«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі
Ақмола облысы территориясында орналасқан «Бурабай» Мемлекеттік Ұлттық табиғи паркі Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы бойынша 2000 жылы 12 тамызда құрылды. Бурабай табиғаты әлемде сирек кездесетін ерекше географиялық орта болып кеңінен танылады. Қазақтың Сарыарқа даласының құрамына кірген Бурабайдың жер бедері орташа таулы алқапты болып келеді.
Қазіргі уақытта Ұлттық табиғи парктің жалпы ауданы 83510 га көлемінде, оның ішінде 47,4 мың га ауданын орманды алқап алып жатыр. Жер беті сулары 8493,5 га жерді алып жатыр.
Ұлттық паркке Қазақ ұсақ шоқылы аймағының (Сарыарқаның) солтүстік-батыс бөлігіндегі Көкшетау қыратының шығыс бөлігінде орналасқан Бурабай таулы орман сілемі кіреді. Ұлттық парктің құрамында Бурабай, Зеренді, Үлкен және Кіші Шабақты, Шортанды секілді эвтрофты көлдері бар. Мұндағы көлдердің суы негізінен тұщы. Парктің аумағында шағын өзендер мен жылғалар да бар. Бурабай орман сілемінде қылқан жапырақты және аралас жапырақты қалдық ормандар плейстоцен дәуірінен бері сақталып келеді.
Қазіргі кезде Ұлттық парк мемлекеттік мекеме болып, республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи территориялар жүйесіне кіреді.
Ұлттық парктің негізгі мақсаты: экожүйенің тұтастығын, эталонды және бірегей табиғат кешендері мен нысандарды, тарихи және мәдени ескерткіштерді, тарихи мұраларды сақтау және зерттеу. Бүлінген табиғи және тарихи-мәдени кешендер мен нысандарды қалпына келтіру. «Бурабай» МҰТП аумағы Ақмола облысының Щучье және Еңбекшілдер аудандарында орналасқан.
«Бурабай» МҰТП мемлекеттік мекемесі 7 орманшылықтан құралады: (Ақылбай, Бурабай, Қатаркөл, Золотобор, Бармашын, Мирный, Приозерный) және қосымша өндірістік салаға байланысты қызмет көрсететін орындар бар.
Барлық парк аумағы 15 шеберлік бөліктерден және 56 қору аймағынан тұрады.
Қазіргі кезде ұлттық парктің аумағында 18 экологиялық туристік бағдарлар, 3 автобустық саяхат, 3 аттылы саяхат үдерісі жетілдіріліп, орнықтырылған. Оған қосымша жаяу, автобуспен, сумен, аттылы біркүндік және көпкүндік экотуристік бағдарлар саяхаты жетілдіріліп келеді.
Жаз мезгілінде ұлттық парктің аймағында шатырлы қалашықтар мен жағажай аймағында демалыстар ұйымдастырылады.
Ұлттық парк орналасқан аймақта ауа райы континенттік, қысы суық әрі ұзақ, ал жазы қысқа, ыстық. Қаңтардың орташа температурасы –16,7°С, шілдеде –18,6°С.
Ұлттық паркте республиканың солтүстік аймақтарына тән өсімдіктер мен жануарлардың реликт түрлері де сақталған. Онда өсімдіктердің 757 түрі өседі, оның 95-і сирек және жойылып кету қаупі бар түрлер (мысалы, ірі гүлді шолпанкебіс, қара қандыағаш, бұғы қынасы, Фукс сүйсіні, т.б.). Орманды алқапта көбірек өсетін ағаштың бірі – қарағай. Одан басқа көктерек, тал, ырғай, бозарша, итмұрын, долана, қарақат, т.б. өседі. Реликті түрлерден – қырықжарыпақ, қырықбуын, плаун, қияқөлең, мүкжидек, т.б. бар. Сондай-ақ парктің флора құрамында дәрілік, тағамдық, әсемдік өсімдік түрлерін көптеп кездестіруге болады. Кейбір шағын көлдердің жағалауларында реликті шымтезек батпақтары да бар.
Ұлттық парктің фауна құрамы да өте бай. Мұнда омыртқалы жануарлардың 305 түрі мекендейді, олардың 87-сі сирек кездесетін түрлер. Мұнда кәдімгі бұғы және асканияның буданды бұғылары жерсіндірілген. Орманды алқаптарда сілеусін, ақкіс, ақ қалақ, орман сусары, т.б. мекендейді. Парк аумағында балықтардың 6, қосмекенділердің 3, бауырымен жорғалаушылардың 6, құстардың 200-ден астам түрі кездеседі. Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген бүркіт, қарақұс, үкі, т.б. бар. Омыртқасыздар әлемі әлі толықтай зерттеліп біткен жоқ. Бірақ қорғауға алынған жәндіктердің кейбір түрлерін: әдемі қызинелік, Сервилдің севчугі, дала сколиясы, карминді поляк сымыры, т.б. кездестіруге болады.
Жергілікті тұрғындар мен келуші туристер парк ландшафының ғажайып табиғатына қарап, бұл алқапқа «Қазақстан Швейцариясы» деген теңеу береді. Мұнда үгілу мен желдің әсерінен ерекше тас мүсіндер қалыптасқан. Мысалы, «Оқжетпес», «Ұйқыдағы батыр», «Бүркіт», «Түйе», «Құдыр», «Сфинкс».