Театр әрқашанда жаңа биікке самғауы тиіс
Әр жылда республикамызда әртүрлі тақырыпты қамтыған театрлардың фестивалі үзбей өтіп келеді. 18 жыл бұрын басталған бұл үрдіс жыл сайын жеңімпазын анықтап, жаңа спектакльдер дүниеге келіп, фестиваль тарихына жазылып жатыр. Бәрі дұрыс. Дегенмен мені бір сұрақ қатты мазалайды. Жыл сайын өткізіліп жүрген театр фестивалі театр өнеріне тұшымды жаңалық енгізе ала ма? Менің пайымдауымша, театр фестиваліне әрбір театр сахна өнеріне жаңалық енгізетін жаңа шығармамен келіп, театр сыншыларын да, көрерменді де тамсандырып кетуге ұмтылу керек. Бұны театр өнері алға қарай дамуы үшін жұмыс жасау қажет. Фестивальдің жыл сайын өткені бір жағынан қарасаң дұрыс та болар, бірақ осы мәселеге басқа қырынан қарасақ, бұрыс болуы да ғажап емес. Неге дейсіз ғой?... Шын мәнінде, бүкіл республикадағы 50-ден астам театр ұжымы бір фестиваль аяқталып, келесі фестиваль басталғанға дейінгі он екі айдың ішінде жаңа туынды қойып, сонымен жаңалық ашады дегенге мен өз басым сенбеймін. Себебі ол спектакль авторлық шығарма ретінде саналатын болса, онда жыл сайын режиссер он екі айдың ішінде спектакль шығарғанымен татымды ойы бар спектакльді алып келіп, көрерменді тамсандыруы мүмкін емес. Ол үшін уақыт керек.
Бір жылда 12-15 қана театр фестивальге қатысқаннан кейін, біздің елімізде 50-ден астам театр болғандықтан жыл сайын фестивальдің өтуі де заңдылық шығар. Бірі болмаса бірі жаңа бағыттағы жаңа шығармалар әкеліп, даму процесі тоқтамайтын да шығар. Алайда кейбір театр ұжымдары жыл сайынғы сыйлықтан құр қаламас үшін ғана келетіні де мәлім. Сонда ол ұжым фестивальден фестивальге дейін ғана өмір сүретін болып көрінеді де тұрады. Мүмкін, мен қателесетін шығармын?
Әрине, театрлардың бас қосып, бірінің еңбегін бірі көріп, сұхбаттасып, жаңа жобаларға қол қойып, жаңа жоспарлар енгізіп қайтқаны жақсы мақсат. Соңғы жылдардың ерекшілігі облысымыздың мәдениет басқармасының бастығы Әлібек Әмзеұлының бастауымен жасалып отырған жаңа бастама – театрлар үшін үлкен жаңалық. Себебі, бұрын фестивальге барған театр (бұл біздің ұжымның басынан да өткен оқиға) спектаклін көрсетер алдында бір күн бұрын барып, ертесіне кері қайтып жататын. Енді облыс әкімшілігі біздің театрдың әртістері бір апта бойы фестивальге келген спектакльдерді бастан-аяқ көріп, өздерінің өнерін көрсетіп, сыншылардың сынын тыңдап, куәгер болып қайтсын деп озық ой тастады. Бұл қуанарлық жаңалық қазір іске асып та жатыр.
Және бұл фестивальдің бір ерекшілігі облыстық екі театр ұжымы да конкурстық бағдарлама аясынан тыс қатысып отыр. Бұл біздің театрлардың шығармашылық деңгейінің төмендігінен емес, керісінше біздің фестивальге енгізген жаңалығымыз ретінде қабылдануы тиіс.
Көне Тараз жеріндегі театр ұжымдарына табыс тілеймін.
Қуандық Қасымов
Жамбыл облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі,
Қазақстан Театр Қайреткерлері Одағының мүшесі