"Қазақ аруы - 2013" құрметті атағы қызылордалық бойжеткенге бұйырды
Кеше Алматыда өткен "Қазақ аруы" сұлулық сайысында 20 жасар қызылордалық Әйгерім Қанатбаева жеңімпаз атанды.
Биылғы жылы ел аруы атағын иемдену үшін Қазақстанның барлық қалаларынан келген 500 үміткерден 18 бойжеткен таңдап алынды. Ең жас қатысушының жасы 16-да.
Байқаудың ұйымдастырушысы продюсер Баян Есентаеваның айтуынша, аталған шараның басты мақсаты сұлу қызды анықтау емес, қазақ қызы атына лайық аруларды елге таныстыру. Аруларға қойылған басты талаптар: қазақ тілінде еркін сөйлеу, ұлттық дәстүр мен ел тарихы және әдебиетін жетік білу, бойы 170 см кем болмауы мен шашының ұзын болуы.
Жеңімпаз атанған ару Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде экономист мамандығы бойынша білім алуда. Сұлу өз оқу ордасының белсенді студенттерінің бірі болып табылады.
Вице-мисс атағы Астана қаласының тұрғыны Мақсұтова Аяулымға бұйырды. Екінші вице-мисс атағын семейлік Сымбат Төлегенова иеленеді.
Байқау финалына қатысатын сұлуларды іріктеу кезеңі Алматы клубтарының бірінде өтті.
Екі жарым сағатқа созылған байқау барысында қыздар отандық сәнгерлер ұсынған кешкі көйлектерді киіп, дефиле көрсетті. «Дарындылар байқауында» бақ сынасты. Қазақ тілі мен қазақ халқының салт дәстүрлерін қаншалықты білетіндерін көрсетті.
Кейбір аруларға Әлішер Кәрімов, Ерке Есмахан, Әнел Арынова, Айгүл Иманбаева және Әли Окапов еліміздің белгілі өнер жұлдыздарымен бірге ән салу бақыты бұйырды. Ал енді бірі ұлттық нақышта мың бұрала билесе, енді бірі театр актерларымен бірігіп кішігірім қойылымдар ұсынды.
«Қазақ Аруы» байқауының продюсері Баян Есенбаева, «Ел Арна» телеарнасының директоры Айгүл Мүкей, Гүлшара Әбдіхалықова, балерина Сәуле Рахмедова, «Қазақфильм» президенті Ермек Аманшаев, сән сарапшысы Сәкен Жақсыбеков сынды танымал тұлғалардан құралған қазылар алқасы төрелік еткен «Қазақ ару-2013» байқауының теленұсқасын 22 наурыз күні сағат 20.00-де «Ел арна» телеарнасынан көре аласыздар.