Жаңалықтар

Дін

Соңғы редакциялау: 23 қазан 2012 Құран, Құран Кәрім (араб. ©oҹ    ­Aoҡ), Мұхаммед пайғамбарға (ғ.с.) құдайлық аян арқылы түскен Алланың сөзі, мұсылмандардың қасиетті кітабы, адамзатты ізгілікке бастайтын Алла рахымы. Қ-ның “Құраннан” өзге де есімдері мен сипаттары бар. Бұлардың негізгілері: 1) әл-Китаб. Бұл сөз Қ-да екі жүз отыз мәрте кездеседі, “Міне осы Кітапта күдік жоқ, бұл тақуалар үшін тура жол көрсетуші” (Бақара 2/2). 2) әл-Фурқан. “Ақиқат пен жалғанды айырушы” мағынасындағы бұл сөз Қ-да алты рет кездеседі. “Күллі әлемге ескертуші болу үшін құлына Фурқанды түсірген Алла тағала ең ұлық” (Фурқан 25/1). 3. Нур, Мубин. “Расында сендерге Алладан нұр және ”Мубин” ашық кітап келді” (Мәида 5/15). Қ-ның бұдан басқа да есімдері: Кәләм, Куда, Рахмәт, Шифа, Тәнзил, Уахи, Баян, Хақ, Адл, Бушра, Қасас, Азиз, Хикмәт, Хаблуллаһ, Рух, Муһәймин, Қайим, Зікір, Бәләғ, Мәжид, Уммул-Китаб‚ т.б. Қадір сүресінде айтылғандай, алғашқы құдайлық аян (уахи) 610 ж. рамазан айының Қадір түні Мекке тауының Хира үңгірінде Мұхаммед пайғамбарға (ғ.с.) ұалақ сүресінің (“Жаратқан Раббыңның атымен оқы!”) бес аятынан бастап түсті. Ең ұзақ аят Бақара сүресінің 282-аяты. Ең қысқа аяттар — Ясин, 36/1; Рахман, 55/1,64; Мүддессір 74/21; Фәжр 89/1; Дүха 93/1; Асыр 103/1. Қ-дағы сөздер саны 77 934 екендігі анықталған. Қ-да 6666 аят (Асым қирағаты бойынша), 114 сүре бар. Ең қысқа сүре үш аяттан тұратын Кәусар сүресі. Ал ең ұзағы 286 аяттан тұратын Бақара сүресі. Қ. Алла құзырынан Жебірейіл періште арқылы, Мұхаммед пайғамбарға (ғ.с.) жиырма үш жыл бойы түскен. Қ. мағыналық мазмұны бойынша, негізінен, 3-ке бөлінеді: 1) иман, сенімге байланысты аяттар, 2) шариат үкімдеріне қатысты аяттар, 3. Пайғамбарлар өмірі жайлы қиссалар. Мұхаммед  пайғамбар (ғ.с.) умми (оқу-жазу білмейтін) кісі болған еді. Ол құдайлық аян келгенде уахи хатшыларына сүре мен аяттарды түскен жерде жаздырып отырған. Хатшыларына жазғандарын дауыстап оқуды талап етіп, қателессе дереу түзеген. Зәйд ибн Сәбит бұл жайлы “Алла Елшісі (ғ.с.) Құдайлық аяндарды уахиды маған жаздыратын. Егер бір жерде қателік яки нұқсандық болса, дереу түзеттіретін. Ақырында мен жаңа келген уахиды адамдарға жеткізетін едім”, — дейді. Уахи хатшыларының саны шамамен қырыққа жетеді. Олардың атақтылары: Әбу Бәкр, Омар, Оспан ибн Аффан, Әли ибн Әбу Тәліп, Абдуллаһ ибн Сад, Зәйд ибн Сәбит, Зубәйір ибн Аууам, Убәй ибн Каб, т.б. Қ-ның бөлек-бөлек түсуі оның оңай жатталуына мүмкіндік жасады. Сахабалардың хат танитындары түскен мәтіндерді әрі жазып, әрі жаттап алды. Хат танымағандар Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) намазда, уағыз-насихатта оқыған Қ-ын естіп, жаттаған. Қ-ды сақтау барысында жазуға қарағанда жаттау әлдеқайда қолайлы тәсіл болды. Қ. сахабалардың тақуалық өмірлерінен бастап, Алла жолындағы күрестеріне, қоғамдық қарым-қатынастарына дейін жол нұсқап, тәрбиелеп отырды. Осылайша Қ. олардың өмірінің мәніне айналды. Мұхаммед пайғамбар (ғ.с.) әр жылы рамазан айында Қ-ның сол уақытқа дейінгі түскен бөлімін Жебірейіл періштемен бірге оқыды, бұлай оқу “Арза” деп аталды. Әбу һурайра Жебірейіл әр жылы рамазанда Алла Елшісіне Қ-ды бір рет оқығанын, қайтыс болар жылы екі рет оқығанын жеткізген (Бухари, Фәдәилул-Қуран, 7). Мұхаммед пайғамбар (ғ.с.) сол күнге дейінгі түскен аяттардан құралған Қ-ды бастан аяқ оқығанда сахабалар да қолдарындағы Қ-ның тұпнұсқаларын алып, қателіктері болса, түзетіп отырған. Мұхаммед пайғамбар (ғ.с.) өміріндегі ақырғы рамазан айында Жебірейіл екеуі бір-біріне Қ-ды екі рет қайталап оқып тексерген. Мұхаммед пайғамбар (ғ.с.): “Жебірейіл Қ-ды маған бастан-аяқ екі рет оқытты. Мен осыған қарап, жақында көз жұматынымды аңғардым”, — дейді. Жебірейіл періштенің Алла Елшісін тыңдаудағы мақсаты: 1) Қ-ның сақталу жолын мұсылмандарға үйретіп, оның мінсіз сақталуы Алла үшін қаншалықты маңызды екенін білдіргендігі; 2) Сол жылға дейінгі аят пен сүрелердің бір-бірінің жалғасын тауып, орналасу жүйесін тағы бір анықтау; 3) сахабалардың жазғандарын, яки жаттағандарын түзетіп, бірлікке шақыру және Қ-ның кейіннен бір кітап болып жиналуына жағдай жасау; 4) Қ-да Алла әмірімен кейбір аяттардың мансұқталуы. Исламда қазіргі күнге дейін сақталған рамазан айындағы тарауих намазы кезінде Құранды хатым қылып бастан аяқ оқып шығу дәстүрі осының жал-ғастық табуынан еді. Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) өмірінің ақырына дейін уахи келуі ықтимал болғандықтан, оның көзі тірісінде Қ. толық бітті деп, бір кітап етіп жинақтау мүмкін емес еді. Ол өмірден өткеннен кейін ғана уахи тоқталғаны айқындалып, алғашқы халифа Әбу Бәкр кезінде Қ. бір кітап етіп жинақталды. Қ-ның пайғамбар кезінде жиналып бір кітап етілмеуінде басқа да бірнеше себептер болған: 1) Қ. мәтінінің сенімді кепілі Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) өзі тірі болған соң, Қ. жазылған парақтар мемл. істердің бәрінде бірдей ресми түрде қолданылмады. Кейіннен келген халифалардың мұндай ерекшелігі болмағандықтан, жазылған парақтарды бір кітапқа жинақтау қажеттілігі туды. 2) Әбу Бәкр “мұсхаф” кітапты сахабалардың қолдарындағы жазылған түпнұсқалары мен жаттаған Қ. арқылы растап әрі кейбір адамдардың жеке қателіктерін дұрыстап, нәтижеде үмбеттің бәрі бір ауыздан қабыл еткен “Имам мұсхаф” — негізгі кітапты жинақтамақшы болды. 3) Ямәмә соғысында көптеген сахабалар шейіт болды. Осыдан кейін Омар Халифа Әбу Бәкр Зәйд ибн Сәбиттің бастауымен алқа құрып, Қ-ды бір кітап етіп жинаттырды. Қ. жинауда жазылған түпнұсқалар Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) нұсқауымен жазылған мәтін екендігін екі куәгер дәлелдеуі керек, аяттар “мансұқталса” (үкімі жойылған болса) жазылмауы тиіс деген негізгі талаптар қойылды. Мұхаммед пайғамбар (ғ.с.) өмірден өткенде дайындалған бұл жинақ “мұсхаф” деп аталды. Тері, құрма ағашы, сүйек, жапырақ, т.б әр түрлі нәрселерде жазылған Қ. мәтіндерін қағазға жазып, бір кітап еткен Зәйдтің ісі бір жылға созылған. Оған хазіреті Омар, Әли, Оспан, Ибн Кағб көмектесті. “Мұсхаф” аталған осы кітап алдымен Әбу Бәкрде, ол қайтыс болғаннан кейін Омарда, одан кейін қызы Хафсаның қолында сақталған. Оспан кезеңінде ислам діні Арабстаннан тыс өлкелерге қанат жайды. Сол жақтарға арнайы мұғалімдер жіберіліп, олар өздері үйренген Қ. қирағаттарын исламды жаңадан қабылдаған елдерге оқыта бастады. Осы кезеңде туындаған қайшылықтарды жою мақсатында Омардың қызы Хафсаның қолындағы түпнұсқаны Оспан көбейту үшін уақытша сұрап алды. Осы істі атқаруға хижраның жиырма бесінші жылы құрайыштықтар (меккелік) мен әнсарлықтардан (мединелік) он екі кісілік топ құрып, Зәйд ибн Сәбитті басшылыққа тағайындады. Жазылған жаңа “Имам Мұсхаф” кітабы мешітте оқылып, мұсылмандардың бәрі бір ауыздан мақұлдады. Бұл “Имам Мұсхаф” төрт данаға көбейтілді. Біреуі Мединеде қалдырылып, қалған үшеуі Шам, Куфа, Басраға жіберілді. Ислам діні пайда болғанда араб жазуында әріптердің ноқаттары мен қаракеттері жоқ болса да, сахабалар өз тіліндегі Қ-ды қатесіз оқыған. Хижраның 1 ғ-ның 2-жартысынан бастап, өзге халықтың ислам дінін қабылдауы мен олардың араб тілін білмеулері себепті Қ-ды жаңылыс оқу белең ала бастаған. Осыған дейін Қ. жазуының қарекеті мен ноқаты болмауынан туындаған қиындықты шешу үшін Әбул Әсуәд әд-Дуәли қаракеттердің жазылуын енгізді. Насыр ибн Асым (кейбір деректе Яхия ибн Ямәр) Қ. әріптерін бір-бірінен ажыратқан ноқаттарды қойды. Бұны ғалымдар “Ижам” деп атады. Сахабалар Мұхаммед пайғамбардан (ғ.с.) әр түрлі қирағаттар үйренген; қ. Қирағат. Қ. мағынасы сол заманнан бастап-ақ өзге тілдерге аударыла бастады. Кейбір деректерде сахаба Салман Парсы Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) рұқсатымен Фатиха сүресінің мағынасын парсы тіліне аударып, ирандықтарға жібергендігі айтылады. Құран мағынасы үнді тіліне алғаш рет 833 ж., парсы тіліне 956 ж., латын тіліне 1143 ж., француз тіліне 1647 ж., ағылшын тіліне 1649 ж. аударылған. Қазіргі уақытта Қ. мағынасы жүзден астам тілге тәржімаланған. Қ-ның түркі тіліндегі алғашқы мағыналық аудармасы 15 — 11 ғ-да жасалғаны туралы жорамалдар болғанымен, қазіргі заманға жеткен аударманың ең көнесі 14 ғасырда жазылған. Қазақ халқының рухани бастауларында болған ғұламалар Қ-ның мағыналық аударма-сынан гөрі мәнін ашуға, хикметін сезуге ұмтылған. Абайдың “Адамды сүй, Алланың хикметін сез!”, “Адамның хикмет кеудесі”, — деген сөздерінен Қ-ды да, адамды да, әлемді де хикмет кітаптары деп біліп, оларды ажырамас өзара бірлікте, тығыз үйлесімде танығаны аңғарылады. “Құран рас Алланың сөзі-дүр ол, Тәуиліне жетерлік ғылымың шақ”, — деген Абай Қ-ның сөздік мағынасынан гөрі ішкі мәніне ұмтылуға үндейді. Қ-ның рухани мәнін, адамзат қоғамындағы орнын түсінуде ондағы адам мәселесін зерделеудің маңызы зор. Қ — адамзатты қараңғылықтан нұрға бастайтын құдайлық рахмет — мейірім көзі, (һұд, 17 аят) адамға бақилық бақыт жолын көрсететін Алланың сөзі (Исра, 9). Қ. жеке адам және қоғам тіршілігі үшін қажетті құқықтық, әлеум.-экон. саяси-басқару, этик.-моральдық жүйелердегі негізгі қағидалар мен ұстанымдарды негіздеді. Қ-да екі маңызды мәселе — Алланың жалғыздығына сенім (таухид-монизм) және Алланың құдіреті, сол құдіретімен жаратқан әлем, адам, олардың Алламен арасындағы байланыстары жүйеленген. Қ-да адамның көңілі (қалбы-жүрегі) — таным көзі немесе танымға жетудің құралы мағынасында қолданылған. Қ-да адам ақылын — “қалб көзі” (көңілдің көзі), Алланың жеке мәндік аяны (ал-уаһи-ул-жузи) ретінде, ал Қ-ды — объективтік аян, әлемді — Алланың танымдық кітабы, универсалдық аян ретінде танытады. Сопылық дүниетанымда бірлік (таухид-монизм) ұстанымын осы құдайлық үш аяндағы универсалдық тұтастық пен үйлесімділік негізінде топтастырған. Демек бірлік (таухид) ұстанымы адам, Қ. және әлемді өзара тұтастықта қарайды. Қ-да Құдайдың адамды “халифа” мақамында жаратқандығы айтылады. Бұл тұстағы Құдайдың халифасы (орынбасары) ұғымы —  адамның әлемдегі орны мен маңызын анықтайтын діни категория, ең құрметті атақ болып саналады. Адамның мұндай жоғары атаққа лайық болуының сыры оның жаратылыс мақсаты мен ерекшелігінде жатыр. Қ-дағы мәлімет бойынша рух әлемінде Алла мен адамның арасында “жаратушы-жаратылған” сипаттарын білдіретін, олардың өзара мақсаты мен міндетін анықтайтын, “Мисақ” яғни, ант, келісімсөз жүзеге асырылған-ды. Адам бұл антты Алланың жердегі өкілі ретінде Жаратушысын ұмытпай, жердегі адамдық орны мен қызметін атқарып, алған аманатты (Азхаб, 172) сақтаймын деп берген болатын. Бұл жердегі “аманат” ұғымы иман, жауапкершілік, Құдай алдындағы парызға және адамдардың құқықтарына құрмет, сөз, ақыл, ойлау қабілетін дұрыс қолдануды, ар-намысын сақтауды білдіреді. Адам осы міндетін орындап, қабілеттерін орнымен қолданып, дамыта алғанда ғана “халифа” деген атқа лайық болады. Қ. аяттары адамзаттың өзара туыстығын, бүкіл адамдардың бір Жаратушысы бар екендігін білдіргеннен кейін, мәдениет пен қоғамның, тайпалар мен ұлыстардың бір негізден пайда болғандығын ескертіп, олардың өзара тең сұхбат арқылы тұтастыққа, бірлікке ұласуын негізгі мақсат етіп көрсетеді. Сондықтан Алла адамзатты құдайлық табиғат негізінде өзара тең қылып жаратқан. Ал адамдардың кейінгі қоршаған ортасы, әлеум.-тарихи, әдет-ғұрыптық, мәдени-дүниетанымдық ерекшеліктері Жаратушының тең қылып жарату ақиқатын өзгерте алмайды. Адамның Аллаға берген сөзінде тұру-тұрмауы, құдайлық сынаққа сену-сенбеуі өз еркінде. Қ. бойынша адам — таңдау еркіндігі бар, жауапкершілік иесі, сонымен қатар аманат тасушы болмыс. Сондықтан да Қ-да айтылған ақыреттегі жағдай — иман етушілердің жұмақтағы орны және имансыздардың тамұқтағы хәлі жайында адамға жасалған негізгі ескерту болып табылады. (Кеһф, 29). Адам — жан мен тән және ақылдан тұратын біртұтас болмыс. Адамның тәні топырақтан жаралып, жаны Алладан берілгендіктен, тән топыраққа, жан рухани әлемге, өз негіздеріне оралуға құштар. Осындай жақсы мен жаман, ақ пен қара, тән мен жан, иман мен күпірлік, мойынсұну мен теріске шығару сияқты қарама-қайшы құбылыстарды жаратудағы сырды Қ. аяттары түсіндіреді. Егер адам ерікті болмаса, сынақ жүйесі мәнсіз болып шығар еді. Бұл түсіндірулерден қарама-қайшылықтар мен күрестің нысаны адамның жаратылыс сырында екендігі көрінеді. Адам табиғатындағы қайшылықтар Алланың оны сынақтан өткізуі және оның кемелденуі мен рухани биіктеуі, Ақиқатты табуы үшін қажетті деп тапқан жүйесі. Қ-ның адамды басқа болмыстардан ерекше мақамға шығару себебі оған Алла өз рухынан үрлеген құдайлық жауһардың (субстанция) берілуіне байланысты болуы керек (Сәжде, 6-10). Осы құдайлық жауһар арқылы адам періштелерден де жоғары, Алланың халифасы болуға лайық болмыс ретінде жаралған (Баһара, 30). Сонымен қатар адам “ең көркем келбетте” және “мазмұнда (сиретте)” жаратылған ең сұлу болмыс (Тин, 4). Жақсылық пен жамандықты айыру қабілеті мен күші де (фурқан, тамииз) тек адамға ғана беріліп (Шамс, 8), әлемдегі мүмкіндіктердің барлығы адамға қызмет ету үшін жаратылған (Жасия, 13). Қ-да адамның табиғаты мен мінезіне байланысты анықтамалар өте көп. Сонымен қатар адамның психол. қуаты мен қызметтері, рухани даму сатылары, адам типол-сы сияқты мәселелер кеңінен қамтылған. Дегенмен Қ-да басты мәселе ретінде адамның имандылық пен асылық, яғни Құдайды жоққа шығару психол-сы арасындағы моральдық таңдау, сонымен қатар аян және илһам, дәстүрлі әлеум. әдеттердің ықпалы, сол топтардың психол-сы, діни үндеуге қарсылық және қорғану механизмдері сияқты көптеген мәселелер қарастырылған. Қ-да адам ең жоғарғы мақамда жаратылғанымен, оның нәпсінің зынданына түсіп, “ең төменгі дәрежеге дейін құлдырайтын” (Тин, 4-5) моральдық азғындауға да бейім екендігі ескертіледі. Адамның моральдық азғындауына берілген анықтамаларда оның “әлсіз, қан төгуші, жоюшы, залым, қиянатшыл, ашкөз, арамтамақ, сараң, надан” екендігі сыналып (Ниса, 28; Бақара, 30; Наһыл,4; Азхаб, 72; Исра,11-27,100), Алла адамды осылардан қашуға, жиіркенуге үндейді. Өйткені Тәңірдің адамға қояр талабы — оның көркем құлықты, жамандыққа жаны қас, жақсылыққа жаршы болатын, Құдайдың еркін жүзеге асыратын құл болуы. Құдайдың шынайы құлы болу үшін адам, ең алдымен, өз болмысымен тұтастыққа жетіп, содан кейін өзін қоршаған әлеммен үйлесімділік құруы тиіс. Осы үндестікті қамтамасыз ету үшін Құдай Қ. арқылы адамға құндылықтар жүйесін ұсынады. Бұл құндылықтар адамгершілік пен парасаттылықты қалыптастырудың негізгі қалыбы — тезі. Адамның жақсылық, парасат, ізгілікті іспен, сөзбен және оймен қарулануы оның иманының қуатына тікелей қатысты. Өйткені Қ-да имандылық адамгершіліктің тұтқасы, негізгі көзі ретінде түсіндірілген. Имандылықтан туатын құндылықтарды әділеттілік, турашылдық, ар-ұят, намыс, сабыр, төзімділік, жомарттық, шыншылдық, мейірімділік, ата-анаға құрмет, отансүйгіштік, қанағатшылдық, тазалық, махаббат, адамды сүю, жүректілік деп тізіп, жалпы парасат (фазилат) құндылықтарына, ал имансыздықтан туындаған зұлымдық, жалғандық, екіжүзділік, опасыздық, менмендік, қорқақтық сияқты жаман қылықтарды масқаралық (разилат) сипатына жатқызып, бұлардан аулақ болуды ескертеді. Қ. адамның бағынышты болуы қиын әлем екендігін, оны тек табиғи жолмен, ерікті сұхбат арқылы тәрбиелеуді, оны дінге шақыруда да ешқандай зорлық немесе қысым жасауға болмайтындығын ескертеді. Қорыта айтқанда, Қ-да адамның қандай болмыс екендігі, өмір сүру ортасы мен тіршілігінің мәні, әлемдегі орны мен мақсаты туралы оның болмысын нақтылайтын тиянақты жауаптар айтылған. Бұл жауаптардың барлығы адамның рухы мен көңіліне қатысты психол. құбылыстар мен қуаттарды түсінікті әрі қарапайым тілмен берген. Қ-ның үндеуі адам санасына, рухы мен ақылына арналған. М. Иса, Д. Кенжетай Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 6-том 
08.11.2012 11:32 3388

Соңғы редакциялау:

23 қазан 2012

Құран, Құран Кәрім (араб. ©oҹ    ­Aoҡ), Мұхаммед пайғамбарға (ғ.с.) құдайлық аян арқылы түскен Алланың сөзі, мұсылмандардың қасиетті кітабы, адамзатты ізгілікке бастайтын Алла рахымы. Қ-ның “Құраннан” өзге де есімдері мен сипаттары бар. Бұлардың негізгілері: 1) әл-Китаб. Бұл сөз Қ-да екі жүз отыз мәрте кездеседі, “Міне осы Кітапта күдік жоқ, бұл тақуалар үшін тура жол көрсетуші” (Бақара 2/2). 2) әл-Фурқан. “Ақиқат пен жалғанды айырушы” мағынасындағы бұл сөз Қ-да алты рет кездеседі. “Күллі әлемге ескертуші болу үшін құлына Фурқанды түсірген Алла тағала ең ұлық” (Фурқан 25/1). 3. Нур, Мубин. “Расында сендерге Алладан нұр және ”Мубин” ашық кітап келді” (Мәида 5/15). Қ-ның бұдан басқа да есімдері: Кәләм, Куда, Рахмәт, Шифа, Тәнзил, Уахи, Баян, Хақ, Адл, Бушра, Қасас, Азиз, Хикмәт, Хаблуллаһ, Рух, Муһәймин, Қайим, Зікір, Бәләғ, Мәжид, Уммул-Китаб‚ т.б. Қадір сүресінде айтылғандай, алғашқы құдайлық аян (уахи) 610 ж. рамазан айының Қадір түні Мекке тауының Хира үңгірінде Мұхаммед пайғамбарға (ғ.с.) ұалақ сүресінің (“Жаратқан Раббыңның атымен оқы!”) бес аятынан бастап түсті. Ең ұзақ аят Бақара сүресінің 282-аяты. Ең қысқа аяттар — Ясин, 36/1; Рахман, 55/1,64; Мүддессір 74/21; Фәжр 89/1; Дүха 93/1; Асыр 103/1. Қ-дағы сөздер саны 77 934 екендігі анықталған. Қ-да 6666 аят (Асым қирағаты бойынша), 114 сүре бар. Ең қысқа сүре үш аяттан тұратын Кәусар сүресі. Ал ең ұзағы 286 аяттан тұратын Бақара сүресі. Қ. Алла құзырынан Жебірейіл періште арқылы, Мұхаммед пайғамбарға (ғ.с.) жиырма үш жыл бойы түскен. Қ. мағыналық мазмұны бойынша, негізінен, 3-ке бөлінеді: 1) иман, сенімге байланысты аяттар, 2) шариат үкімдеріне қатысты аяттар, 3. Пайғамбарлар өмірі жайлы қиссалар. Мұхаммед  пайғамбар (ғ.с.) умми (оқу-жазу білмейтін) кісі болған еді. Ол құдайлық аян келгенде уахи хатшыларына сүре мен аяттарды түскен жерде жаздырып отырған. Хатшыларына жазғандарын дауыстап оқуды талап етіп, қателессе дереу түзеген. Зәйд ибн Сәбит бұл жайлы “Алла Елшісі (ғ.с.) Құдайлық аяндарды уахиды маған жаздыратын. Егер бір жерде қателік яки нұқсандық болса, дереу түзеттіретін. Ақырында мен жаңа келген уахиды адамдарға жеткізетін едім”, — дейді. Уахи хатшыларының саны шамамен қырыққа жетеді. Олардың атақтылары: Әбу Бәкр, Омар, Оспан ибн Аффан, Әли ибн Әбу Тәліп, Абдуллаһ ибн Сад, Зәйд ибн Сәбит, Зубәйір ибн Аууам, Убәй ибн Каб, т.б. Қ-ның бөлек-бөлек түсуі оның оңай жатталуына мүмкіндік жасады. Сахабалардың хат танитындары түскен мәтіндерді әрі жазып, әрі жаттап алды. Хат танымағандар Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) намазда, уағыз-насихатта оқыған Қ-ын естіп, жаттаған. Қ-ды сақтау барысында жазуға қарағанда жаттау әлдеқайда қолайлы тәсіл болды. Қ. сахабалардың тақуалық өмірлерінен бастап, Алла жолындағы күрестеріне, қоғамдық қарым-қатынастарына дейін жол нұсқап, тәрбиелеп отырды. Осылайша Қ. олардың өмірінің мәніне айналды. Мұхаммед пайғамбар (ғ.с.) әр жылы рамазан айында Қ-ның сол уақытқа дейінгі түскен бөлімін Жебірейіл періштемен бірге оқыды, бұлай оқу “Арза” деп аталды. Әбу һурайра Жебірейіл әр жылы рамазанда Алла Елшісіне Қ-ды бір рет оқығанын, қайтыс болар жылы екі рет оқығанын жеткізген (Бухари, Фәдәилул-Қуран, 7). Мұхаммед пайғамбар (ғ.с.) сол күнге дейінгі түскен аяттардан құралған Қ-ды бастан аяқ оқығанда сахабалар да қолдарындағы Қ-ның тұпнұсқаларын алып, қателіктері болса, түзетіп отырған. Мұхаммед пайғамбар (ғ.с.) өміріндегі ақырғы рамазан айында Жебірейіл екеуі бір-біріне Қ-ды екі рет қайталап оқып тексерген. Мұхаммед пайғамбар (ғ.с.): “Жебірейіл Қ-ды маған бастан-аяқ екі рет оқытты. Мен осыған қарап, жақында көз жұматынымды аңғардым”, — дейді. Жебірейіл періштенің Алла Елшісін тыңдаудағы мақсаты: 1) Қ-ның сақталу жолын мұсылмандарға үйретіп, оның мінсіз сақталуы Алла үшін қаншалықты маңызды екенін білдіргендігі; 2) Сол жылға дейінгі аят пен сүрелердің бір-бірінің жалғасын тауып, орналасу жүйесін тағы бір анықтау; 3) сахабалардың жазғандарын, яки жаттағандарын түзетіп, бірлікке шақыру және Қ-ның кейіннен бір кітап болып жиналуына жағдай жасау; 4) Қ-да Алла әмірімен кейбір аяттардың мансұқталуы. Исламда қазіргі күнге дейін сақталған рамазан айындағы тарауих намазы кезінде Құранды хатым қылып бастан аяқ оқып шығу дәстүрі осының жал-ғастық табуынан еді.

Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) өмірінің ақырына дейін уахи келуі ықтимал болғандықтан, оның көзі тірісінде Қ. толық бітті деп, бір кітап етіп жинақтау мүмкін емес еді. Ол өмірден өткеннен кейін ғана уахи тоқталғаны айқындалып, алғашқы халифа Әбу Бәкр кезінде Қ. бір кітап етіп жинақталды. Қ-ның пайғамбар кезінде жиналып бір кітап етілмеуінде басқа да бірнеше себептер болған: 1) Қ. мәтінінің сенімді кепілі Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) өзі тірі болған соң, Қ. жазылған парақтар мемл. істердің бәрінде бірдей ресми түрде қолданылмады. Кейіннен келген халифалардың мұндай ерекшелігі болмағандықтан, жазылған парақтарды бір кітапқа жинақтау қажеттілігі туды. 2) Әбу Бәкр “мұсхаф” кітапты сахабалардың қолдарындағы жазылған түпнұсқалары мен жаттаған Қ. арқылы растап әрі кейбір адамдардың жеке қателіктерін дұрыстап, нәтижеде үмбеттің бәрі бір ауыздан қабыл еткен “Имам мұсхаф” — негізгі кітапты жинақтамақшы болды. 3) Ямәмә соғысында көптеген сахабалар шейіт болды. Осыдан кейін Омар Халифа Әбу Бәкр Зәйд ибн Сәбиттің бастауымен алқа құрып, Қ-ды бір кітап етіп жинаттырды. Қ. жинауда жазылған түпнұсқалар Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) нұсқауымен жазылған мәтін екендігін екі куәгер дәлелдеуі керек, аяттар “мансұқталса” (үкімі жойылған болса) жазылмауы тиіс деген негізгі талаптар қойылды. Мұхаммед пайғамбар (ғ.с.) өмірден өткенде дайындалған бұл жинақ “мұсхаф” деп аталды. Тері, құрма ағашы, сүйек, жапырақ, т.б әр түрлі нәрселерде жазылған Қ. мәтіндерін қағазға жазып, бір кітап еткен Зәйдтің ісі бір жылға созылған. Оған хазіреті Омар, Әли, Оспан, Ибн Кағб көмектесті. “Мұсхаф” аталған осы кітап алдымен Әбу Бәкрде, ол қайтыс болғаннан кейін Омарда, одан кейін қызы Хафсаның қолында сақталған. Оспан кезеңінде ислам діні Арабстаннан тыс өлкелерге қанат жайды. Сол жақтарға арнайы мұғалімдер жіберіліп, олар өздері үйренген Қ. қирағаттарын исламды жаңадан қабылдаған елдерге оқыта бастады. Осы кезеңде туындаған қайшылықтарды жою мақсатында Омардың қызы Хафсаның қолындағы түпнұсқаны Оспан көбейту үшін уақытша сұрап алды. Осы істі атқаруға хижраның жиырма бесінші жылы құрайыштықтар (меккелік) мен әнсарлықтардан (мединелік) он екі кісілік топ құрып, Зәйд ибн Сәбитті басшылыққа тағайындады. Жазылған жаңа “Имам Мұсхаф” кітабы мешітте оқылып, мұсылмандардың бәрі бір ауыздан мақұлдады. Бұл “Имам Мұсхаф” төрт данаға көбейтілді. Біреуі Мединеде қалдырылып, қалған үшеуі Шам, Куфа, Басраға жіберілді. Ислам діні пайда болғанда араб жазуында әріптердің ноқаттары мен қаракеттері жоқ болса да, сахабалар өз тіліндегі Қ-ды қатесіз оқыған. Хижраның 1 ғ-ның 2-жартысынан бастап, өзге халықтың ислам дінін қабылдауы мен олардың араб тілін білмеулері себепті Қ-ды жаңылыс оқу белең ала бастаған. Осыған дейін Қ. жазуының қарекеті мен ноқаты болмауынан туындаған қиындықты шешу үшін Әбул Әсуәд әд-Дуәли қаракеттердің жазылуын енгізді. Насыр ибн Асым (кейбір деректе Яхия ибн Ямәр) Қ. әріптерін бір-бірінен ажыратқан ноқаттарды қойды. Бұны ғалымдар “Ижам” деп атады. Сахабалар Мұхаммед пайғамбардан (ғ.с.) әр түрлі қирағаттар үйренген; қ. Қирағат.

Қ. мағынасы сол заманнан бастап-ақ өзге тілдерге аударыла бастады. Кейбір деректерде сахаба Салман Парсы Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) рұқсатымен Фатиха сүресінің мағынасын парсы тіліне аударып, ирандықтарға жібергендігі айтылады. Құран мағынасы үнді тіліне алғаш рет 833 ж., парсы тіліне 956 ж., латын тіліне 1143 ж., француз тіліне 1647 ж., ағылшын тіліне 1649 ж. аударылған. Қазіргі уақытта Қ. мағынасы жүзден астам тілге тәржімаланған. Қ-ның түркі тіліндегі алғашқы мағыналық аудармасы 15 — 11 ғ-да жасалғаны туралы жорамалдар болғанымен, қазіргі заманға жеткен аударманың ең көнесі 14 ғасырда жазылған.

Қазақ халқының рухани бастауларында болған ғұламалар Қ-ның мағыналық аударма-сынан гөрі мәнін ашуға, хикметін сезуге ұмтылған. Абайдың “Адамды сүй, Алланың хикметін сез!”, “Адамның хикмет кеудесі”, — деген сөздерінен Қ-ды да, адамды да, әлемді де хикмет кітаптары деп біліп, оларды ажырамас өзара бірлікте, тығыз үйлесімде танығаны аңғарылады. “Құран рас Алланың сөзі-дүр ол, Тәуиліне жетерлік ғылымың шақ”, — деген Абай Қ-ның сөздік мағынасынан гөрі ішкі мәніне ұмтылуға үндейді. Қ-ның рухани мәнін, адамзат қоғамындағы орнын түсінуде ондағы адам мәселесін зерделеудің маңызы зор. Қ — адамзатты қараңғылықтан нұрға бастайтын құдайлық рахмет — мейірім көзі, (һұд, 17 аят) адамға бақилық бақыт жолын көрсететін Алланың сөзі (Исра, 9). Қ. жеке адам және қоғам тіршілігі үшін қажетті құқықтық, әлеум.-экон. саяси-басқару, этик.-моральдық жүйелердегі негізгі қағидалар мен ұстанымдарды негіздеді. Қ-да екі маңызды мәселе — Алланың жалғыздығына сенім (таухид-монизм) және Алланың құдіреті, сол құдіретімен жаратқан әлем, адам, олардың Алламен арасындағы байланыстары жүйеленген. Қ-да адамның көңілі (қалбы-жүрегі) — таным көзі немесе танымға жетудің құралы мағынасында қолданылған. Қ-да адам ақылын — “қалб көзі” (көңілдің көзі), Алланың жеке мәндік аяны (ал-уаһи-ул-жузи) ретінде, ал Қ-ды — объективтік аян, әлемді — Алланың танымдық кітабы, универсалдық аян ретінде танытады. Сопылық дүниетанымда бірлік (таухид-монизм) ұстанымын осы құдайлық үш аяндағы универсалдық тұтастық пен үйлесімділік негізінде топтастырған. Демек бірлік (таухид) ұстанымы адам, Қ. және әлемді өзара тұтастықта қарайды. Қ-да Құдайдың адамды “халифа” мақамында жаратқандығы айтылады. Бұл тұстағы Құдайдың халифасы (орынбасары) ұғымы —  адамның әлемдегі орны мен маңызын анықтайтын діни категория, ең құрметті атақ болып саналады. Адамның мұндай жоғары атаққа лайық болуының сыры оның жаратылыс мақсаты мен ерекшелігінде жатыр. Қ-дағы мәлімет бойынша рух әлемінде Алла мен адамның арасында “жаратушы-жаратылған” сипаттарын білдіретін, олардың өзара мақсаты мен міндетін анықтайтын, “Мисақ” яғни, ант, келісімсөз жүзеге асырылған-ды. Адам бұл антты Алланың жердегі өкілі ретінде Жаратушысын ұмытпай, жердегі адамдық орны мен қызметін атқарып, алған аманатты (Азхаб, 172) сақтаймын деп берген болатын. Бұл жердегі “аманат” ұғымы иман, жауапкершілік, Құдай алдындағы парызға және адамдардың құқықтарына құрмет, сөз, ақыл, ойлау қабілетін дұрыс қолдануды, ар-намысын сақтауды білдіреді. Адам осы міндетін орындап, қабілеттерін орнымен қолданып, дамыта алғанда ғана “халифа” деген атқа лайық болады. Қ. аяттары адамзаттың өзара туыстығын, бүкіл адамдардың бір Жаратушысы бар екендігін білдіргеннен кейін, мәдениет пен қоғамның, тайпалар мен ұлыстардың бір негізден пайда болғандығын ескертіп, олардың өзара тең сұхбат арқылы тұтастыққа, бірлікке ұласуын негізгі мақсат етіп көрсетеді. Сондықтан Алла адамзатты құдайлық табиғат негізінде өзара тең қылып жаратқан. Ал адамдардың кейінгі қоршаған ортасы, әлеум.-тарихи, әдет-ғұрыптық, мәдени-дүниетанымдық ерекшеліктері Жаратушының тең қылып жарату ақиқатын өзгерте алмайды. Адамның Аллаға берген сөзінде тұру-тұрмауы, құдайлық сынаққа сену-сенбеуі өз еркінде. Қ. бойынша адам — таңдау еркіндігі бар, жауапкершілік иесі, сонымен қатар аманат тасушы болмыс. Сондықтан да Қ-да айтылған ақыреттегі жағдай — иман етушілердің жұмақтағы орны және имансыздардың тамұқтағы хәлі жайында адамға жасалған негізгі ескерту болып табылады. (Кеһф, 29). Адам — жан мен тән және ақылдан тұратын біртұтас болмыс. Адамның тәні топырақтан жаралып, жаны Алладан берілгендіктен, тән топыраққа, жан рухани әлемге, өз негіздеріне оралуға құштар. Осындай жақсы мен жаман, ақ пен қара, тән мен жан, иман мен күпірлік, мойынсұну мен теріске шығару сияқты қарама-қайшы құбылыстарды жаратудағы сырды Қ. аяттары түсіндіреді. Егер адам ерікті болмаса, сынақ жүйесі мәнсіз болып шығар еді. Бұл түсіндірулерден қарама-қайшылықтар мен күрестің нысаны адамның жаратылыс сырында екендігі көрінеді. Адам табиғатындағы қайшылықтар Алланың оны сынақтан өткізуі және оның кемелденуі мен рухани биіктеуі, Ақиқатты табуы үшін қажетті деп тапқан жүйесі. Қ-ның адамды басқа болмыстардан ерекше мақамға шығару себебі оған Алла өз рухынан үрлеген құдайлық жауһардың (субстанция) берілуіне байланысты болуы керек (Сәжде, 6-10). Осы құдайлық жауһар арқылы адам періштелерден де жоғары, Алланың халифасы болуға лайық болмыс ретінде жаралған (Баһара, 30). Сонымен қатар адам “ең көркем келбетте” және “мазмұнда (сиретте)” жаратылған ең сұлу болмыс (Тин, 4). Жақсылық пен жамандықты айыру қабілеті мен күші де (фурқан, тамииз) тек адамға ғана беріліп (Шамс, 8), әлемдегі мүмкіндіктердің барлығы адамға қызмет ету үшін жаратылған (Жасия, 13). Қ-да адамның табиғаты мен мінезіне байланысты анықтамалар өте көп. Сонымен қатар адамның психол. қуаты мен қызметтері, рухани даму сатылары, адам типол-сы сияқты мәселелер кеңінен қамтылған. Дегенмен Қ-да басты мәселе ретінде адамның имандылық пен асылық, яғни Құдайды жоққа шығару психол-сы арасындағы моральдық таңдау, сонымен қатар аян және илһам, дәстүрлі әлеум. әдеттердің ықпалы, сол топтардың психол-сы, діни үндеуге қарсылық және қорғану механизмдері сияқты көптеген мәселелер қарастырылған. Қ-да адам ең жоғарғы мақамда жаратылғанымен, оның нәпсінің зынданына түсіп, “ең төменгі дәрежеге дейін құлдырайтын” (Тин, 4-5) моральдық азғындауға да бейім екендігі ескертіледі. Адамның моральдық азғындауына берілген анықтамаларда оның “әлсіз, қан төгуші, жоюшы, залым, қиянатшыл, ашкөз, арамтамақ, сараң, надан” екендігі сыналып (Ниса, 28; Бақара, 30; Наһыл,4; Азхаб, 72; Исра,11-27,100), Алла адамды осылардан қашуға, жиіркенуге үндейді. Өйткені Тәңірдің адамға қояр талабы — оның көркем құлықты, жамандыққа жаны қас, жақсылыққа жаршы болатын, Құдайдың еркін жүзеге асыратын құл болуы. Құдайдың шынайы құлы болу үшін адам, ең алдымен, өз болмысымен тұтастыққа жетіп, содан кейін өзін қоршаған әлеммен үйлесімділік құруы тиіс. Осы үндестікті қамтамасыз ету үшін Құдай Қ. арқылы адамға құндылықтар жүйесін ұсынады. Бұл құндылықтар адамгершілік пен парасаттылықты қалыптастырудың негізгі қалыбы — тезі. Адамның жақсылық, парасат, ізгілікті іспен, сөзбен және оймен қарулануы оның иманының қуатына тікелей қатысты. Өйткені Қ-да имандылық адамгершіліктің тұтқасы, негізгі көзі ретінде түсіндірілген. Имандылықтан туатын құндылықтарды әділеттілік, турашылдық, ар-ұят, намыс, сабыр, төзімділік, жомарттық, шыншылдық, мейірімділік, ата-анаға құрмет, отансүйгіштік, қанағатшылдық, тазалық, махаббат, адамды сүю, жүректілік деп тізіп, жалпы парасат (фазилат) құндылықтарына, ал имансыздықтан туындаған зұлымдық, жалғандық, екіжүзділік, опасыздық, менмендік, қорқақтық сияқты жаман қылықтарды масқаралық (разилат) сипатына жатқызып, бұлардан аулақ болуды ескертеді. Қ. адамның бағынышты болуы қиын әлем екендігін, оны тек табиғи жолмен, ерікті сұхбат арқылы тәрбиелеуді, оны дінге шақыруда да ешқандай зорлық немесе қысым жасауға болмайтындығын ескертеді. Қорыта айтқанда, Қ-да адамның қандай болмыс екендігі, өмір сүру ортасы мен тіршілігінің мәні, әлемдегі орны мен мақсаты туралы оның болмысын нақтылайтын тиянақты жауаптар айтылған. Бұл жауаптардың барлығы адамның рухы мен көңіліне қатысты психол. құбылыстар мен қуаттарды түсінікті әрі қарапайым тілмен берген. Қ-ның үндеуі адам санасына, рухы мен ақылына арналған.

М. Иса, Д. Кенжетай

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 6-том 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға