Мектепке дейінгі білім беру ісі
1920 жылдың тамыз айында Ақмола қаласында 27 баладан тұратын тұңғыш № 1 балабақша ашылды. Бұл мекемені алғаш ұйымдастырған мектепке дейінгі дайындық бөлімінің нұсқаушысы М. В. Покровский болатын. Қалада 20-30-жылдары 6-8 сағат жұмыс істейтін балабақша, балалар ұйымы, балалар алаңы секілді мектепке дейінгі мекеме түрлері қызмет көрсетті. Тұңғыш балабақша мұсылман мешітінің ғимаратында орналастырылды. Сол кездегі мектепке дейінгі мекемелердің құрылымы сабақ оқитын бір бөлме, асхана және ас үйден тұратын.
Балабақшаның алғашқы меңгерушісі З.В. Шадрина (20-жылдары), кейін Н. С. Михалвченко болды. 1932 жылға дейін тамақтану ата-аналар есебінен ұйымдастырылды. 1932 жылдан бастап тамаққа жұмсалатын шығынды көтеруге «Балалар досы» қоғамы көмек көрсетті. Алғашқы тәрбиешілердің қоғамдық негізде білімдері болмады.
Ақмолада мектепке дейінгі ұйымдар санының күрт артуы сұрапыл соғыс жылдарына сәйкес кедді: 1940-41 ж. - 2 б/б (86 бала), 1941 ж. (қараша) -1 б/б (50 бала), 1942 ж. - 2 б/б (70 бала), 1943 ж. (қаңтар) - 2 б/б (90 бала), 1943 ж. (2-ші жарты-жылдық) – 1 б/б (25 бала) жұмыс істеді. Тылдағы Ақмола балабақшаларының басты міндеті балаларды тамақтандыру және соғыстың қиыншылық уақытында олардың өмірін жеңілдету еді. 1953 жылға дейінгі кезеңде Ақмолада барлығы 11 балабақша болса, тың игеру жылдарында оның саны 20 балабақшаға жетті. Мектепке дейінгі мекемелер желісі 60-жылдары едәуір артты. 1964 ж. қалада 3940 баланы қамтыған 32 балабақша болды.
Өз тәрбиеленушілерін үйлесімді дамыту бойынша балалар мен бөбектер бақшасының жұмыс сапасы жылдан-жылға жақсара түсті. Балаларға ерте білім беру бағдарламасын кеңейту мәселесі тұрақты түрде республиканың күн тәртібінде тұрды. 1975-1976 жылдары «Сказка» (280 бала), «Снежинка» (385 бала), «Ручеек» (145 бала), «Колокольчик» (376 бала), «Солнышко» (50 бала), «Алые паруса» (175 бала) секілді балабақшаларда мектепке дейінгі мекемелер қуатының қарқыны көрініс берді. Мектепте үздік білім беруге баса назар аударылды. 1979-1980 жылдары Целиноград қаласында мектепке дейінгі мекемелердің саны 84-ке жетіп, онда 15936 бала тәрбиеленді, оның ішінде, 4373 бала бөбек жасындағылар болды. Мектепке дейінгі жастағы балалар жалпы санының 55,7%-ы балабақшамен қамтылды. Балаларды ана тілінде тәрбиелеу мен оқыту жөніндегі жұмысты жақсарту мақсатында 22 балабақшада қазақ балалар үшін, 3 бөбектер бақшасында көп үлтты контингентпен 5 топ ашылды. Сондай-ақ 245 мектепке дейінгі мекемеде 10 мыңға жуық мектепке дейінгі дайындық тобының балалары қазақ тілін оқыды. 1990 жылдары 404 мектепке дейінгі мекемеде сабақ қазақ тілінде жүргізілді. Тәрбие-білім беру міндеттерімен қатар емдеу-профилактикалык міндеттерді де шешуге мүмкіндік беретін мектепке дейінгі мекемелер желісі артты: 5 санаторийлік балабақша және сөйлеу қабілеті нашар 24 санаторийлік топ, есту қабілеті темен – 2, көру қабілеті нашарлаған – 10, ақыл-есі кем балаларға арналған 3 балабақша жұмыс істеді. 1991 жылы Ақмолада 36 мектепке дейінгі мекеме болды. Ал 2006 жылдан бастап Астанада 58 балабақша: оның ішінде, 38-і мемлекеттік, 14-і жеке меншік балабақша, білім беру ұйымдарынан 5 кешен жұмыс істеді. Жергілікті бюджет арқылы және инвестиция тарту есебінен жаңа тұрғын үй кешендерінде бала-бақшалар салуды жүзеге асыру, мектепке дейінгі ұйымдарда бүлдіршіндерге орын жетіспеушілік мәселесін шешу жолдарының бірі болып табылады. Мектепке дейінгі білім беру ісіндегі осындай озекті мәселелерді тиімді шешу мақсатында, сонымен қатар жұртшылықтың сұранысын барынша толық қамтамасыз ету үшін жалпы білім беретін мектептерде 600 балаға арналған 28 мектепалды сыныбы ашылды. Мектепке дейінгі шағын гимназия (№ 50 б/б), жалпы үлгідегі мектепке дейінгі ұйымдарда гимназиялық топтар (№ 29, 66 б/б), авторлық үш балабақша (№ 22, 58,64), сауықтыру бейіндегі балабақшалар (№ 37, 50, 59, 67, 69, 70), көркем-эстетикалық бейіндегі (№ 5, 29,50, 58, 64) балабақшалар жұмыс істейді. Ең алдымен баланың мүддесі мен қажеттілігін қамтамасыз етуге қызмет ететін пәндік-дамыту ортасына ерекше назар аударылады. Барлық балабақшаларда қазақ тілін оқытатын топтар (3852 бала контингентімен 98 топ) ашылды. 25 мектепке дейінгі ұйымда вариативтік болім есебінен ағылшын тілі оқытылады (5694 бала контингентімен 168 топ). Мектепке барар алдында балаларға біртұтас мүмкіндік тудыру мақсатында, барлық балабақшалар мен 18 жалпы білім беретін мектепте балалардың мектепалды даярлық топтары ұйымдастырылды.
Дереккөзі: АСТАНА энциклопедиясы