Көші-қон есебін бастау
Жыл сайын 20-30 млн адам түрлі қалаларға қоныс аударады. Бұл үрдіс Қазақстанда да орын алған. Бұл жерде негізгі көңіл аударарлық жайт – ішкі көші-қон нәтижесінен Қазақстанның екі ірі қаласы Алматы мен Астананың өсуі. Ресми статистикалық мәліметтер бойынша астана жаңа қоныс тепкелі оның тұрғындары ұдайы өсіп келеді. Көші-қон есебін 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастау ұйғарылған. Себебі, 1997 жылдың желтоқсанында республикалық және мемлекеттік мекемелердің Астанаға коныс аударуынан көші-қон белсенді түрде жүрген болатын. Астана халқының саны 1999 ж. -318,2 мың, 2000 ж. - 381 мың, 2001 ж. 440,2 мың адамға жетті.
Астана қоныс тепкен алғашқы жылдары тұрғындардың 30-40%-ы тіркеудің болмауынан және көші-қонның наукандык сипатта болуынан есепке алынбады. Осыған байланысты Астанаға келгендердің тіпті жалпы санын, сондай-ақ әлеуметтік кәсібін, ұлттық құрамын анықтау қиындық тудырды. Алғашқы кезде қаланың жеке және заңды тұлғалары тарапынан республика тұрғындарына құжат беру, тіркеу ережелері бұзылды. Көптеген қала тұрғындарының пәтер жалдайтындығы, саяжайларда тұратындығы, сол себепті тіркеуге тұрмайтындығы құқық корғау органдарына да белгілі болатын. Уақыт өте келе статистикалық есеп жүргізу бір жолға қойылды. 2001 жылдың қыркүйек айында қала әкімшілігі «Мен – Астана тұрғынымын» акциясын өткізді. Акцияны жүзеге асыру үшін көші-қон полициясы Қазақстан азаматтарын тұрғылықты жері және үш айдан көп мерзімге келген жері бойынша тіркеу жүргізу пункттерін ұйымдастырды. Бұл азаматтарға статистика есебінің талондары толтырылып, статистика органдарына берілді. Бұл талондар Астана қ. статистика басқармасында сарапталып «...түрлі әдістер қолданыла отырып тиянақты логикалық және бағдарламалық бақылау жүргізілген соң, Қазақстан Республикасы Статистика жөніндегі агенттігіне берілді». Акция нәтижесінде қосымша құжат беру мен тіркеу жүргізіліп, Астана халқының жалпы саны ресми статистика бойынша 2001 ж. 440,2 адамға жетті. 2002 ж. тұрғындар саны 493,1 мың адамға өсті, 2003 ж. Астана жарты миллион халқы бар қалаға айналып, адамдар саны 502 мыңға жетті. 2004 ж. 510,5 мың адам, 2005 ж. 529,3 адам, 2006 ж. 550,4 адам, 2007 ж. 574,4 адам болды. Тұрғындар саны 2008 жылдың 1 қаңтарында 602 480 адамға жетті. Статистикалық мәліметтер бойынша көші-қон факторы Астана халқы өсуінің негізгі қозғаушы күші болды. Ауылдан, шағын, орта және ірі қалалардан Астанаға қоныс аударушылар көбейді. Ауыл мен қала арасындағы көші-қон жаңа даму жолына түскен елдердегі шоғырлану деңгейіне әсер етіп, қала түрғындары өсуінің негізгі көзіне айналды. Астанаға көшу үрдісін сараптағанда көші-қонның тұрақты көзі бар екенін байқауға болады. Зерттелген уақыт аралығында Астанаға Ақмола облысының тұрғындары көптеп көшіп келген. Екінші орында, соңғы он жылдан бері Алматы каласынан қоныс аударғандар тұр. Оларды Астанаға республикалық мекемелер мен ведомстволардың қоныс аударуына байланысты келген мемлекеттік қызмет адамдары тобы құрайды. Үшінші орынға Қазақстанның солтүстік және орталық аймақтарын: Қарағандыны, Қостанайды және Солтүстік Қазақстанды жатқызуға болады. Төртінші орында республиканың оңтүстік өңірлері: Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарының тұрғындары тұр. Аумақаралық көші-қонның ресми статистикалары бойынша Астанаға тек іргелес облыстардан ғана емес, шалғай жатқан оңтүстік өңірлерден де адамдар қоныс аударып отырғаны аңғарылады.
Дереккөзі: АСТАНА энциклопедиясы