Қыран құсты қалай баптайды?
Өмірхан, сұхбатымызды құсбегілікке қызығушылығыңыз қашан, қалай басталғаны туралы сұрақтан бастасақ...
– Өзіміз кезінде керемет сері болған, жалпақ қазақ даласына құсбегілігімен аты шыққан Жалайыр Шораның ұрпағымыз. Бұл кісіні халық «құстың тілін білетін әулие адам» деп құрметтеген. Көрші елдерде де шәкірттері жетерлік. Барлық құсбегі Жалайыр Шораны өздеріне ұстаз санаған. Ал біз оның тікелей ұрпағымыз. Яғни саятшылық қанымызға сіңген қасиет. Өз басым жеті жасымнан бері құсбегілікке әуеспін. Биылға дейін қаршығашылар арасында сынға түсіп келдім. Биыл бүркітшілер арасында бақ сынап, бірден бас жүлдеге ие болдым.
– Үшінші орын да Бәйетбайдың әулетіне бұйырды. Ермұхан да өзіңіздің бауырыңыз екен. Сонда саятшылық күні бүгінге дейін отбасылық кәсіптеріңіз болып шықты ғой?
– Иә, үздіктер қатарынан көрінген Ермұхан Бәйетбай – менің бауырым. Негізі, тегіміз – Исабеков. Жалпы, Еңбекшіқазақ ауданының Нұра ауылында «Жеті қазына» құсбегілік мектебі әрі мұражайы бар. Бүкіл Қазақстанның саятшылары біледі. Сол жерде кішкентайымыздан құсбегілікпен айналысып келеміз. Білгенімізді бір-бірімізге үйретеміз, білмегенімізді әкемізден сұраймыз.
– Бүркітіңізді неліктен «Айтұяқ» деп атадыңыз?
– Атын әкем қойған. Құс баптағанда атын жайдан-жай, аспаннан алып қоя салмайсың. Түріне қарайсың, мініне, мінезіне қарайсың. Сөйтіп барып ат таңдайсың. Ақиық, Ақбалақ аттары кеңінен тараған. Айтұяқ деген ат өте сирек кездеседі. Аяғында ақ белгі бар, әкем соған қарап қойыпты. Қазір тоғыз жасқа толды. Халық арасында тоғыз жастағы бүркітті «қоңыртүлек» немесе «майтүбіт» деп атайды.
– Өмірхан, саят құрып, аңға да жиі шығып тұратын шығарсыздар? Олжасыз оралған кездеріңіз жиі болып тұра ма?
– Атакәсібіміз болғандықтан ба, әйтеуір саятшылыққа құмарымыз артып тұрады. Атыңды ерттеп, аң аулауға шығып кеткің келеді. Бірақ биыл көп саят құра алмадық. Қар қалың түсті. Ат емес, жаяу жүрудің өзі мүмкін емес. Бір жағынан, өздеріңіз білесіздер, бабаларымыз аңға жаяу шықпаған. Ат жүре алмағаннан кейін аңға көп шыға алмадық.
– Ал орта есеппен бір күнде қанша олжаға кенелуші едіңіздер?
– Әр кезде әрқалай ғой. Жиі шыға берсең, жолың болмай қалады. Дегенмен қанжығамызды қандамай қайтпайтынбыз. Өзім әлі бас болып аңға шыққан емеспін. Ағаларыммен бірге еріп барамын. Бірде екі түлкі, бірде үшеуін ұстаған кезіміз болды.
– Өмірхан, енді құсты қалай баптайтындықтарыңыз туралы айтып берсеңіз. Жалпы, бүркітке қандай күтім керек?
– Құсты баптау қыркүйек айынан басталады. Оған дейін, яғни наурыз айынан күзге дейін бүркіт түлекте отырады. Яғни салқын қораның ішіне жібереміз. Ол қанатын түлетіп, жаңа маусымға дайын отырады. Сосын оны жаттықтырамыз. Алдымен қолға шақырудан бастаймыз. Өйткені, ең бірінші, бүркіт өзіңнен қорықпауы керек. Кейін атын атап шақыруға баулимыз. Артынан түлкінің аяғына, қоянның терісіне салып, бойын үйретеміз. Етін жегіземіз. Міне, осындай кезеңдердің барлығынан өткеннен кейін ғана бүркіт аң аулауға дайын болады.
– Бүркіт қолдан көбеймейді дегенді естіп жүрміз. Осы әңгіме рас па?
– Шыны керек, өз басым бүркітті біреудің қолдан көбейтіп жатқанын көрмеппін. Естіген де емеспін. Бұл – мүмкін емес нәрсе. Қыран құс еркіндікті сүйеді ғой. Сондықтан темір торға салып, қанша жерден жақындастыр, бәрібір жанаспайды. Ал бостандықта бірден балапан салады. Қыран құсты еркіндіктің символы ретінде атайтыны да сондықтан болар. Біз бүркітті балапан кезінде ұядан алып асыраймыз. Кейде күздің қара суығында тор құрып ұстаймыз.
– Өздеріңіз бүгінде қанша бүркіт асырап жүрсіздер?
– Нұра ауылындағы Исабековтер әулетіне қарайтын алты бүркітіміз бар. Алтауы да «Сонар – 2013» додасына қатысып, дайындықтары жоғары екендіктерін дәлелдеді.
– Сұхбатыңызға көп рақмет!
Автор: Әзиз ЖҰМАДІЛ