«Екібастұз тарихи-өлкетану музейі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны мен Г.Н.
«Екібастұз тарихи-өлкетану музейі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны
Екібастұз тарихи-өлкетану музейі 1987 жылы Г.Н. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің бір бөлімі ретінде құрылды.
1997 жылы Екібастұз қаласының 40-жылдығына музейдің ресми ашылуы болып өтті. Сол кезде музей қорында 4,5 мың экспонат болды. Қазіргі таңда музей қорында 28613 экспонат бар, оның 24263-і - негізгі қордан, 4350-і - қосымшадан.
Музейдің 9 экспозициялық залдарында Екібастұз тас көмір кен өндіретін орнының кен танушы Қосым Пішенбаев ашқаннан бастап қазіргі кезеңге дейінгі құрылу, даму кезеңінің бай тарихы көрсетілген, сонымен қатар өңіріміздегі алғашқы еңбек құралдары, тұрмыстық заттары, қазақ халқының этнографиясы, Павлодар облысының табиғаты көрсетілген.
Музейде 20 қызметкер жұмыс істейді. Үш бөлімдегі 10 қызметкер өңіріміздің тарихы туралы материалдарды жинау, зерттеу, сонымен қоса тарихи-мәдени мұраны насихаттау мен оны таныту, жас ұрпақты патриоттық сезімге тәрбиелеу бойынша үлкен жұмыс жүргізуде.
Жыл сайын музейге 10000-нан астам адам келсе, 200-ден астам экскурсия, тематикалық дәрістер, 40-тан астам көрме ұйымдастырылады. Музейдің көрме залында жеке және тематикалық көрмелер, сәнді-қолданбалы өнер көрмелері, мүгедектер жұмыстарының көрмелері, фотокөрмелер, түрлі шеберлік сабақтары және тренингтер өткізіледі.
Музей Екібастұз ауылдық округіндегі Қаражар ауылының ортағасырлық Әулиекөл қалашығындағы және Шідерті археологиялық кешеніндегі этноархеологиялық зерттеулерге қатысады. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі, Ақмола облысының Бөгенбай атындағы Ерейментау аудандық өлкетану музейі, Солженицын атындағы қоғамдық қор (Мәскеу), С. Торайғыров атындағы ПМУ-дің Ә. Марғұлан атындағы қоғамдық ғылыми-археологиялық орталық, ПМПИ археолого-этнологиялық зерттеу орталығы және Ақсау қаласының өлкетану музейі осы музейдің серіктестері болып табылады.
Г.Н. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі
Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі "Қазақстанды зерттеу қоғамының" облыстық бөлімшесі негізінде 1942 жылы құрылған. 1959 жылы оған саяхатшы, Орта Азияны зерттеуші Г.Н.Потанин аты берілді. Музейдің негізін қалаушы - фотограф, өлкетанушы Дмитрий Поликарпович Багаев. Музей экспозициясы өлкеміздің тарихы мен мәдениетін ашатын 12 залда орналасқан. Ғылыми кітапхана, Д.П.Багаевтың мұражай-үйі, Майра Шамсутдинова атындағы ән өнер шығармашылығы музейі және Әскери Даңк музейі сияқты үш филиалы бар.
Музейдің негізгі қоры Ленин көшесіндегі 1890 жылы салынған сәулет ескерткіші ғимаратында орналасқан. Онда бірінші гильдия көпесі А.Деровтың сауда үйі болған. Әкімшілік, ішкі бөлімдер ғимараттың екінші қабатында - бұрынғы пошта-телеграф конторасында орналасқан.
Музей қоры жылдан жылға көбейіп, ғылыми өңдеуден өткізілуде. Онда жетпіс мыңнан астам экспонат бар.
Музей экспонаттарының негізін археологиялық, палеонтологиялық, этнографиялық, нумизматикалық, фотосуреттік топтамалар және құжаттар, жаратылыстану-ғылыми, өндірістік заттар мен қару-жарақтар құрайды.
Дәріс және экскурсиялық жұмыспен қатар музей республикалық музейлер мен өз қорынан көрмелер ұйымдастырады. Облыстық тарихи-өлкетану музейі жанынан Павлодардың Ертіс өңірін зерттеу үшін археологиялық және этнографиялық экспедициялар жүргізіледі. Шеберлік сағаттары, өлкетанулық сабақтар, дәріс-концерттер, шығармашылық кештер ұйымдастырылады.
Павлодар Ертіс өңірін зерттеу мақсатында облыстық тарихи-өлкетану музейінің негізінде археологиялық және этнографиялық экспедициялар ұйымдастырылады.
ҚР-ның Тұңғыш Президентінің Музейі (Астана қаласы), ҚР-ның алтын музейі (Астана қаласы), Мемлекеттік тарихи-өлкетану музейі (Омбы қаласы), РҒА Сібір бөлімшесінің археология және этнография институты, Ә.Марғұлан атындағы археология институты, Мемлекеттік Орталық музей, Көкшетау, Қарағанды, Өскемен қалаларының өлкетану музейлері осы музейдің серіктестері болып табылады.
Дереккөзі: Павлодар облысы әкімдігі