Салауатты өмір салты орталығы
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2030» Стратегиялық бағдарламасын және «Астана қаласында 2002-2005 жылдары салауатты өмір салтын қалыптастыру» қалалық бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қала әкімдігінің қаулысымен «Салауатты өмір салты орталығы» (СӨСО) құрылды. СӨСО қызметі 5 денсаулықты нығайту орталықтарынан (ДНО) және емдеу-профилактика ұйымдарының СӨС ұйымдастырушыларынан тұрады. ДНО-ның қызметі аумақтық тіркелген халық контингентінің арасында жұмыс істеуге бағытталған. Шылым шегуді тастағысы келетін, қант диабетімен ауыратын адамдарға кеңес беру арқылы көмек көрсетеді. СӨСО Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (БДҰ): «Салауатты университеттер», «Салауатты колледждер», «Салауатты мектептер», «Салауатты жұмыс орындары», «Салауатты қалалар» бағдарламалары бойынша жұмыс істейді. 1999 ж. маусым айында Астана қаласының әкімімен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды, оның негізгі мақсаты қызмет көрсететін учаскелерде тұрғындарға медициналық және әлеуметтік ықпалдасқан көмек көрсететін үлгілі отбасылық дәрігерлік амбулатория (ҰОДА) құру болып табылды. «Демеу» ҰОДА жанында әр түрлі клубтар мен орталықтар жұмыс істейді, олар халыққа медициналық, психологиялық, әлеуметтік көмеккөрсетеді. «Баянды қарттық» клубы қарттардың күтімі мәселелерін шешуге, «Сенім» клубы жасөспірімдерге психологиялық және ер жетуге байланысты туындайтын мәселелерді шешуге, есірткі қабылдаушыларға және ақылы коммерциялық жұмысқа арналған «Сенімді жанмен бөлісер сыр» пункті бойынша зиянды әдеттерден арылғысы келгендермен жұмыс жүргізеді. «Салауатты ата-ана – салауатты ұрпақ», «Қауіпсіз балалық шақ» клубтары баламен тіл табысу, оларды тәрбиелеуде қиындықтарға тап болып отырған отбасыларымен жұмыс істейді.
Қазіргі кезде Денсаулық сақтау департаменті өз жұмысында қаланың экономикалық және әлеуметтік жағдайын кешенді бағалауға негізделген, 2005-2010 жылдары ҚР-нда денсаулық сақтау саласын реформалау және дамытудың мемлекеттік бағдарламасының ережелеріне сәйкес, Астана қаласының денсаулық сақтау саласын реформалау және дамытудың мемлекеттік бағдарламасын басшылыққа алады. Бағдарлама ҚР астанасы дамуының осы кезеңіндегі денсаулық сақтаудың өзекті мәселелері мен басымдықтарын ескере отырып, халықтың денсаулық жағдайын жақсартуға бағытталған.
Дереккөзі: АСТАНА энциклопедиясы