Қазақ Ұлттық музыка академиясы
Қазақ Ұлттық музыка академиясынан Орган залының ашылуы Музыка академиясының өміріндегі, сондай-ақ Астананың өркендеуіндегі елеулі қадам және бүгінгі Қазақстан мәдени дамуындағы тарихи оқиға болды. 2005 ж. ҚР Президентінің катысуымен «Hugo Mayer Organ Construktion» фирмасының органы іске косылды. Құдыретті музыка аспабы өзіне лайықталып арнайы салынған ғимаратта үндесе күңіреніп, құлақ құрышын қандырады. Органды өзі қойылатын залымен бірге салу ежелден келе жатқан дәстүр, мүнда орган үнін залдың әуелетіп тұруы ескерілген. Қазақстаңда мұның алдында екі орган залы болғаны (бірі – Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияда; екіншісі – Қазақ консерваториясының үлкен залында) белгілі. Алайда әлемдік талап деңгейіне сай орган осы соңғысы болып табылады. Орган залының салтанатты ашылуына әлемге есімі әйгілі неміс органшысы Л. Крэмер және қазақтың танымал органшысы Г. Несіпбаев шақырылды. Зал ашылғаннан бері тындаушылар небір музыка жауһарларынан сусындады. 2005 ж. 1-3 қыркүйек аралығында Астанада Орган музыкасының тұңғыш фестивалі өтті. Фестивальға белгілі органшы Й. Унгер (Германия), Қазакстанның еңбек сіңірген артисі Ғ. Несіпбаев және халықаралық конкурс лауреаттары А. Несіпбаева мен С. Әбілханова шақырылды. Қобыз музыкасының жанашыры, меценат С. Ысқақов отандық мәдениеттің дамуы мен оның насихатталуына үлкен үлес қосып келеді. Меценаттың қайырымдылық істерінің ішінде қылқобыз және қылқобыз музыкасына байланысты жобалар да бар. Қылқобыз бен орган үндестігін біріктіріп ансамбль жасау идеясы да Ысқақовқа тиесілі. 2006 ж. қазақстандық жас композитор С. Әбдінұровтың қылқобыз бен «Тілеп абыз» органына арнап жаңа шығарма жазуы өнерсүйер кауымды елең еткізген оқиға болды. Шығарма аты аңызға айналған Қорқыт ата дәстүрін жалғастырушы, қобызшы, жыршы Тілеп Аспантайұлы (1757-1820) бақсыға бағышталды. Қобыз бен орган үндесуі музыка әлемі тәжірибесінде алғаш рет жүзеге асты. Қобыз түркі халқының ежелден келе жатқан киелі музыка аспабы, оны шамандар, бақсылар пайдаланған. Аңыз бойынша қылқобыздың атасы Қорқыт делінеді. Қорқыт қобызын тартқанда аң екеш аң да жемін тастап, құс атаулы қобызға мүлгіген, ал өлімнің өзіне қобыз арашашыі болған. Осылайша қылқобыз зұлымдық атаулыны жеңуге жәрдемдескен. Орган болса, Еуропа мәдениетінің туындысы. Оның арғы тарихы көне заманға жол тартады, ол ғасырлар бойы діни музыканың уағыздаушысы болып келген-ді. Органды бір жағынан жалпыхалықтық музыка аспабы деуге де болады. Бірнеше қамыс сыбызғы бумасынан жасалған Пана флейтасы талай елдің музыкалық мәдениетінен орын алған. «Тілеп абыз» поэмасында қазақ және еуропа музыка аспаптарының үндесіп, әлемдік үйлесім идеясының шешім табуы, бір-біріне қарама-қайшы екі бастаудың өзара тартылысы, екі полюстың (Шығыс пен Батыстың), екі мәдениет, екі діннің қауышуы жүзеге асқан деуге болады. Ішекті аспаптар арасында ең көне қылқобыздың адам үніне өте етене дыбыс шығару қабілеті орган үнімен тамаша астасатыны тыңдарман көкейінен шықты. Ысқақовтың демеушілігімен құрылған «Тілеп» қылқобыз квартеті бүл күнде ата музыка дәстүрін жалғастыруда. Оның мүшелері: А. Қазақбаев, А. Сайжан, Г. Қылышбекова, Г. Мұстахимова сынды дарынды қобызшылар. Қобызшылар қобызы Тілеп бақсы қобызының үлгісімен жасалған.
Дереккөзі: АСТАНА энциклопедиясы