Жароков Тайыр (1908-1965)
Көрнекті қазақ ақыны Жароков Тайыр 1908 жылы 28 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы Жетібай ауылында дүниеге келген. Атасы Малтақан қара сөзге шешен, реті келген жерде бір-екі ауыз өлең шығара алатын кісі болыпты. Алғаш білімді ауылда ашылған бастауыш мектепте алып, оны 15 жасында бітіріп шығады. Одан кейін 1923-1927 жылдары Орынборда Қазақтың халық ағарту институтында, 1928-1932 жылдары Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде, 1934-1935 жылдары Ленинградтың тарих, философия және әдебиет институтының (кейін Ленинград университетіне қосылған) аспирантурасында оқиды.
1932-1933 жылдары жаңадан құрылған Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыру комитетінің хатшысы, 1933-1934 жылдары Қазақ мемлекеттік баспасының редакторы, 1936-1938 жылдары «Қазақ әдебиеті» газеті редакторының орынбасары, 1938-1942 жылдары халық ақыны Ж.Жабаевтың әдеби хатшысы қызметтерін атқарды. Ұлы Отан соғысы кезінде әскер қатарында болды. 1946–1965 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасында (қазіргі «Жазушы» баспасы») жауапты қызметтер атқарды.
Т.Жароковтың «Жұлдыз жарығы» атты тұңғыш жинағы 1932 жылы басылып шықты. 30-жылдарда-ақ құнды шығармалары арқылы қазақ ақындарының алдыңғы легіне қосылды. Бұл тұстағы шығармашылығының жемісті еңбегін «Нефстан» (1933), «Коммунизм таңында» (1933), «Мотор жыры» (1934), «Өмір сөйлейді» (1934), «Күн тіл қатты» (1934), «Мұз тұтқыны» (1935), «Тасқын» (1937, 1949), «Отан дауысы» (1938), «Нарын» (1940) секілді кітаптарынан байқауға болады.
Өмір құбылыстарын көтеріңкі леппен, романтикаға бөлеп, екпінді жырлау, жаңалық атаулыны дер кезінде аңғарып, жырға арқау ету – Жароковқа тән қасиет. Отан соғысы жылдары Отанымыздың ел қорғаған ұл-қыздары жайында «Совет сұңқарлары» (1942), «Зоя туралы жыр» (1944) атты кітаптарын жариялады.
Соғыстан кейінгі «Жеткіншек» (1948), «Бақыт жырлары» (1949), «Жапанды орман жаңғыртты» (1949), «Костер басында» (1952), «Қырда туған құрыш» (1954-55-56), «Жыр қанаты» (1956), «Құмдағы дауыл» (1958), «Тау жырлайды» (1962), «Теңіз баласы» (1963), «Тасқынға – тосқын» (1965) атты кітаптарында туған жерді көріктендіру, ел байлығын арттыру, халық игілігі үшін күрескен ерлердің бейбіт еңбегін жырлады.
Шығармаларының екі томдығы (1958-1959), таңдамалыларының төрт томдығы (1972-1975) және бір томдығы (1951-1978) басылып шықты.
Ш.Руставели, А.С.Пушкин, Т.Шевченко, М.Лермонтов, Н.Некрасов, В.Маяковский, М.Алигер, А.Сурков шығармаларын қазақ тіліне аударды.
Тайыр Жароков 2 орденмен (1939 ж. «Құрмет белгісі») және медальдармен марапатталған.