Астанада қазақ халқының көне қолөнер көрмесі өтеді
Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызмеі хабарлады.
Бұл мәдени шараны аталған министрліктің Мәдениет комитетімен бірге «Алтын және бағалы металдар мемлекеттік мұражайы республикалық мекемесі, «Назараев орталғы» мемлекеттік мекемесі бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Мұражай көрермендері назарына қазақ халқының XVIII-XX ғасырлардағы зергерлік бұйымдары, бас киімдері, ер-тұрман, қару-жарақ және тұрмыстық бұйымдары ұсынылады. Зергерлік және сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының қай-қайсысы болмасын қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты бола отырып, қайнар бұлағы мыңжылдықтардан бастау алатын ұлттық мәдениетіміздің даму жолының айнасы іспеттес.
Халқымыздың ұлттық әшекейлері - зергерлік өнер шеберлерінің баға жетпес үздік туындылары болып табылады: оларды әсемдік үшін ғана емес, тылсым күштерден қорғану үшін де тағынатын. Әшекей бұйымдардың пішіні мен ою-өрнегі ғана емес, сонымен қатар материалы да айрықша мән-мағынаға ие. Материалдар мен оны көмкеруші тастарды таңдағанда олардың табиғи әсемдігімен қатар емдік қасиеттеріне баса назар аударылған.
Бабаларымыздың ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қала отырып, бізге жеткен бай мәдени мұрасы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бастамасымен жүзеге асырылып отырған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында зерттеліп, қайта жаңғыртылуда.
Көрме 28 наурыз бен 5 мамыр аралығында жұмыс істейді.
ҚазАқпарат.