Қаламгерлер
Ақмола-Астана әдебиетіне елеулі із қалдырған жазушының бірі – С. Омаров (1907-1985 жылдары). Атбасар ауданының Керегетас ауылында өмірге келген қаламгер облыстық және республикалық баспасөзде жауапты қызметтерде жүріп, көптеген әдеби шығармалар жазды. Алғашқы туындылары өткен ғасырдың 30-жылдарында жариялана бастады. «Бақыт» (1938 жылы), «Заман күші» (1948 жылы), «Алтын алқап» (1963 жылы) әңгімелер жинақтары жазушының қабілет-қарымы мол екенін көрсетті. «Қайырлы жаз» (1959 жылы), «Балзия», «Күншуақ» (1965 жылы), «Қиыр жол» (1974 жылы) повесі, «Қызыл арай» (1970 жылы) романы бар. С. Омаров балалар әдебиетіне де қалам тартып, «Әңгімелер» (1952 жылы), «Аққу күйі» (1955 жылы), «Бақ жұлдызы» (1969 жылы) кітаптарын жас оқырмандарға тарту етті. Аударма саласына да араласты, М. Горькийдің, Л. Толстой мен А. Чеховтың, Н. Некрасовтың әлемдік деңгейдегі туындыларын казақ жұртына көркем жеткізді. Өз еңбектері де басқа тілдерге аударылды.
Ақмола-Қараөткел жерінде туған қаламгерлердің көш басында аса көрнекті жазушы, біртуар дарын иесі I. Есенберлин (1915-1983) тұр. Атбасар топырағының дарынды перзенті алғашында ақын ретінде танылды. 1945 ж. «Сұлтан» және «Айша» дастандары көптің қолына тиді. Бұдан соңғы кезеңдерде де өлең жанрынан сырт қалған жоқ. «Адамгершілік туралы жыр» (1949), «Большевик туралы поэма» (1957), «Біржан сал трагедиясы» (1959) поэмалары жарық көрді. 20 ғасырдың 60-жылдары прозалық шығармаларға бет бұрды. «Өзен жағасында» (1960), «Толқиды Есіл» (1965), орыс тілінде жазылған «Адам туралы ән» (1957) повестері жарияланды. Қаламгердің осы туындылардан кейінгі еңбектері түгелге дерлік қазақ халқы мен тұлғаларының тарихына арналды. «Қаһар» (1969), «Алмас қылыш» (1971) романдары, «Көшпенділер» трилогиясы (1976), «Алтын орда» трилогиясы (1982) әдебиеттің алтын корына қосылды, одақ көлемінде жоғары бағаланды. «Айкас» (1966), «Қатерлі өткел» (1967), «Ғашықтар» (1968), «Алтын қүс» (1972), «Көлеңкеңмен қорғай жүр» (1974), «Маңғыстау майданы», «Аманат» (1978), т.б. романдары суреткерлік тың шешімімен және тақырып жаңалығымен дараланды. Жазушының еңбектері көптеген шет тілдерінде жарық көрді.
Ақмола әдебиетінде неміс және орыс қаламгерлерінің айтарлықтай орны бар. «Тұзды бүлік» («Соляный бунт») поэмасының авторы П.Н. Васильев Атбасарда туып өссе, белгілі жазушы-фантаст А.П. Казанцев Ақмола қаласында дүниеге келген. Тағы бір танымал прозашы әрі ғалым С. Марков еңбек жолын 1920 ж. қаладағы алғашқы кеңес газетінде бастады. «Юкон карғасы» («Юконский ворон») (1946), «Шыңға беттегендер» («Идущие к вершинам») (1963) романдарының авторы. Соңғысы Ш. Уәлиханов туралы. Жазушының Ақмола тақырыбындағы «Акмола сағаты» («Акмолинские часы»), «Тұзды құдық» («Соленый колодец») әңгімелері, «Шұғылалы өзен» («Радуга река») өлеңдер жинағы, басқа да шығармалары бар. Ақмоладағы революциялық оқиғаларды өз көзімен көрген қаламгер А. Дубовицкий С. Сейфуллиннің жетекшілігімен «Әдебиет майданы» журналының орыс редакциясына жауапты болды, Есіл өңірі ақындарының шығармаларын насихаттап, тарихтан талай сыр шертті. Бөгенбай батыр мен оның үзеңгілес серіктері Досай, Атан, Жантай баһадүрлер туралы нақты деректермен жазды. «Өткен күндер» («Дни прошедшие») повесі мен «Сұңқар қия» («Соколиная вы-сота») әңгімелері жарық көрген. 1960-1970 жылдары «Фройндшафт» неміс газетінде әдеби кеңесші болған Жакмьен, осы баспасөз редакциясын басқарған А. Дебольский әр такырыпта өндірте жазды. А. Дебольский «Нәбел» (1971), «Дизер ферленгенте Зоммер» (1975) романдарымен белгілі.
Дереккөзі: АСТАНА энциклопедиясы