары, Закаспийский обл-ндағы Маңғыстау у., Красноводск у-нің Адай болыстары, Астрахань губ-ның Синемор болысы, Бөкей ордасы мен Примор округтеріне тиіп жатқан бұрынғы қазыналық алым алу (оброк) жерлерінің аумағы, Жағалық жолақ пен Сафрон, Ганюшин, Николай болыстарының бұрынғы әкімш. шектерімен белгіленеді. Бүкілресейлік ОАК-тың 1920 ж. 22 қыркүйектегі декретімен жаңадан ұйымдастырылып жатқан Қазақ АКСР-іне қосымша Орынбор губ. мен Орынбор қ. беріліп, 4 – 12 қазанда Қазақстан Кеңестерінің бірінші құрылтай съезі болып өтті. Орынбор қ. – Қазақстанның алғашқы астанасы болды (1920 – 25). Қазақ АКСР-і мен Сибревком арасындағы шекараға байланысты даулы мәселе Қазақстан пайдасына шешіліп, 1922 ж. 26 қаңтарда ұлан байтақ жерлер толық, біржола берілді. 1921 ж. 11 сәуірде Орта Азияда ұлттық-аумақтық межелеу мәселесі көтерілді. Мұндағы халықтардың тарихи байланыстарының тереңдігі мен ұлттардың бір-бірімен аралас және тығыз орналасуы ұлттық республикалардың шекараларын анықтауда көптеген қиындықтар туғызды. Қазақ АКСР-інің басшылығы РК(б)П ОК-нен Жетісу мен Сырдария обл-ның қазақ аудандарын республика құрамына қосуды сұрап, өтініш білдірді. 1924 ж. 9 сәуірде РК(б)П ОК-нің саяси бюросы жергілікті ұйымдардың ұсыныстарын қарап, Орта Азияны ұлттық республикаларға бөлуге әзірлеу комиссиясын құрды. 1924 ж. 27 – 28 қыркүйекте РК(б)П Қазақ обл. к-тінің (Қазобком) 2-пленумы болды. Қазақ АКСР ОАК төрағасы С.Меңдешев пен РК(б)П ОК Орта Азиялық Бюросының (Средазбюро) мүшесі С.Қожановтың “Орта Азиядағы ұлттық межелеу туралы” баяндамалары тыңдалып, талқыланды. 1924 ж. 27 қазанда қабылданған КСРО Конституциясына сәйкес КСРО ОАК-нің екінші сессиясында Түркістан АКСР-інің құрамындағы қазақтар мекендеген жерлердің Қазақ АКСР-іне қосылғандығы туралы қаулысы бекітілді. Межелеу нәтижесінде Орта Азия аумағының 45,7%-ы, яғни 797,9 мың км2 жері Қазақ АКСР-іне қосылды (оның ішінде 112 мың км2 Қарақалпақ автон. окр. бар, ол 1930 ж. шілдеде РКСФР-ге берілгенге дейін Қазақстанның құрамында болды). Ал қазақ-өзбек шекарасы екі ел комиссия мүшелерінің көптеген талас-тартысынан кейін анықталып, ол Ташкент және Мырзашөл у. арқылы белгіленді. 1924 ж. 11 қазанда РК(б)П ОК Саяси бюросының кеңейтілген мәжілісінде межелеу мәселелері қаралып, Ташкентті Өзбекстанға беру туралы ұйғарым жасады. Қазақстанға Қазалы, Ақмешіт, Түркістан, Шымкент пен Әулиеата у-нің басым бөлігі, Самарқанд обл-ның Жизақ у-нің алты көшпелі болысы, Жетісу обл-ның Алматы, Жаркент, Лепсі, Қапал у., Пішпек у-нің Георгиевка, Шу, Қара-құныс болыстары қосылды. О. А. р. а. м. қорытындысы 15 қазанда Бүкілресейлік ОАК, 27 қазанда Бүкілодақтық ОАК сессияларында заң жүзінде бекітілді. Қазақтардың санының аздығын желеу етіп, 104 мың км2 жер (оның ішінде Орынбор қ. да бар) Ресей қарамағына алынды. Орынбордың Ресейге өтуіне байланысты Қазақстан астанасы Ақмешіт қ-на көшірілді. Онда 1925 ж. сәуірде Қазақ Республикасы Кеңестерінің 5 съезі өтті. Онда РК(б)П Қазақ өлкелік партия к-тінің 2-хатшысы С.Қожановтың ұсынысымен орысша жазылуында “Киргиз” деп бұрмаланып келген қазақ халқының тарихи атын өзіне қайтару және республиканың астанасын Қызылорда деп атау жөнінде шешім шығарылды. Сөйтіп, қазақ халқының тарихи шекарасы мен атауы қалпына келтірілді. 1991 ж. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін елдің тұтастығын сақтау мәселесі алдыңғы орынға шығып, көрші мемлекеттермен арадағы шекаралар заңдастырылды; қ. Мемлекеттік шекара.

Б. Қойшыбаев

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 7-том

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға