Жаңалықтар

Қазақ цирк өнері

Соңғы редакциялау 22 қазан 2012 жыл Қазақ цирк өнері – сахналық-эстрадалық өнер саласы. Өз бастауын көшпелі өмір салтынан, мал ш-мен байланысты тұрмыс-тіршілігінен алады. Ат құлағында ойнап өнер көрсету, айтар ойды ыммен білдіріп, түрлі дене қимылдарымен жұртты күлдіру, салдық құрып, ел аралау, қуақы, әзіл-әжуа сөздермен көпшілік көңілін көтеру, бақсылық құру, т.б. салт-жораларда цирк өнерінің алғашқы нышандары көрініс берді. Мініс атын тек көлік ретінде пайдаланып қоймай шабандоздар оған сан алуан қозғалыс-жүрістер (бөгет пен ордан секіру, артқы екі аяғымен тік тұру, бір орында шыр айналу, жорғалау, аяңдау, бүлкілдеп, желе жортып жүру, т.б.) жасатқан. Шауып келе жатып, ат үстінен найза, қылыш, шоқпар сермеп, садақ тарту, қарсыласымен жекпе-жекке түсіп, алысып-тартысу, жау оғын дарытпау үшін оқыс еңкейіп, атының бауырына түсу, жерге түсіп кеткен құралын ат үстінен еңкейіп, іліп алып кету, т.б. соғыс өнерінде қолданылатын әдіс-тәсілдерге үнемі машықтанып, меңгеру жаугершілік замандағы ел қорғаны ерге тән қасиет еді. Осыған орай ат үстінде орындалатын қимыл-жаттығулар қалыптасып, олар сайыс, аударыспақ, теңге алу, көкпар тарту, т.б. ұлттық ойындардың негізін қалады. Қазіргі цирктегі ат ойынының көптеген белгілері өз бастауын осы ұлттық ойындардан алады. Халық палуандарды, ауыр салмақ көтеретін алып күш иелерін, таңғажайып қимыл-әрекет жасаушыларды аңыз әңгімелерге, жырларға арқау етті. Өзі жерде жатып, үстіне тегіс тақтай төсеп, сонымен түйе жүргізу, ауыр заттарды көтеру, бұлшық ет ойнату, белдесіп күш сынасу, доңғалақтың ішкі жағына керіліп тұрып айналу, қойны-қонышынан қас қағым сәтте әр түрлі заттарды (орамал, жұмыртқа, балапан, т.б.) шығарып, жұртты таңқалдыру, үстіне теріс айналдырған тон киіп немесе аяғына бақан байлап өнер көрсету секілді ойын түрлері ерте заманнан қалыптасқан. Бұл цирк өнерінің алғашқы нышандарын білдіреді. Белгілі қазақ палуандары Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Балуан Шолақ, т.б. цирк аренасында өнер көрсетіп, цирк өнерінің алғашқы қадамдарын жасады. Сол сияқты, халық арасында Ағашаяқ деген атпен белгілі болған әнші, домбырашы Берікбол Көпенұлы да (1861 – 1932) цирк өнерінің кейбір белгілерін оңтайлы пайдаланды. 1901 ж. Қажымұқан орыс палуаны И.М. Поддубныймен танысып, оның көмегімен Санкт-Петербургтегі И.В. Лебедевтің мектебінде оқыды. Аталмыш мектепте цирк артисінің өнерін үйреніп, бітірген соң И.М. Зайкин, Поддубныймен бірге көптеген елдерде өнер көрсетті. 20 ғ-дың 20-жылдары Алматыда (1919, жетек. А.И. Сосин), Семейде (1923, жетек. В.Феррони) цирк ұжымдары жұмыс істеді. Бұл ұжымдардың репертуарынан бірнеше пантомима, акробатикамен қатар қуақылық өнердің кейбір түрлері орын алды. Осы жылдары Қоянды жәрмеңкесінде, әр түрлі жиын-тойларда Қажымұқан, Зәрубай Күлсейітұлы, Шашубай Қошқарбайұлы, т.б. ойын көрсетті. Қ. ц. ө. бұғанасы қатайып, одан әрі дамуына 1965 ж. ұйымдасқан Алматы эстрада-цирк өнері студиясының ықпалы мол болды. 60-жылдары ұйымдасқан “Достық” (1962, қазір Шымкент халық циркі), “Балдырған” (1968, қазіргі Астана циркі) атты цирк ұжымдары кейіннен халықтық ұжым атағын алып, Бүкілодақтық, халықар. фестивальдардың жеңімпаздары болды. Цирк өнерінің сахнаға лайықты түрлері Шымкент, Астана, Қарағанды, т.б. қ-лардағы, облыстардағы филармониялардың репертуарларынан орын алды. 1969 ж. цирк өнеріне икемі бар, қабілетті жастар жиналды. Саратовта арнаулы білім алған қазақ жастарына цирк өнерінің таңдаулы мамандары – реж. Г.В. Перкун, атпен және хайуанаттармен орындалатын нөмірлерді үйретуші Г.Т. Токаев пен А.В. Соколов, гимнастик. және акробатик. жаттығуларға баптаушы В.А. Ревякин, т.б. ұстаздық етті. Х.Бегенов, Р.Ескенова, Қ.Қоржынбаев, А.Смағұлов, У.Шалабаев, Қ.Ақышева, т.б. гимнастикамен және акробатикамен шұғылданса, Қ.Бөлебеков, О.Құрманбаевтар ат спортымен, ал Е.Шыныбеков, Г.Бәйкенова, Қ.Сақтағанова, Ш.Қожамбердиевалар аю, қасқыр, түйе, таутеке, бүркіт, түлкі, пони, т.б. хайуанаттарды үйретуге жаттықты. Олар 1970 ж. Алматыдағы Спорт сарайында тұңғыш рет өнер көрсетті. 1972 ж. Алматыда соңғы техника жетістіктерімен салынған Қазақ циркінің жаңа ғимараты пайдалануға беріліп, тұңғыш кәсіби цирк ұжымы қалыптасты. Оның негізін Мәскеу, Саратов және Алматы эстрада-цирк өнері студиясының түлектері құрады. Мәскеуден Н.К. Винник, Г.В. Федоренко, В.М. Карп сияқты мамандар келіп, жергілікті кадрлерді даярлауға ат салысты (қ. Қазақ циркі). 1983 ж. Қарағанды қ-нда жергілікті цирктің ашылуы – республикадағы цирк өнерінің даму барысына игі ықпал етті. Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том  
08.11.2012 11:36 6886

Соңғы редакциялау

22 қазан 2012 жыл

Қазақ цирк өнері – сахналық-эстрадалық өнер саласы. Өз бастауын көшпелі өмір салтынан, мал ш-мен байланысты тұрмыс-тіршілігінен алады. Ат құлағында ойнап өнер көрсету, айтар ойды ыммен білдіріп, түрлі дене қимылдарымен жұртты күлдіру, салдық құрып, ел аралау, қуақы, әзіл-әжуа сөздермен көпшілік көңілін көтеру, бақсылық құру, т.б. салт-жораларда цирк өнерінің алғашқы нышандары көрініс берді. Мініс атын тек көлік ретінде пайдаланып қоймай шабандоздар оған сан алуан қозғалыс-жүрістер (бөгет пен ордан секіру, артқы екі аяғымен тік тұру, бір орында шыр айналу, жорғалау, аяңдау, бүлкілдеп, желе жортып жүру, т.б.) жасатқан. Шауып келе жатып, ат үстінен найза, қылыш, шоқпар сермеп, садақ тарту, қарсыласымен жекпе-жекке түсіп, алысып-тартысу, жау оғын дарытпау үшін оқыс еңкейіп, атының бауырына түсу, жерге түсіп кеткен құралын ат үстінен еңкейіп, іліп алып кету, т.б. соғыс өнерінде қолданылатын әдіс-тәсілдерге үнемі машықтанып, меңгеру жаугершілік замандағы ел қорғаны ерге тән қасиет еді. Осыған орай ат үстінде орындалатын қимыл-жаттығулар қалыптасып, олар сайыс, аударыспақ, теңге алу, көкпар тарту, т.б. ұлттық ойындардың негізін қалады. Қазіргі цирктегі ат ойынының көптеген белгілері өз бастауын осы ұлттық ойындардан алады. Халық палуандарды, ауыр салмақ көтеретін алып күш иелерін, таңғажайып қимыл-әрекет жасаушыларды аңыз әңгімелерге, жырларға арқау етті. Өзі жерде жатып, үстіне тегіс тақтай төсеп, сонымен түйе жүргізу, ауыр заттарды көтеру, бұлшық ет ойнату, белдесіп күш сынасу, доңғалақтың ішкі жағына керіліп тұрып айналу, қойны-қонышынан қас қағым сәтте әр түрлі заттарды (орамал, жұмыртқа, балапан, т.б.) шығарып, жұртты таңқалдыру, үстіне теріс айналдырған тон киіп немесе аяғына бақан байлап өнер көрсету секілді ойын түрлері ерте заманнан қалыптасқан. Бұл цирк өнерінің алғашқы нышандарын білдіреді.

Белгілі қазақ палуандары Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Балуан Шолақ, т.б. цирк аренасында өнер көрсетіп, цирк өнерінің алғашқы қадамдарын жасады. Сол сияқты, халық арасында Ағашаяқ деген атпен белгілі болған әнші, домбырашы Берікбол Көпенұлы да (1861 – 1932) цирк өнерінің кейбір белгілерін оңтайлы пайдаланды. 1901 ж. Қажымұқан орыс палуаны И.М. Поддубныймен танысып, оның көмегімен Санкт-Петербургтегі И.В. Лебедевтің мектебінде оқыды. Аталмыш мектепте цирк артисінің өнерін үйреніп, бітірген соң И.М. Зайкин, Поддубныймен бірге көптеген елдерде өнер көрсетті.

20 ғ-дың 20-жылдары Алматыда (1919, жетек. А.И. Сосин), Семейде (1923, жетек. В.Феррони) цирк ұжымдары жұмыс істеді. Бұл ұжымдардың репертуарынан бірнеше пантомима, акробатикамен қатар қуақылық өнердің кейбір түрлері орын алды. Осы жылдары Қоянды жәрмеңкесінде, әр түрлі жиын-тойларда Қажымұқан, Зәрубай Күлсейітұлы, Шашубай Қошқарбайұлы, т.б. ойын көрсетті. Қ. ц. ө. бұғанасы қатайып, одан әрі дамуына 1965 ж. ұйымдасқан Алматы эстрада-цирк өнері студиясының ықпалы мол болды. 60-жылдары ұйымдасқан “Достық” (1962, қазір Шымкент халық циркі), “Балдырған” (1968, қазіргі Астана циркі) атты цирк ұжымдары кейіннен халықтық ұжым атағын алып, Бүкілодақтық, халықар. фестивальдардың жеңімпаздары болды. Цирк өнерінің сахнаға лайықты түрлері Шымкент, Астана, Қарағанды, т.б. қ-лардағы, облыстардағы филармониялардың репертуарларынан орын алды. 1969 ж. цирк өнеріне икемі бар, қабілетті жастар жиналды. Саратовта арнаулы білім алған қазақ жастарына цирк өнерінің таңдаулы мамандары – реж. Г.В. Перкун, атпен және хайуанаттармен орындалатын нөмірлерді үйретуші Г.Т. Токаев пен А.В. Соколов, гимнастик. және акробатик. жаттығуларға баптаушы В.А. Ревякин, т.б. ұстаздық етті. Х.Бегенов, Р.Ескенова, Қ.Қоржынбаев, А.Смағұлов, У.Шалабаев, Қ.Ақышева, т.б. гимнастикамен және акробатикамен шұғылданса, Қ.Бөлебеков, О.Құрманбаевтар ат спортымен, ал Е.Шыныбеков, Г.Бәйкенова, Қ.Сақтағанова, Ш.Қожамбердиевалар аю, қасқыр, түйе, таутеке, бүркіт, түлкі, пони, т.б. хайуанаттарды үйретуге жаттықты. Олар 1970 ж. Алматыдағы Спорт сарайында тұңғыш рет өнер көрсетті.

1972 ж. Алматыда соңғы техника жетістіктерімен салынған Қазақ циркінің жаңа ғимараты пайдалануға беріліп, тұңғыш кәсіби цирк ұжымы қалыптасты. Оның негізін Мәскеу, Саратов және Алматы эстрада-цирк өнері студиясының түлектері құрады. Мәскеуден Н.К. Винник, Г.В. Федоренко, В.М. Карп сияқты мамандар келіп, жергілікті кадрлерді даярлауға ат салысты (қ. Қазақ циркі). 1983 ж. Қарағанды қ-нда жергілікті цирктің ашылуы – республикадағы цирк өнерінің даму барысына игі ықпал етті.

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға