Жаңалықтар

I кезең – 1997-99 жылдар

Бас жоспарды дайындау мен түзетулерге байланысты қиындықтардың бәріне қарамастан, қала құрылысы осы жылдар ішінде бекітілген жалпы қала салу стратегиясын, бірізділік қағидалары мен сабақтастықты сақтай отырып, кең ауқымда және жылдам қарқынмен дамыды. Жағдайлар мен қала экономикасының қаржылық мүмкіндіктеріне қарай құрылыс бағдарламасы мен стратегиясы өңделіп, өзгеріп отырды. Бұл орайда мынадай бірнеше бағдарламалық кезеңді атап өтуге болады: I кезең – 1997-99 жылдар. Бұл аралықта базалық кезең ретінде мынадай міндеттер қойылды: 1) қысқа мерзім ішінде Ақмоланы астаналық қалаларға қойылатын халықаралық талаптарға сай дәрежеге көтеру үшін барлық жағдайларды жасау; 2) алдын ала жіберілген үкіметтік мекемелер мен мемлекеттік органдардың толыққанды жұмыс істеуі үшін барлық жағдайларды жасау. Қала құрылысы 2005 жылға дейін қазақ сәулетшілері дайындаған Бас жоспар жобасы бойынша реттеліп отырды. Бұл жылдарда қаланы көркейту жобасы мына ережелердің негізінде жасалды: 1) негізгі әрекеттерді қолданыстағы әкімшілік және қоғамдық негіздегі ғимараттарды үкіметтік мекемелер мен астаналық қызметке лайықтап қайта жөндеу жұмыстарына бағыттау; 2) жаңа нысандардың құрылысын тек қала аумағындағы бос жерлерде ғана жүргізу; 3) барлық күш пен заттарды «Президенттік квадрат» шегіндегі, қаланың орталық бөлігімен шектелетін көшелерді және ғимараттарды ыңғайластыру мен жаңғырту жұмыстарына шоғырландыру. Азғана уақыт ішінде ондаған қоғамдық негіздегі ғимараттар қайта жөнделіп, мемлекеттік ғимараттарға айналдырылды, солардың ішінде «Целингипросельхоз», «Целингорсельпроект»және «Казгипросельхозвод» жобалау институттарының, «Целинэнерго» коммуналдық кәсіпорнының, облыс әкімшілігінің, т.б. ғимараттары бар еді. Республика даңғылы бойындағы үйлердің фасадтарын капительді бағаналармен нақыштау ісі жүзеге асырылды. Қаланың орталық алаңы қайта жөнделіп, плита блоктар төселді, бұрынғы Кеңестер үйінің артындағы шағынбақ абаттандырылып, өрнекті шарбақтармен қоршалды. Бөгенбай батыр мен Сарыарқа даңғылдарының қиылысында «Okan Isot Gonstruction» түрік фирмасы 1997 жылы 25 қабатты екі биік тұрғын үй салды. Осы фирма бір жылдан кейін Бараев көшесі мен Республика даңғылының қиылысындағы, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың эскиз-идеясы бойынша салынған, сәулеті өзгеше Президенттік мәдениет орталығының ғимаратын қолданысқа берді. 1998 жылдың ақпан айында «Орта» жобалау фирмасының жобасы бойынша «Ақмола негіз» құрылыс фирмасы Есіл өзенінің жағалауы бойымен арнаны түзеу, тереңдету, қайта жөндеуден өткізу секілді ауқымды жұмыстарды бастап кетті. 1998 жылы жазда жөндеуден өткен жағалаудың бірінші бөлігі, Тәуелсіз Қазақстан жаңа астанасының ресми тұсаукесеріне арналған ойын-сауық көрсететін негізгі орын болды. 6 ай ішінде (1999 жылғы 20 маусым мен 16 желтоқсан аралығы) «Ақмола негіз» фирмасы «Аэрожоба» жобалаушылары дайындаған сызулар бойынша, қазіргі хай-тек стиліндегі «Синема Сити» кинотеатрын салып бітірді. Осы жылы фирма келе жатқан жаңа мыңжылдықтың құрметіне Конгресс-холл жанынан «Миллениум» жаяу-сауда галереясын салды. Бірнеше қабатты ғимараттың бірінші қабатындағы жаңаша безендірілген ондаған кафе, ресторан, бильярд, боулинг, казино және басқа қызмет көрсету, демалыс және бой жазу мекемелері жеке кәсіпкерлердің қаражатына жабдықталды. Қаланың оңтүстік-шығыс ауданында мемлекеттік қызметкерлердің отбасыларына арналған тұрғын үй шағын ауданы тұрғызылды. Абай даңғылының бойында «Окан Иншаат» түрік фирмасы жеке қаржысына көп қабатты бес жұлдызды «Интерконтиненталь» қонақ үйін салды. Астананың аумағында қала салу қызметін реттейтін бөлшектеп жобалау және басқа да қажетті құжаттарды дайындау үшін, сонымен қатар астана құрылысына қатысушы жобалық ұйымдар қызметі мен біртұтас қала салу саясатын жүргізуді үйлестіру мақсатында 1999 жылдың аяғында Елбасының тапсырмасымен «Астанабасжоба» МКК құрылды. Дереккөзі: АСТАНА энциклопедиясы
01.03.2013 09:53 3475

Бас жоспарды дайындау мен түзетулерге байланысты қиындықтардың бәріне қарамастан, қала құрылысы осы жылдар ішінде бекітілген жалпы қала салу стратегиясын, бірізділік қағидалары мен сабақтастықты сақтай отырып, кең ауқымда және жылдам қарқынмен дамыды.

Жағдайлар мен қала экономикасының қаржылық мүмкіндіктеріне қарай құрылыс бағдарламасы мен стратегиясы өңделіп, өзгеріп отырды. Бұл орайда мынадай бірнеше бағдарламалық кезеңді атап өтуге болады:

I кезең – 1997-99 жылдар. Бұл аралықта базалық кезең ретінде мынадай міндеттер қойылды: 1) қысқа мерзім ішінде Ақмоланы астаналық қалаларға қойылатын халықаралық талаптарға сай дәрежеге көтеру үшін барлық жағдайларды жасау; 2) алдын ала жіберілген үкіметтік мекемелер мен мемлекеттік органдардың толыққанды жұмыс істеуі үшін барлық жағдайларды жасау. Қала құрылысы 2005 жылға дейін қазақ сәулетшілері дайындаған Бас жоспар жобасы бойынша реттеліп отырды. Бұл жылдарда қаланы көркейту жобасы мына ережелердің негізінде жасалды: 1) негізгі әрекеттерді қолданыстағы әкімшілік және қоғамдық негіздегі ғимараттарды үкіметтік мекемелер мен астаналық қызметке лайықтап қайта жөндеу жұмыстарына бағыттау; 2) жаңа нысандардың құрылысын тек қала аумағындағы бос жерлерде ғана жүргізу; 3) барлық күш пен заттарды «Президенттік квадрат» шегіндегі, қаланың орталық бөлігімен шектелетін көшелерді және ғимараттарды ыңғайластыру мен жаңғырту жұмыстарына шоғырландыру. Азғана уақыт ішінде ондаған қоғамдық негіздегі ғимараттар қайта жөнделіп, мемлекеттік ғимараттарға айналдырылды, солардың ішінде «Целингипросельхоз», «Целингорсельпроект»және «Казгипросельхозвод» жобалау институттарының, «Целинэнерго» коммуналдық кәсіпорнының, облыс әкімшілігінің, т.б. ғимараттары бар еді. Республика даңғылы бойындағы үйлердің фасадтарын капительді бағаналармен нақыштау ісі жүзеге асырылды. Қаланың орталық алаңы қайта жөнделіп, плита блоктар төселді, бұрынғы Кеңестер үйінің артындағы шағынбақ абаттандырылып, өрнекті шарбақтармен қоршалды. Бөгенбай батыр мен Сарыарқа даңғылдарының қиылысында «Okan Isot Gonstruction» түрік фирмасы 1997 жылы 25 қабатты екі биік тұрғын үй салды. Осы фирма бір жылдан кейін Бараев көшесі мен Республика даңғылының қиылысындағы, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың эскиз-идеясы бойынша салынған, сәулеті өзгеше Президенттік мәдениет орталығының ғимаратын қолданысқа берді. 1998 жылдың ақпан айында «Орта» жобалау фирмасының жобасы бойынша «Ақмола негіз» құрылыс фирмасы Есіл өзенінің жағалауы бойымен арнаны түзеу, тереңдету, қайта жөндеуден өткізу секілді ауқымды жұмыстарды бастап кетті. 1998 жылы жазда жөндеуден өткен жағалаудың бірінші бөлігі, Тәуелсіз Қазақстан жаңа астанасының ресми тұсаукесеріне арналған ойын-сауық көрсететін негізгі орын болды. 6 ай ішінде (1999 жылғы 20 маусым мен 16 желтоқсан аралығы) «Ақмола негіз» фирмасы «Аэрожоба» жобалаушылары дайындаған сызулар бойынша, қазіргі хай-тек стиліндегі «Синема Сити» кинотеатрын салып бітірді. Осы жылы фирма келе жатқан жаңа мыңжылдықтың құрметіне Конгресс-холл жанынан «Миллениум» жаяу-сауда галереясын салды. Бірнеше қабатты ғимараттың бірінші қабатындағы жаңаша безендірілген ондаған кафе, ресторан, бильярд, боулинг, казино және басқа қызмет көрсету, демалыс және бой жазу мекемелері жеке кәсіпкерлердің қаражатына жабдықталды. Қаланың оңтүстік-шығыс ауданында мемлекеттік қызметкерлердің отбасыларына арналған тұрғын үй шағын ауданы тұрғызылды. Абай даңғылының бойында «Окан Иншаат» түрік фирмасы жеке қаржысына көп қабатты бес жұлдызды «Интерконтиненталь» қонақ үйін салды. Астананың аумағында қала салу қызметін реттейтін бөлшектеп жобалау және басқа да қажетті құжаттарды дайындау үшін, сонымен қатар астана құрылысына қатысушы жобалық ұйымдар қызметі мен біртұтас қала салу саясатын жүргізуді үйлестіру мақсатында 1999 жылдың аяғында Елбасының тапсырмасымен «Астанабасжоба» МКК құрылды.

Дереккөзі: АСТАНА энциклопедиясы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға