Поэзияны құтқарушы
Нобель сыйлығынан Толстойдың бас тартқандығы белгiлi. Бiрақ, Толстой атақтан емес, ақшадан басын алып қашты. Яғни, Толстой үшiн ең үлкен сый – оның саналы оқырманы болатын. Алайда, бүгiнгi әдебиет үшiн атақ та, абырой да артық етпес едi. Атақты болсаңыз, халық iздеп жүрiп оқиды. Ал, қалталы болу – алаңсыз шығармашылыққа бет қоюға мүм кiндiк бередi. Ең өкiнiштiсi, соның екеуi де тарихта қалуға көмектесе алмауы мүмкiн.
Ақындардың шығармашылығын салыстыру әбестiк. Алайда, әлемдiк әдебиетке модерн енгiзген, шығармашылыққа тың үдерiс әкелген адамның аты қашан да бiрiншi аталады. Шығармашылықта көштен қалмау деген болады, сондайақ көш бастау деген болады. Мiне, сол көш бастаған таланттардың қатарына швециялық ақын Томас Транстремер қосылды (әдебиет бойынша биыл Нобель сыйлығына ие болған ақын). Томас Транстремер – 2011 жылы Нобель сыйлығын алған ақын.
Әзiрге Нобельден асқан сый болмай тұр. Қай саланың болмасын, шың басында тұрған дарын иелерiне берiлетiн бұл құрметтi атақ шығармашылық адамдарына келгенде үлкен дау тудырады (әсiресе, әдебиетте). Әйтсе де, биылғы бәйгеден тоқсандағы Томас Транстремердiң торы бестiсi бiрiншi келгенде, ешкiм жұмған аузын ашқан жоқ. Тек орыстар ғана өткенiмен мақтанып, әдебиетте салмағы жоқ шведтердiң арасынан бiр ақынның озық шыққанына налыды. Бiрақ, лайықты деп те, лайықсыз деп те нақты пiкiр айтқан ешкiм болмады.
Нобель сыйлығын тапсыру комитетiнiң тұжырымы бойынша, швед ақынының туындылары баланың тiлiмен дананың ойын жеткiзетiн, шумақтары қысқа әрi шымыр, кейiпкерлерi от басып қойса да өкiнбейтiн, бiрақ өмiрде бiр нәрсенiң анық дұрыс еместiгiн сезетiн ерекше әрi шынайы образдарымен үлкен мәртебеге ие болды дейдi.
Ал, Томасқа тағылған айыптың бiрi – оның кәрiлiгi мен Альфред Нобельдiң отандасы болғаны. Алайда, швед ақыны Нобельге ұсынылған кандидаттардың тiзiмiне биыл ғана iлiнген жоқ. Ел сүйiп оқитын ақынның есiмi 20 жылдан берi үздiктердiң қатарында. Оның үстiне қырық жылдан берi Нобель сыйлығына бiрдебiр швед иелiк етпептi. Ең соңғы рет, яғни 1974 жылы, әдебиет төңiрегiнде қос классик – Эйвинд Юнсон мен Харри Мартинсон жүлденi теңдей бөлiскен екен.
«Жыл сайын бiр швед өкiлiн марапаттаудан аулақпыз. 1974 жылы, берi бiрдебiр шведтiң бұл құрметтен қоржыны бос келе жатқандығын атап өтуге болады. Осы жолы көп ойландық, бiр ауыздан таң дауымыз Томас Транстремер болды. Оның үстiне, әдебиет бойынша ақындар 15 жылдан берi Нобель сыйлығын ала алмапты», – дейдi Швед академиясының өзгермейтiн хатшысы Петер Энглунд. Ол сондайақ:
– Оның ықшам әрi шынайылыққа жол сiлтейтiн шумақтары бiздiң тарапымыздан жоғары бағаға ие болды.
Томастың туындыларына қарап әдебиетке жаңашылдық келгендiгiн анық байқауға болады. Томасты сүйiншi хабармен қуанту үшiн арнайы хабарластым. Ол жолы болмаған адамдай бiраз үнсiз қалды. Содан аздап ән тыңдап алған соң, «Қуаныш тымын, өте жақсы хабар» деген бiр ауыз сөз айтты, – деп мәлiмдедi.
Нобель сыйлығына иелiк еткеннен кейiн Томас баспасөзден басын алып қашты. Стокгольмдегi пәтерiнiң алдына жиналған журналистер тек әйелiмен ғана сөйлесе алды. «Бұл мен үшiн керемет жағдай. Томас та өз туындыларының көпшiлiктiң ерекше назарына iлiккенiне қуанышты», – деп оның жары Моника қысқа әрi нұсқа қайырды.
Әсiлi, Томасқа Нобель сыйлығы биыл болмаса, келер жылы берiлетiнi анық едi. Сондықтан, сыншы қауымы не үшiн Томасқа емес, биыл берiлгенi үшiн таңданды. Aйткенi, соңғы 10 жыл iшiнде мәртебелi сыйға лайықты адамдардың тiзiмiнен Томас мысқалдай да шеткерiлеген емес. Мәселен, 2005 жылы бук мекерлiк орталықтың бағамдауынша, Томас фаворит саналғанмен, ол сыйға ағылшын драматургi Гарольд Пинтер иелiк еттi. Ал, биылғы болжам бойынша Сирия ақыны Адонис көш бастағанымен, нәтижесiнде Томастың қанжығасы майланды.
Бұл туралы орыс басылымдарында жанжақты жазылды. Соның iшiнде орыс ақыны Григорий Дашевскийдiң пiкiрiнiң жаны бар.
«Бұл таңдауға таңғалмас едiм. Томас Транстремер Нобель сыйлығына лайықты кандидаттардың iшiндегi талай жылдан берi көш бастап келе жатқан ақын. Aлеңдерi 50ден астам тiлге аударылып, Нобель сыйлығынсызақ көпшiлiкке танымал болды. Көптеген халықаралық әдеби сыйлықтардың иесi атанды. Ал, оған не үшiн биыл берiлiп отыр деген сұрақтың жауабы оңай. Aйткенi, Томас ақынның жасы 80ге келдi. Сондықтан, оны көзi тiрiсiнде құрметтеудi жөн деп тапты. Оның үстiне, 15 жылдан берi ақындардың Нобельден тыс қалуы «Поэзияның дәуiрi өтiп кеттi ме?» деген пiкiр тудырды. Сол олқылықтың орнын толтыру үшiн таңдау Томасқа бұйырды. Жалпы, швед ақыны қай жағынан алып қарағанда да Нобель сыйлығына лайықты дер едiм», – дейдi.
Шындығы сол, бүгiнгi швед әдебиетiнде көзi тiрi классик саналатын Томас Транстремердiң еншiсiнде Нобель сыйлығынан басқа марапаттың бәрi бар екен. Микаэл Бельман атындағы (Швеция, 1966 жыл), Франческо Петрарка атындағы (Италия – Германия, 1981 жыл), Bonniers баспасының поэтикалық сыйлығы (1983 жыл), Солтүстiк кеңесiнiң Үлкен сыйы (1989 жыл), Нейштадт атындағы (АҚШ, 1990) сияқты қомақты сыйлықтардың лауреаты атанған.
Томас Транстремер 1931 жылы 15сәуiрде Стокгольмде дүниеге келген. Негiзгi мамандығы – психологдәрiгер. Жеткiншектер түрмесiнде, кейiнiрек қызмет бабымен күрделi жарақат алған жандармен жұмыс iстеген. Кәсiби пианист. 1990 жылы инсульт алып, оң жағы семiп қалған. Ақырында сол қолымен қалам ұстауды үйренiп, өзiне арнайы жазылған шығармаларды пианинода орындайтын болған. Aлең жазуды мектептен бастаған. Ал, ең алғашқы өлеңдер жинағы «17 өлең» деген атпен 1954 жылы жарық көредi. Ол алғашында француз сюр реалистерi секiлдi жазды. Кейiн ХХ ғасыр басындағы немiстiң әсерлi көркем поэзиясының жетегiне ердi. Әсiлi, әр ақынның да шығармашылыққа келуi осылай жалғасады емес пе? Жүсiпбек Аймауытовтың Мағжанның ақындығы туралы басында орыс ақындарына елiктегенiн, кейiн келе өз жолын тапқан әйдiк ақын атанғандығын айтады. Сол секiлдi Томас та басында өзгелерге елiктегенмен, кейiн шағын ғана өлеңдерiмен кейiпкерiнiң ойын да, мiнезiн де толық ашып бере алатындай жаңалық әкелдi.
Нобель сыйлығының иегерi (бұған дейiнгi Эльфрида Елинек, Орхан Памук, Марио Варгас Льоса, т.б. сияқты) қазақ тiлiне тәржiмаланбаған. Орыс тiлiнде де оның бiрнеше кiтабы ғана басылыпты. («Запрещенные крылья», «Гоголь. Сон Балакирева», «Траурная Гондола» және таңдамалы шығармалар жинағы). Сондықтан оның кейбiр өлеңдерiнiң орысша нұсқаларын беруге болады. Мәселен, ол өзiнiң туған жер туралы тебiренiсiн былай деп жеткiзедi.
На выступах трещины и тропинки троллей:
сон, айсберг.
Сондайақ, «Абақты» жинағында:
Замешательство во время игры в футбол:
мяч перелетел через стену.
* * *
Они шумят
пугают время
чтоб оно шло быстрее, – дейдi. Осындай ұтымды шумақтары арқылы танымал Томас швед халқының дүниетанымын, келбетiн айқындайтын тұлғаның бiрiне айналды. Оның поэзиясында асқақтық жоқ. Кейiпкерлерi тым күрделi де емес. Оқуға жеңiл, түсiнуге ыңғайлы. Ең бастысы, ол поэзияға ұлттық мiнезбен келдi. Ақынды ерекшелеп тұрған да сол қасиет.
Бала күнiнде «кiшкентай профессор» атанып, өзiн ерте есейткен Томас, қартайғанда поэзияны керiсiнше жасартып жiбердi. Тiптi, ендiгi ақынның бәрi Томас сияқты жазып кетпесiне кiм кепiл? Ол, ең бастысы, әлемдi поэзияның ғұмыры өттi деген түсiнiктен ада еттi. Сондықтан, Томас Транстремердi ендi Нобель сыйлығының иегерi дегеннен гөрi «поэзияны құтқарушы» деу жарасымды. Ол қаласа өмiрдi әуенмен әлдилейдi, өлеңмен өлшейдi. Атақты ғана емес, талантты...
Жандос БАЙДІЛДА