Жас отбасы мектебі ашылды (видео)
Айнұр ӨМІРОВА, «Біргеміз» жас отбасылар мектебінің директоры:
- Біз еліміздегі жас отбасылардың ажырасуы болмасын деген ниетпен осындай төрт мектеп ашқымыз келеді. Әр ауданнан 4 мектеп ашамыз. Қалалық АХАЖ бізге көмектеседі, олар бізге жас жұбайлар тізімін береді. Біз оларды сабағымызға шақырамыз.
Статистикаға сүйенсек, елімізде отбасын құра салысымен ажырасатындар саны артып кеткен. Әрбір үшінші жұптың жолы екіге айырылған. Міне, осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін жастарға кеңес беретін отбасы мектебі ашыла бастады. Қазір олардың саны еліміз бойынша бесеу.
Любовь НАБИТОВСКАЯ, отбасылық тәрбиелеу институтының директоры:
- Біз өз жаттығуымыз арқылы некеге тұруға ниет білдіргендерді отбасылық өмірдің ыстығы мен суығына тәрбиелейміз. Отбасы – кішігірім мемлекет. Сондықтан әйелі мен отағасының бірін-бірі түсіне білуі, қандай жағдай болмасын кешірімді болуы керек. Сонда ғана ортақ пікір қалыптасып, жанұяның ажырамауына сеп болады.
Сұлтан мен Жанзия Серікбаевтар – жас отбасылар мектебінің тыңдаушылары. Жуырда ғана некеге тұрған екі жас шаңырақтарының берік болғандығын қалайды. Сондықтан олар маман кеңесін тыңдап, сабақ алуды жөн көрген.
Сұлтан СЕРІКБАЕВ, Астана қаласының тұрғыны:
- Үлгілі отбасы, балалы-шағамызға тәрбиелі ата-ана болғымыз келеді. Бақытты отбасы болу үшін не істеу керек? Отбасында ер мен әйелдің рөлі қандай ? Міне, осы нәрселерді отбасы институтында үйреттеді.
Отбасылар мектебі елордамен қатар Көкшетау, Қарағанды, Шымкент және Екібастұз қалаларында ашылған. Жанұя мәдениетінің мызғымас діңгегін қалыптастыру еліміздің барлық өңірінде де ашылатын болады.
Авторлар: Айнұр Қуатқызы, Берік Ақтан