Жақында Алматы қаласындағы №162 мектеп-гимназия ұстаздары хабарласып, «МузАРТ» ансамблінің әншісі Сәкен Майғазиевке біздің басылым арқылы алғыс айтқысы келетінін жеткізіп, тілектерін жерде қалдырмауымызды өтінді.
Мектеп мұғалімдерінің айтуы бойынша, осы білім ошағында көп жылдан бері еңбек ететін, жоғары санатты ұстаз Айман Жұмашқызы Ордаханова 50 жасқа толыпты. Мектеп оқушыларының ғана емес, әріптестерінің де жанашыр апайына айналып, анасындай болып кеткен білікті маман Талдықорған облысы, Қарабұлақ ауылында дүниеге келіпті. 1982 жылы Қаскелең қаласындағы Педагогикалық училищеге түсіп, аталған оқу орнын үздік аяқтаған соң, алғашқы ұстаздық еңбек жолын балабақшада бастаған. Бала тәрбиесінің қызығы мен қиындығы оны балабақшаның меңгерушісі қызметіне де көтереді. 2001 жылдан № 162 мектеп-гимназиясында тәрбие жұмыстары жөніндегі мектеп директорының орынбасары қызметін атқарып келеді. Айман апай жауапты жұмыстарды ойдағыдай атқара жүріп, драма үйірмесі мен түрлі кештерді белсене ұйымдастырып тұрады екен. 2010 жылы қалалық байқауда «Кестелі орамал» қойылымы бірінші жүлдеге ие болыпты. Балаларды патриоттық сезімге тәрбиелеуде алдына жан салмайтын Айман апай Сәкен Майғазиевтің өнерін ерекше құрмет тұтады екен. Мұны жақсы білетін әріптес сіңлілері әншіге өтініш айтып, апайды мерейтойымен құттықтап келіп, ән салып беруін сұрайды. Өнер иесі олардың айтқанын екі етпей орындайды. Жарқын жүзбен кіріп келген әншіні көріп, мерейтой иесі аң-таң қалғаны соншалық, орнынан тұра алмай қалыпты. «Жақсы көретін апайымызға уақыт бөліп, ерекше сыйлық жасаған Сәкен Майғазиевке Алла разы болсын» дейді олар.
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
Айқын
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға