Елордадағы қариялар үйінде Наурыз атап өтілді
Наурыз – жетімді жебеп, жабыққанды жұбататын мереке. Бұл күні араздасқандар татуласып, кіші үлкенге ізеттік жасап, емен-жарқын араласатын күн. Бағзы заманнан келе жатқан дәстүр бойынша Наурызда мол дастарқан жайылып, ән шырқалады, би биленеді. Көңілді ойындар ойналады. Осы дәстүр кеше Астана қаласындағы жасы ұлғайған жандардың тұрағы медициналық-әлеуметтік мекеме болып табылатын қариялар үйінде жалғасын тауып, Наурыз мерекесі атап өтілді.
Мерекелік іс-шараның ұйымдастырушысы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы.
Басқарма қызметкерлері қариялар үйіне барып, зейнеткер аталар мен әжелерді айтулы мейраммен құттықтады.
Театрландырылған қойылым үлкен кісілердің көңілінен шығып, «Тойбастар» салтына өздері де қатысты. Шағын залдағы көрермендерге Наурыздың тарихынан үзінділер келтірілді. Мерекеде белсенділік танытқан аталар мен әжелерге ескерткіш сыйлықтар тапсырылды. Дастарқан жайылып, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм ұсынылды.
Астана қаласының ресми сайты astana.kz