Аудандағы мәдени әлем
Аудан өзінің даму тарихында еңбек пен ерліктің, ынтымақ пен бірліктің ұлы куәсіндей талай жеңістерге қол жеткізді. 2000 жылғы Сыр бойындағы он ғасыр адамдарының бесеуі Шиеліліктер: М.Шоқай, Ы.Жақаев, Ш.Есенов, Н.Бекежанов, Ә.Тәжібаевтардың болуы тарлан саясаткер, даңғайыр диқан, зерделі ғалым, жезтаңдай әнші мен арқалы ақын тәрбиелеуде бұл өлкенің белгілі орын алатындығын дәлелдесе керек.
Аумақтық әкімшілік бөлінісі: 1 кент және 22 ауылдық округтерінен тұрады.
Аудандағы 40 елді – мекенде барлығы 77035 адам тұрады. Оның ішінде кент орталығында 30374 адам, ауылдық елді – мекендерде 46661 адам тұрады. Олар, 21 ұлт өкілінен құралған. Аудан тұрғындарының негізін 96 пайызы қазақ, 1,9 пайызын орыс, 1,1 пайызын кәріс ұлтының өкілдері құраса, қалған 1,0 пайызын басқа ұлт өкілдері құрайды.
Аудан бойынша 47 тарихи – сәулет ескерткіштері тізімге алынған. Олар археологиялық, архитектуралық, монументтік және тарихи ескерткіштер болып бөлінген. Ескерткіштердің көпшілігі Сарысу өзенінің бойында және Телікөл аумағына орналасқан.
Аудан халқына 1 аудандық мәдениет үйі, «Салтанат сарайы», 6 ауылдық мәдениет үйлері мен 19 ауылдық клубтар, 5 халықтық ұжымдар, 2 мәдени қызмет көрсету кешені, 32 мемлекеттік жүйедегі кітапханалар,2 музей мәдени қызмет етуде.
Ауданда 40 мектеп (оның 32 орта, 5 негізгі, 3 бастауыш) жұмыс істейді. Олардың 20 типтік жобада, қалғандары ыңғайластырылған ғимараттарда орналастырылған. 29 мектепке дейінгі мекеме (16-мемлекеттік комуналды қазыналық кәсіпорын, 1-мемлекеттік мекеме, 1-Қазатомөнеркәсіп-Демеуге қарасты ведмоствалық, 12-жеке), 3 мектептен тыс мекеме (Кешкі мектеп, әуез мектебі және оқушылар үйі) бар.
Ауданда 4 саяси партия өкілдіктері, 14 ҮЕҰ, 3 кәсіптік одақтар ұйымдары, 12 қоғамдық бірлестіктері, 25 мешіт және 4 дәстүрлі емес діни бірлестіктер бар.
Тұңғиық тарихында жеті әулие мәңгілік мекен тапқан киелі Шиелі жерінде әлеуметтік-экономикалық даму үрдістерімен қатар өзінің ел қадірлеген азаматтарын, өрісті өткенін жас ұрпақ жадына сіңіру жолында мәдени шаралар өткізіліп, келелі істер жүзеге асып келеді.
Атап айтсақ 2009 жылдың 16-17 қазанында Шиелі ауданының 80 жылдық, ақын-драматург Әбділдә Тәжібаевтың 100 жылдық және ақын Иманжүсіп Құтпанұлының 150 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтілді. Мерей тойдан шашу ретінде 4 жеңіл автокөлік мәдени - спорттық бәйге жеңімпаздарына табыс етілді.
Дереккөзі: Шиелі аудандық жастарының веб-порталы