Ірі архитектуралық-көркем композициялар
Түрлі елдердің мамандары әлемдік архитектураның үздік дәстүрлерін ескерді. Ірі архитектуралық-көркем композициялардың бірі «Астана-Бәйтерек» монумент-ескерткіші болып табылады. Оның биіктігі 97 метр. Монумент астананың барлық көрінісіне шолу жасауға болатын көру алаңшасы бар өзгеше ғимарат.
Сол жақ жағалауда «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының таңғажайып ғимараты тұрғызылды.
Көлік және коммуникациялар, Қорғаныс, Сыртқы істер министрліктерінің және Ұлттық кітапхана мен мұрағаттың ғимараттары салынды.
Парламент Сенаты мен Мәжілісінің, Үкіметтің ғимараттары, Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясы – Ақорда, Үкімет пен министрліктердің бірнеше ғимараттары бой көтерді.
Астананың айналасында қаланы жел мен бораннан қорғайтын жасыл белдеу жасалды. Оның көлемін 50 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланды.
Астанада көптеген фонтандары мен саябақтар салынуда.
Көлік инфрақұрылымының қалыптасуына баса назар аударылуда. Есіл арқылы өтетін бірнеше ірі көпірлер салынды. Тек қана 2007 жылы 2 көпір пайдалануға берілді.
Жаңа астанаға қалада болған саясаткерлер, бизнесмендер, өнер қайраткерлері, архитекторлар, көрнекті мемлекеттік және қоғам қайраткерлері жоғары баға берді. Мәскеу мэрі Ю. Лужков Астананы Гиннестің рекордтар кітабына құрылыс қарқындылығы бойынша енгізуге ұсыныс жасады.
Сауда мен бизнес жедел дамуда. Астанаға Алматыдан шетел мемлекеттерінің елшіліктері көшіп келді.
Астана жаңа қонысқа көшкелі бірқатар жалпы білім беретін және кәсіби-техникалық мектептер мен колледждер салынды. Мемлекеттік емес мектептердің саны өсті.
Қазір Астанада 50-ден астам мектеп жұмыс істейді. Республикадағы білікті маман дайындаудың жетекші орталықтарының бірі – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті. Ол мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен ашылды.
Астанада 2001 жылдан бастап посткеңестік кеңістікте жабдықталуы бойынша теңдесі жоқ Республикалық клиникалық аурухана жұмыс істейді.
Президенттік мәдениет орталығы Астана омірінен өзгеше орын алады, орталықта тарихи мұражай, қоғамдық кітапхана мен органды концерт залы орналасқан. Спорт пен дене шынықтырумен шұғылданатындарға Спорт сарайы пайдалануға берілді. Астананың корнекі «Атамекен» этномемориалдық паркінде Қазақстанның барлық облыстары макеттік түрде көрініс тапқан.
2003 ж. Астанада Әлемдік және дәстүрлі ұлттық діндер лидерлерінің съезі өтті. Оның ерекшелігі – конфессия аралық сұхбаттың тұңғыш рет Астанада өткендігінде. 2006 ж. ұлттық-мәдени орталықтар орналасқан Бейбітшілік пен келісім сарайы пайдалануға берілді. 2006 ж. Екінші әлемдік және дәстүрлі ұлттық діндер лидерлерінің екінші съезі өтті. Астананың беделі өсіп келеді. Әлемдік және аймақтық қауіпсіздікті қолдауда Астананың үлесі зор. Теміржолшылар сарайы жөнделіп қана қоймай, техникалық қызметтер үшін жаңа қосымша бөлмелер берілгендіктен, онда жаңа К. Байсейітова атындағы опера және балет театрын ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры және М. Горький атындағы орыс театры жондеуден өтті. Бүгінде Астана – елдің ірі мегаполисі, жаңа ұрпақтың қаласы, Қазақстанның үйлесімді дамып жатқан елордасы. Астана біздің елорда тұрғындарының және барлық қазақстандықтардың мақтанышы.
Дереккөзі: АСТАНА энциклопедиясы