Жаңалықтар

Қазақ архитектурасы

  Соңғы редакциялау: 19 қазан, 2012   Қазақ архитектурасы, Қазақ сәулет өнері – ғимараттарды, құрылыстар мен ескерткіштер кешендерін жобалау, салу, оларға уақыт талабына сай эстетикалық көркемдік сипат беру өнерінің ұлттық саласы. Материалдық игілікті жасаудың басты саласы ретінде Қ. а. қоғамның өндірістік-экон. дамуына, ғылым және техника жетістіктерімен жарақтануына, оны жасаушылардың дүниетанымдық-эстет. талғамына тығыз байланысты жағдайда өркендейді. Қазақстан аумағындағы жекелеген аймақтарды, оның ішінде Оңт. Қазақстан өңірін адамдар шелл-ашель дәуірінде (ерте палеолит кезеңі) қоныстана бастады. Ашель-мустье кезеңінде қоныстану аумағы айтарлықтай кеңейді. Қазақстан жерінде құрылыс салу жоғары палеолит дәуірінде пайда болды. Қаратаудағы, Баянауылдағы, Ұлытаудағы, Маңғыстаудағы үңгірлер мен адам тұрақтары шағын топтар болып өмір сүрген, бірігіп еңбек еткен алғашқы қауымдық құрылыстар аңшылардың, кейінірек ертедегі рулық қауымдарды құрған адамдардың тіршілік жайын сипаттайды. Бұл дәуірден ортасында дөңгелек ошағы бар, тастан немесе топырақтан қаланған, аласа қабырғалы, төбесі сырықтармен жабылған алғашқы тұрғын үйлердің (Орт. Қазақстандағы Тамды, Бөрібас, Дамсы тұрақтары) іздері сақталып қалған. Металл құралдарын пайдалану, кетпенді егіншілікке, мал өсіруге ауысу қоғамдық еңбек бөлінісінің бастамасы болды. Бақташы тайпалардың бөлініп шығуы кейінгі қола дәуірінде (Беғазы-Дәндібай мәдениеті) ұланғайыр далалық жерлерді игеруге мүмкіндік берді. Қола дәуірі тұрақжайлары тұрғын және шаруашылық бөлігі болып, қоршаумен екіге бөлінген (бұлар шаруашылыққа арналған қосымша құрылыстармен бірге дөңгелене орналасқан) тік бұрышты жеркепелер тобынан құралды. Ошақтың үстіндегі орт. кеңістік бөренелермен сатылы-үшбұрышты түрде, басқа жағы тіреулі бөренелермен жабылды, қабырғалары тақта тастан қаластырылды немесе топырақтан соғылды (Оңт. Қазақстандағы Атасу, Бұғылы тұрақжайлары). Кейінірек дөңгелек пішінді үйлер, оның ішінде жиналмалы киіз үйлер, төбесі түйетайлы етіп жабылған тік бұрышты құрылыстар (қыстаулар) пайда болды. Сонымен қатар қабір үстіндегі құрылыстардың пішіндері мен түрлері сараланып бөлінді. Қола дәуір сәулет өнерінің үлгісі өңделмеген тақтатастан қаланған Дың ескерткіштері кездеседі (екідың ғимараттары). Тас ғасырының мәйіт жерленген бейіттері күмбезбен көмкерілген және айналасы дөңгелене қоршалған, ортасында тас мүсіндері бар сәулетті кешендер түрінде жасалған. Қабір үстінде көлденеңі 30 м-ге жететін үлкен қорғандар (Жезқазған обл-ндағы Ақсу-Аюлы кешені) жиі салынған. Неғұрлым кейінгі дәуірдегі кешендер тас тақталармен тік бұрышты етіп қоршалды, кіре берісте галереялар салынды, төбесі бағаналармен (Беғазы, Қарағанды обл.) жабылды. Тегіскен мазарларының композицияларында (б.з.б. 9 – 6 ғ-лар, Қызылорда обл.) сыртқы қабырғалардың шаршылары оларға кірігіп тұрған дөңгелек камералармен (шикі кірпіштен тұрғызылған), сырықтармен жабылған шатырмен үйлесіп тұр. Б.з.б. 4 ғ-да құрылыста төбені күмбездеп жабу тәсілі, сондай-ақ, оның алуан түрлері – цилиндр, сопақ, кеспек тәрізді түрлері кеңінен қолданылды. Бұлар негізінен сақ тайпалары көсемдерінің мазарларында (Баланды-2 кешені, Қызылорда обл.) тұрғызылған. Қола дәуіріндегі қабір үсті құрылыстары пішіндерінің композициясы мемориалдық және басқа құрылыстардың пішінін қалыптастыру үшін үлгі болған космогониялық түсініктердің белгілі бір жүйесі екенін дәлелдейді. Олардың жекелеген шарттары Қазақстанның кейінгі дәуірдегі ғұрыптық архитектурасының негізіне айналды. Ерте орта ғ-ларда отырықшы халықтардың тұрғын-жайларын жоспарлау құрылымы өзгерді. Ежелгі бекініс-қалалардың орнына нығайтылған бекініс-үйлер пайда болды, кейіннен олар қамалдарға айналды. Қамалдардың айналасына немесе бір жағына Орта Азияда шахристан деп аталатын қалалар салынды. Олар бірнеше қорғаныс дуалдарымен қоршалды. Шахристанда негізінен діни ғимараттар, базарлар, ақсүйектердің, әкімдердің, ірі қолөнершілер мен саудагерлердің тұрғын үйлері тұрғызылды. Қалалардың экон. маңызы онан әрі артқан сайын оларға іргелес ұсақ қолөнершілер, саудагерлер, кедейлер тұратын рабаттар пайда болды. Үйлер мен қорғаныс құрылыстары, қорғаныс дуалдары мен мұнаралары шикі кірпіштен (51–52´23 – 24´7–8 см) және саз балшық соқпаларынан (130´160´70 см) салынды. Тараз қазбаларынан ірі діни ғимараттарды әшекейлеуге арналған пішімі алуан түрлі көптеген күйдірілген саз тақталары табылды. Тараз тақталары 5 – 7 ғ-ларда Ақ-Тепедегі (Ташкент түбінде), Пенжикенттегі, Барахшадағы бекініс-үйлерінен табылған архит. нақыштың осындай түрлерімен біртекті. Қалалар сауда-экон. маңызының онан әрі артуы шахристанға шығыс, оңт. және батыс жағынан келіп тірелетін қала іргесіндегі рабаттардың дамуына жағдай туғызды. 11 – 12 ғ-лар қарсаңында қирап қалған бұрынғы бекіністердің орнына қаланы билеушілердің кеңейтілген, қайта жөнделген қорғаныс жүйелері бар жаңа бекіністері (сарайлар) тұрғызылды. Қаланың жоспарлау құрылымы мен бекіністері үш кезең бойында қалыптасты. Негізгі құрылыс материалдары саз балшық соқпалар (100´70´65 см) мен шикі кірпіш (40 – 41´21 – 22´9 – 10 см) болды. Бірінші кезеңдегі бекініс ғимараты шикі кірпіштен (аум. 16´15 м) екі қабатты монументті етіп салынды. Оның тұғырлы қабатының ортасына биікт. 2 қабат, диам. 5,8 м жартылай өрісті күмбезбен көмкерілген және де бекіністің жоғ. қабаттағы басқа да бөлмелерінен бөлек сегіз қырлы зал орналасты. Залдың ортасында тас тақталармен шегенделген құдық қазылды. Ғимараттың батыс беті жағындағы залдың кіре берісі үстіңгі қабаттағы тұрғын жайлармен, күмбезбен көмкерілген баспалдақтар галереялары арқылы байланысады. Қабырғалардың түрлі биіктігінен ойылған ойықтардан (30´35´58 см) галереяларға жарық түсірілді. Күмбезді зал ерекше құралымды құрылымымен көзге түседі. Шаршы пішінді сегіз бұрышқа айналдыру үшін оның бұрыштары кірпіш бағаналармен 2,88 м биіктікке дейін көтеріліп, содан кейін сегіз қырдың бұрыштарынан, айналдыра қалау әдісімен тұрғызылған жартылай өрісті күмбездің іргетасынан сатылы аркалар тұрғызылған. Қалыңд. бір кірпіш (40 см) күмбездің сыртқы 4 жағы айқас тартылған бедерлермен нығайтылған. Барлық бөлмелер мен баспалдақты галереялардың өтпе жолдары сыналап қаланған жебе тәрізді аркалармен жабылған. Осындай бекініс үйі Шардара бөгенінің аймағындағы Ақтөбе-І ежелгі елді мекенінен табылды. Бұл шикі кірпіштен тұрғызылған екі қабатты бекініс-үйдің бөлмелері жоғарыда айтылған тәсілмен жоспарланған, ортасында құдықты залы бар. Луговой т. ж. ст. (Жамбыл обл.) аймағындағы ежелгі Құлан қ. өзінің жоспарлану құрылымы, құрылыс материалдары және құралымдық тәсілдерінің ерекшеліктері жөнінен ерте орта ғ-ларға тән қалалардың қатарына жатады. Қазақстанның ерте орта ғ-лық ескерткіштерінің ішінде Ақыртас деп аталатын салынып бітпеген құрылыс керуен-сарайға арналған. 9 – 10 ғ-ларда Қ. а-нда бүкіл Орт. Азиядағы сияқты, зор сапалық өзгерістер болды. 11 – 12 ғ-ларда ол гүлдену шегіне жетті. Бұл кезеңнің қалалары 3 жеке құрылымнан тұрды: қамал, шахристан және рабат. Құрылысқа күйдірілген кірпішті қолдана бастау – сәулет өнерін дамыту ісіндегі ілгері дамуға жол ашты. Ғаныш ерітіндісін қосып күйдірілген кірпіштің өте берік болуы ғимарат төбесі құралымын жетілдіруге, үйлердің аумағын ұлғайтуға жағдай туғызды. Ғаныш ерітіндісінің тез қататын қасиеті күмбездерді шегендеусіз қалауға қол жеткізді, мұның орманы жоқ аймақтар үшін зор маңызы болды. Ерте орта ғ-лар құрылыстарындағы шаршы пішінді күмбездердің іргесі дөңгелек пішінді күмбездерге ауысуы сатылы-аркалы белдеулер арқылы жүзеге асырылды. Ғимараттардың құрылымында сегіз қырлы барабандар пайда болды. Олар ғимараттың шаршы пішінді төм. аумағының күмбездерге ауысуын оңайлатты. Желкендер сегіз бұрыштың қырларына орнатылды. Күйдірілген кірпіш бастапқыда негізгі конструкциялардың, шикі кірпіштен тұрғызылған монументті құрылыстардың (Қызылорда обл-ндағы бүгінгі күнге дейін біршама жақсы сақталған Сараман-Қосы мұнарасы және Бегім ана мұнарасы) алдыңғы жақ бетін қаптау үшін қолданылды. Сыртқы аумағы мұнара секілді қабір үстіне шатырлы құрылыстарды салудың ең ежелгі жергілікті дәстүрін сақтап қалған екі ескерткіштің маңызы зор (Тегіскен мазарларының солт-тегі тобы, б.з.б. 9 – 6 ғ.; Баланды күмбезі б.з.б. 4 – 2 ғ-лар). Қарахан әулеті билігі кезінде сәулет өнері барынша гүлденіп өсті. Қазақстан жерінде бұл кезеңнен Жамбыл обл-ндағы Бабажы қатын кесенесі (10 – 11 ғ.), Қарахан күмбезі (11 ғ.), Айша бибі кесенесі (11 – 12 ғ.), Жезқазған обл-ндағы Жұбан ана күмбезі (11 – 12 ғ.), Тараз қ-ндағы моншалар, т.б. ескерткіштер біршама жақсы сақталған, кейбіреулерінің қалдықтары бар. Айша бибі мазары мемориалдық құрылыстардың орт. білікті түріне жатады. Егер Бабажы қатын кесенесі және Қарахан мазарының тек алдыңғы беттері кірпішпен өрнектелген болса, Айша бибі кесенесі түгел әсем және сан алуан геом. және көгеріс нақышына құрылған әшекей тақталармен қапталған. Күн түскен кезде ғимарат қабырғалары алуан түспен құлпырып тұрады. Ескерткіш қабырғаларының құралымы ерекше. Қарағанды обл-ның Ұлытау ауд-нда орналасқан Аяққамыр күмбезі Орт. Қазақстанның аса көрнекті ескерткіштерінің қатарына жатады. Кейбір зерттеушілер оны оғыз-қыпшақ дәуіріне (11 – 12 ғ-лар) жатқызады. 11 – 12 ғ-лардағы ғимараттардың күмбездеп жабылу құралымдары, архит. аумақты композициямен салынуы және архит. сәндік құралдары мен пішіндері Қазақстан жеріндегі сәулет өнерінің озық үлгімен ілгері дамуына негіз болды. Орт. Қазақстан ескерткіштерінің арасында Алаша хан күмбезі (10 – 11 ғ-лар) өзінің архит. келбетімен ерекше көзге түседі. Түркістан қ-ндағы Қожа Ахмет Иасауи ханақасы 14 ғ-дың аяғы мен 15 ғ-дың басындағы сирек кездесетін бірден бір архит. ескерткіш болып табылады. Ғимаратты әсемдеуге ғанышқа, ағашқа, сүйекке ою-өрнек салу, тас пен металды көркемдеп өңдеу тәсілдері, халықтық бейнелеу өнерімен етене байланысты өрнектер үлгісі кеңінен қолданылды. Бұл тамаша ескерткіште Қазақстан мен Орта Азия халықтарының көп ғасырлық құрылыс өнерінің жетістіктері пайдаланылған. Қазақтың халықтық сәулет өнерін дамытуда ескерткіштің маңызы орасан зор болды. 13 – 14 ғ-ларда Қ. а-ның онан әрі дамуы Орта Азия мен Қазақстан халықтарының сәулет өнерін өркендетудің жалпы бағыт-бағдарын бейнеледі. Күмбез астындағы құралымдар жетілдірілді, құрылыстардың композ. құрылымын өзгерткен қос қабатты сымбатты барабандар, ғимараттарға әсемдік және архит. өзіндік түр беретін алуан түсті жылтыр кірпіштер, қаптағыш тақталар пайда болды. 15 – 18 ғ-ларда Қазақстанның далалық аймақтарында салынған діни және мемориалдық ескерткіштер 3 негізгі топқа бөлінеді: 1) күмбезді мазарлық; 2) қоршаулар (сағана там, төртқұлақ там); 3) қабір үстіндегі ескерткіштер және қабір үстіндегі ұстындар (сыпа, үштас, бестас, қойтас, құлпытас, т.б.). Мазарлар композициясына қарай: мұнаралы, порталды-күмбезді, орт. білікті; жабу түріне қарай: сфералық немесе барабаны бар яки барабаны жоқ, шатырлы (сопақша), күмбезді болып бөлінеді. 15 – 18 ғ-лардағы мұнаралы құрылыстарға Қызылорда обл-ның Шахнияз, Қармақшы ата мазарлары, Оңт. Қазақстан обл-ның Созақ ауд-ндағы мазарлар, т.б. бірқатар ескерткіштер жатады. Олар тік бұрышты немесе көп қырлы іргетасқа қойылған биік көп қырлы барабан арқылы сопақша немесе ұя тәрізді күмбезбен жабылған. Іші еңселі, 2-қабаты күмбезбен көмкерілген, босаға табалдырығы аласа. Мұндай құрылыстардың шығуы көшпелі баспананың (күйменің) тууына себеп болды. Дөңес жерлерге салынған бұдан ертеректегі мұнаралы құрылыстардың – Қызылорда обл-ндағы Ақсақ қыз, Сараман-Қосы, Бегім ана (10 – 12 ғ-лар) секілді бірсыпыра ескерткіштер пішіндерінің композициясы мен құрылымы ежелгі қорған құрылыстарынан алынғаны дәлелденді. Қозы Көрпеш-Баян сұлу мазары, Домбауыл кешені, Діңгек ғимараттарының құрылыс ерекшелігінде қола дәуіріндегі Дың ескерткіштері белгілері айқын көрінеді (8 – 10 ғ-лар). Космол. үлгілер діни құрылыстар архитектурасының ертедегі түрлерінің бірі және әр түрлі этн. бірлестіктердің орт-тары болды. Оңт. облыстардағы күмбезді мазарларды салу ісіндегі құралымдық тәсілдер мен пішіндер композициясы Орта Азия архитектурасы ықпалымен дамыды. Оқша ата мазарын (15 – 16 ғ-лар) салған сәулетшілер тік бұрышты қабырғалардан бұрыштардағы аркалар арқылы бірте-бірте күмбездерге көшу тәсілін қолданды. Жүніс ата мазарын салу үстінде өңделген кірпіштен жасалған күрделі сталактиттер жүйесі пайдаланылды. Орт. білікті күмбезді мазарлар (Айқожа ишан күмбезі, 17 ғ., Қызылорда) кеңінен тарады. Оңт. және шығыс аймақтарда 4 шағын күмбезі бар мазарлар өріс алды. Орт. және Бат. Қазақстанда бұрышты күмбездердің орнына ұшы сүйір шағын мұнаралар немесе үшбұрышты құймалар (төрт құлақ) орнатылды. Күмбездердің пішіндерінде қабат жасау дәстүрі сақталған. Бат. Қазақстан мазарларында мұқият қаланған және беті өңделген қабырғаларға керісінше, өңделмеген әктастардан күмбез тұрғызу әдісі тарады. Бұл архит. дәстүр ертедегі темір дәуіріндегі мемориалдық және діни ескерткіштерден басталған үш қабатты қорған және неғұрлым кейінгі дәуірдегі мұнаралы құрылыстардың пішіндерімен сабақтас. Сатылы қорғандар түрлерінің дәстүрлері қабір үстіндегі құрылыстар архитектурасында Қазақстанның барлық жерінде үштас, бестас, сыпа, сандықша түрінде сақталып қалды. 20 ғ-дың қарсаңында тастан немесе шикі кірпіштен 3 – 5 – 7 қабатты, биікт. 8 м-ге дейін жететін шағын сатылы-үшбұрышты қабір үсті ескерткіштері жасалды (Шығ. Қазақстан). 15 – 18 ғ-ларда Үстіртте, Маңғыстауда, Орал маңында салынған мазарлар Еуразияның көптеген көшпелі халықтарында кең тараған баспана – күймені еске түсіреді. Іргетасы жоқ бұл мазарлардың босағасы берік бекітіледі, олардың ойықтары перделерді немесе шымылдықтарды еске түсіреді. Күмбездерінің ұшы оймышты сүмбі орнатылған цилиндр немесе шар тәрізді болып келеді. Барабандарға күмбездер орнату жиі кездесті. Ішкі безендіруі де баспана-күймемен сабақтастықты байқатады. Бірақ кейбір бөлшектерден сағаналы қорған астындағы құрылыстар (күмбездердің пішіні, тұрмыс заттарының, қару-жарақтың бейнесін салу, жоғ. ойық, т.б.) дәстүрлерінің ықпалы көрінеді. Қазақстан халықтарының көшіп-қону дәстүрінің біраз өзгеруіне байланысты, күймелер бірте-бірте жойылып, оның орнына бұрын халық арасына онша тарамаған, орын ауыстыруға, қайта құруға неғұрлым қолайлы жиналмалы, алмалы-салмалы киіз үй қолданылды (қ. Киіз үй). Дәулетті адамдардың киіз үйлері тікпе немесе жапсырма әшекейлермен өрнектелген ақ киізбен (ақ түс бұрын шарапатты болып есептелді; ру, ауыл, тайпа басының белгісі болды) жабылды. Киіз үй өрнегінің құрылымы, сондай-ақ, оның барлық композициясы белгілі бір жүйеге негізделді (шеңберлі шаңырақ – күн, уықтар – күн сәулесінің тарам-тарам шапағы, аспалы желбаулар немесе бақандар – “өмір ағашы”). Киіз үйдің ортасына ошақ орнатылды. Оның есікке қарама-қарсы түпкі бөлігі – төр (құрметті) деп аталып, есіктің оң жағы әйелдердің орны (мұнда үй жиһаздары – жүк аяқ, абдыра, т.б. қойылды) деп есептелді. Есік (сықырлауық) әшекей, нақыш салынған тақтайлардан жасалды, ал киіз есік ши тоқымасының үстіне жабылды. Верный (қазіргі Алматы қ.) қ-ның әкімш.-қоғамдық орт. 19 ғ-дың 80-жылдарының орта шенінде қазіргі 28 гвардияшы-панфиловшылар бағы маңына (бұрынғы қала бағы) салынды. Бақтың айналасында ірі ғимараттар: губернатор үйі, офицерлер үйі, қоғамдық жиналыс ғимараты (қазіргі Қазақконцерттің әкімш. ғимараты), гимназия және архиерей үйлері орналасты. Олардың кейбіреулері (губернатор үйі, 1887 ж. Жер сілкінісі кезінде қираған) орыстың классик. архитектурасы стилімен салынды. Сілкініс қаланың тастан тұрғызылған көптеген құрылыстарын қиратты. Одан бергі кезде шағын үйлер күйдірілген кірпіштен қаланған аласа тұғыр қабатының үстіне ағаштан тұрғызылды. Қаланың ірі ғимараттары ағаштан қиюластырылды. 1911 жылғы күшті жер сілкінісінен қирамай қалған үйлердің бірсыпырасы бүгінгі күнге дейін сақталған. Қазақстанда қалалар санының өсуіне байланысты жұмысшы поселкелері мен сауда-қолөнер орт. да көбейді. Табиғат байлықтарын пайдалану негізінде Қарағандыда, Успенскіде, Жезқазғанда, Риддерде, Зыряновта, Шахта қ. маңында, Доссор, Мақат және басқа мұнай кәсіпшіліктерінде кенттер пайда болды. 19 ғ-дың аяғы мен 20 ғ-дың басында Қ. а. онан әрі дамыды. Ғимараттар мен құрылыстардың жаңа түрлері тұрғызылды, қалаларды жоспарлау мен салудың соны тәсілдері белгіленді, өткен кезеңдердегі монументтік сәулет өнерінің дәстүрлері қайта жанданды, жаңа материалдар мен құралымдар, ғимараттарды көркемдеп, сәндеудің архит. пішіндері мен құралдары пайда болды. 1927 – 29 ж. Респ. жоспарлау к-тінің арнаулы комиссиясы ауылға арналған тұрғын үйлердің, қоғамдық ғимараттардың, басқа да ш.-тұрмыстық үйлердің бірсыпыра типтік сұлбасын, бас жоспарларын жасады. Жаңа құрылыстар негізінен бос жатқан жерлерде жүргізілді. Қызылорда қ-нда жеке әкімш. ғимараттары мен тұрғын үй орамдары жедел қарқынмен салынды. 30-жылдардың басында Алматы қ-нда құрылыс кең өріс алды. Түркістан-Сібір т. ж-н салу және республика астанасын Алматыға көшіру қаланың қауырт өсуіне қолайлы жағдай жасады. Қаланы көркейтіп дамыту, Алматы үшін жоспарлаудың дәстүрлі тікбұрышты-орамды жүйесі бойынша, көлденең қиып өтетін көшелерді ұзарту жолымен батыс бағытқа қарай дамытылды. Қала орт. жаңа құрылыстар ауданына (қазіргі Абылай хан даңғылы мен Панфилов көшесінің аралығына) ауысты. 1926 – 34 ж. Үкімет үйінің ғимараты, Байланыс үйі, Түрксіб т. ж. басқармасы үйі салынғаннан кейін республиканың басты әкімш. алаңы ұйымдастырылды. 30-жылдардың басынан сан.-тех. жағынан жақсы жабдықталған көп пәтерлі тұрғын үйлер (Алматы қ-ндағы Фурманов және Қабанбай батыр көшелерінің бұрышы) салу қолға алынды. Тұрғын үйлердің сыртқы көрінісіне үйлесімді, көбінесе, біраз геом. пішіндер – терең ойылған терезелер, балкондар, т.б. басты белгілерге айналды. Бұл көбінесе, архитектурада осы жылдары үйлердің қаңқалы негізге құрылғанына және “конструктивизм” идеяларының үстемдік еткеніне байланысты болды. Алматыда Гоголь көшесі мен Достық даңғылы бұрышындағы екі қонақ үй (1931 – 32), зоотех.-малдәрігерлік ин-тының жатақханасы (1934 – 36), Д.Қонаев пен Қабанбай батыр көшелерінің бұрышындағы көп пәтерлі тұрғын үй (арх. А.Стременев, С.Шевырев) осындай архит. тәсілдермен салынды. Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыстар: Ақтөбеде Өнеркәсіп үйі (арх. Б.А. Дергачев), Алматыда Мемл. банк үйі (арх. А.П. Зенков), Кеңестер үйі, Көкшетау обл-нда “Бурабай” курортының кешені, т.б. құрылыстар көптеп тұрғызылды. 30-жылдары Қазақстанда байырғы қалалар ғана жедел өсіп-өркендеп қоймай, жаңа қалалар (Балқаш, Ленгер, Қарағанды, т.б.) салынып, қалыптасқан кезең болды. 40-жылдардың бас кезінде тұрғын үй құрылысы қанат жайды. Олар қала композициясының басты құрылымдық бөлігіне айналды. Бұл кезеңдегі Қ. а-ның қала салу бағыты көше бойындағы тұрғын үйлердің сыртқы көрінісін жаңарту бағытында дамыды. Пәтерлердің неғұрлым қолайлы және қазіргі заманға лайық түрлерін салу жөнінде қыруар жұмыс істелді. Республиканың жобалау ұйымдарында бір отбасын орналастыруға арналған көлемі шағын секциялардың жоспары жасалды. Қазақстанның сейсмик. аймақтары үшін секциялар жоспары қабылданды. Балқаш қ-нда белгіленген 2, 3 және 4 бөлмелі, екі пәтерлі секциялардың төрт түрі пайдаланылды. 30-жылдардың 2-жартысынан ғимараттар архитектурасында олардың қоғамдық мәнін айқын көрсету мақсатымен классик. архитектураның пішіндері мен бөлшектерін пайдаланудың маңызы артты. 1937 – 39 ж. салынған тамақ өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, қаржы, сыртқы істер мин-тері ғимараттары архитектурасының, сондай-ақ, қалалық атқару к-ті, 2-Алматы т. ж. ст-ның вокзалы, консерватория және Қарағандыдағы кеңестердің обл. үйі ғимараттары архитектурасының орны бөлек. 2-дүниежүз. соғыстан бұрынғы ең ірі құрылыс – Алматыдағы Абай атынд. Қазақтың мемл. академиялық опера және балет театры ғимаратының (1941, арх. Н.А. Простаков) идеялық-көркемдік белгілері қоғамдық ғимараттардың эстет. мәселелерін шешу ісінде қолданылған шаралардың қорытындысы және жаңа кезеңнің басы болып табылады. Атырау қ-ның маңындағы мұнайшылар кентінің жоспары мен салыну құрылымы – соғыс кезіндегі қала салу құрылысының тамаша үлгісі болып саналады. 1945 ж. жобалау жұмыстарын ретке келтіру және оның сапасын жақсарту мақсатымен Қазақ КСР Халкомкеңесі жанынан Архитектура істері жөніндегі басқарма құрылды, Қазақстандағы жобалау-жоспарлау жұмыстарын реттеп отырған жергілікті жобалау ұйымдарының жүйесі кеңейтілді. Сонымен бір мезгілде ҚР ҒА жанынан архитектура секторы құрылды. Бұл сектор қазақ халқының архит.  мәдениетін зерттеу жөнінде игі жұмыстар атқарды, Қ. а-нда халық өнерінің өзіндік белгілерін пайдалануға көмектесті. 2-дүниежүз. соғыстан кейінгі кезеңде сериялық жоба бойынша негізінен аз қабатты үйлер салынды. Сонымен қатар типті жобалар сериясы көбірек тарады. 40-жылдардың 2-жартысынан бастап тұрғын үйлер жеке жобалар бойынша да салына бастады. Қазақстанда соғыстан кейінгі кезеңдегі ең ірі құрылыстардың бірі – ҚР ҒА-ның бас ғимараты (арх. А.В. Щусев, 1948 – 53). ҚР ҒА-ның бірқатар ин-ттарының ғимараттары академиялық қалашық жасауды қамтамасыз етті. Балқаш, Өскемен, Лениногор қ-ндағы Металлургтер мәдениет үйі (1949), Атыраудағы Мұнайшылар мәдениет үйі (1945 – 48), Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет үйі ғимараты – неғұрлым ірі және сол кезеңге тән құрылыстар. Арх.: Б.Р. Рубаненко мен Г.А. Симоновтың жобасы бойынша Қазақ КСР Үкімет үйі ғимараты (1957) – сол кезеңдегі ең ірі әкімш.-қоғамдық құрылыс болып табылады. 1954 ж. Теміртауда тәжірибелік тұңғыш ықшамаудан салынды. Қазақ қала құрылысын жобалау ин-ты 1958 жылдан Алматы қ-ның батыс ауданын жобалауға кірісті. Жаңа тұрғын аудандардың архит.-жоспарлау құрылымының негізі ықшамаудандар (халқы шамамен 6 – 8 мың адам, олар тұтас алғанда 20 – 30 мың халқы бар тұрғын аудан құрады) болды; қ. Қала құрылысы. 50 жылдардың 2-жартысында Қ. а-ның жаңа архит.-көркемдік принциптері, ең алдымен, қоғамдық ғимараттардың көпшілік типтерінде: мектептерде, балалар мекемелерінде, ықшам аудандардың қоғамдық-сауда орт-тарында, т.б. жүзеге асырылды. “Жетісу” қонақ үйінің (бұрынғы “Қазақстан” қонақ үйі, Алматы, 1960; арх. Ким До Сен, Е.К. Дятлов; инж. Ю.Скринский) архит. құрылымының көркемдігімен ерекше көзге түседі. Мейманхана – жер қатты сілкінетін аймақта рамалар кірігетін қаңқаларды пайдалану арқылы салынған еліміздегі алғашқы тұтас жиналмалы ғимарат. Оның сыртқы қабырғалары жеңіл материалдардан жасалған. Бұл жаңалықтар республиканың жер сілкінісі қаупі бар аймақтарында, ғимараттар салмағын жеңілдету маңызды шартқа айналған жерлерде салынатын құрылыстарға өте тиімді. Құрылыстардың сыртқы жағын қоршау ісі де өзгеше сипат алды. Сыртқы қабырғаларды қалыңдығы көзге байқалмайтын жеңіл қоршау-мембраналарға айналдыруға байланысты пластик. сипат беру тәсілдері де жойылды. Бұған дейін тас қабырғаларды көрнекі ету үшін оның салмағын арттыру және материалды мол пайдалану қажет болса, енді бұл мәселе, керісінше қабырғалардың салмағын жеңілдету және оларды неғұрлым жұқа жасау жолымен шешілді (Қазақ қала құрылысын жобалау ин-тының ғимараты; 1961, арх. Рипинский, А.Недовизин, Ким До Сен, В.П. Ищенко; конструкторы В.Решетов). Темір-бетон қаңқасының құрылымы сыртқы қабырғаларды толық көрсетіп, ғимаратты айналдыра белдеулеп алатындай көлемде жаппай әйнектен жасауға мүмкіндік берді. Ғимараттың ішкі бейнесі жаңа архит.-көркем құралдар негізінде қалыптасты. 60-жылдардың 2-жартысы Қ. а-ның маңызды бетбұрыс кезеңі болды. Архитектура міндеттері жергілікті жағдайларды ескере отырып, ұлттық бейне және ұлттық этногр. ерекшелік негізінде шешілді. “Арман” кинотеатрының құрылысында (арх. А.И. Коржемпо, И.Р. Слонов; инж. В.Гарвард; Алматы, 1968) архитектура мен мүсінді ұштастыру жолымен қабырғалардың бетін бедерлеп өңдеу тәсілі пайдаланылды, бедерлік композиция енгізілді, табиғи тасты нақты көрсету арқылы ғимараттың сезімдік әсерлілігін көрсетуге (суретші В.И. Константинов) мүмкіндік туды. Ортада ашық алаң-фойе жасау, қабырғаларында жапсырма бедерлер арқылы қазақ халқы тұрмысындағы текеметтің түрінен туындайтын өрнектер пайдаланылды. Бұл саладағы өзіндік ерекшеліктері бар архит. құрылыстардың бірі Семей қ-ндағы 500 орынды мейманхана (1970 – 75, архитекторлар Ю.Г. Ратушный, О.Балықбаев; конструкторлар: В.Д. Сушинцев, Г.Клочковская) болды. Қ. а-ның үлкен жетістігі “Қазақстан” қонақ үйі. Бұл – еліміздегі жер сілкінетін аймақта орналасқан көп қабатты (25 қабат) алғашқы ғимарат. Республика сарайының архитектурасы бүкіл бір кезеңнің жетістігі болып саналады. Осы ғимарат арқылы ғасырлар бойы қалыптасқан озық архит. тәжірибеге негізделген Қ. а-н онан әрі дамыту жолы белгіленді. 70-жылдардың соңы – 80-жылдардың басында Қазақстан қ-ларында жаңа мәдениет сарайлары мен үйлері, басқа да мәдени ойын-сауық мекемелері: Рудный қ-нда Кеншілер сарайы, Петропавлда обл. драма театры (арх. А.А. Козачинский; инженері А.Зайцев), Алматыда цирк ғимараты (арх.: В.З. Кацев, Слонов, С.Б. Матвеев, М.В. Плохотников), Арқалықта Кеншілер сарайы, Астанада Жастар сарайы (арх.: А.Полянский, К.Миронов; инженері Ц.Нахутина), Павлодарда Трактор жасаушылар сарайы, Алматыда Мақта-мата комб-ның мәдениет сарайы (арх.: А.А. Петрова, З.Мұстафина, Г.Жақыпова; инженері: Г.Стулов, Б.Никишина), М.О. Әуезов атынд. Қазақ акад. драма театрының ғимараты (арх.: О.Баймырзаев, А.Қайнарбаев, М.Жақсылықов) салынды. Бұл кезеңде Қ. а-нда негізінен монументтік-сән өнері көрініс тапқан елеулі сапалық өзгерістер болды. Қазақстан егемендігі мен тәуелсіздігінің нығаюы Қазақстан мемлекеттілігінің нығаю процесі Түркістан, Семей, Атырау, Қарағанды, Қостанай, т.б. қ-лардағы архит. және мемориалдық ескерткіштерде көрініс тапты. 20 ғ-дың аяғындағы қазақ жеріндегі егемендік пен тәуелсіздік айғағы саналатын архит. кешендер ішінде Алматы қ-нда салынған Президент резиденциясы (1995) мен Республика алаңында орналасқан Тәуелсіздік монументінің (1996) орны айрықша. Тәуелсіздік монументі ел тәуелсіздігіне 5 жыл, Желтоқсан оқиғасына 10 жыл толуына орай ашылды. Тәуелсіздік монументінде қазақ халқының тарихы мен қазіргі кезеңі тұтас қамтылған. Монумент Қазақстандағы ғана емес, әлемдегі көрнекті ескерткіштердің бірі болып саналады. Алматы қ-ның қазіргі бет-бейнесінде тәуелсіздік жылдары салынған бес жұлдызды “Анкара” (авт. Бижан Туберг, Түркия) және “Рахат-Палас”, “Астана” қонақ үйлері мен т.б. құрылыстардың өзіндік орны бар. Нарықтық қатынастарға көшкен республика экономикасының белгілері соңғы архит. үлгілермен салынған банк, кеңсе, сауда кешендері, үйлер мен супермаркеттердің бейнелерінен көрінеді. Соңғыларының арасында Астана, Алматы қ-ларында салынған “Рамстор” ғимараттарын ерекше атап өтуге болады. Қазақтың Мемл. опера және балет театрын қайта жөндеуден өткізу 1996 ж. басталып, 2000 ж. аяқталды. Ғимаратқа өңдеу жұмысын жүргізген белгілі арх. С.Сұлтанғалиұлы басқаратын “Айсел Қазақстан” компаниясы. Ел Президенті архитекторлар алдына жаңа елорда – Астана қ-ның келешек келбетіне еуроазиялық мәдениеттің ең үздік жетістіктерін пайдаланып, қолдану міндетін қойды. Бірінші кезекте іске асырылған жобаларға Орт. алаң аумағындағы Президент резиденциясы мен Мин. Каб-нің әкімш. және Парламент ғимараты, сондай-ақ, Ішкі істер мин-нің ғимараты, Қаржы мин. кешені, “Самал” тұрғын үйлер ауд., аэропорт, Есіл өз. аймағындағы архит. кешен, т.б. жатады. Соңғы кезеңдерде бұл аймақтарда жаңа Үкімет үйі, “Сити маркет” сауда орт., Спорт сарайы, Ұлттық музей, Еуроазия ун-тінің ғимараттары салынды. Тәуелсіз Қазақстанның бас қаласын жан-жақты көтеру мақсатымен 1998 ж. Астана қ-н дамытудың бас жоспарын жасау үшін халықар. байқау жарияланды. Байқауға әлемнің көптеген елдерінен 40 тапсырыс пен 27 жоба келіп түсті. Қазылар алқасының шешімімен белгілі жапон арх. Кисе Курокава мен оның ұжымына бірінші орын берілді. 2000 ж. ЮНЕСКО шешімімен Түркістан қ-ның 1500 жылдығы атап өтілді. Осы күнге орай әлемге танымал Қожа Ахмет Иасауи кесенесі қайта жөндеуден өткізілді, Есім ханның хан алаңы жасалынып, “Яссы” қонақ үйі тұрғызылды, сонымен қатар, Ұлы жібек жолын символдық тұрғыдан көрсететін “Керуен” ескерткіш кешені ашылды. Қазақстан тәуелсіздігінің он жылы ішінде салынған архит. ескерткіштерді төрт топқа бөлуге болады. Алғашқы топқа ата-бабалар мен тарихи тұлғаларға арналған ескерткіштер жатады. Бұлар: Қорқыт Ата мемориалды кешені (Қызылорда), Домалақ ана мұнарасы (Оңт.-Қазақстан обл.), Бекет ата мешіті (Маңғыстау), Сарайшық (Атырау обл.), Қарасай, Ағынтай батыр кесенелері (Айыртау, Солт. Қазақстан обл.). Қазақ тарихи тұлғаларына арналған ескерткіштер: Мұхаммед Хайдар Дулат (Тараз), Әбілқайыр (Ақтөбе), Абылай хан (Алматы), Бейбарыс сұлтан (Атырау), Шақшақ Жәнібек (Арқалық), Қаракерей Қабанбай (Рождественка, Астана), Әйтеке би, Қазыбек би, Төле би (Астана), Уәлиханов (Кішкенекөл, Солт. Қазақстан обл.), Абай-Шәкерім (Семей), Абай (Астана). Бұл ескерткіштердің пайда болуы ұлттың тарихи танымының жаңғырып, рухани мұраларға деген ынтасының өскендігін байқатады. 2001 ж. 27 тамызда Алматы қ-нан 35 км қашықтықта Алматы – Бішкек тас жолының бойынан қазақ халқының жоңғарларға қарсы соғысына арналған мемориал ашылды. Бұл ескерткіш 300 жыл бойы жоңғар басқыншылығына қарсы тұрып келген қазақ халқының ерлігі мен бірлігін танытады. Тәуелсіздік кезеңіндегі ескерткіштердің екінші тобы қазақ халқының белгілі қайраткерлеріне арналған. Мұның қатарына А.Байтұрсынов (Қостанай), М.Жұмабаев (Солт. Қазақстан), С.Торайғыров (Павлодар), Қажымұқан (Оңт. Қазақстан), Қ.Сәтбаев (Алматы) ескерткіштері жатады. Үшінші топ ескерткіштерін “қаһармандар” деп атауға болады. Олар Б.Момышұлы (Тараз), Мәншүк пен Әлия (Алматы), С.Нұрмағанбетов (Көкшетау) ескерткіштері. Осы топтың қатарына Астана, Тараз, Шымкент қ-ларындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалды кешендерді қосуға болады. Ескерткіштердің төртінші тобы әдебиет және өнер тақырыбын біріктіреді. Соңғы онжылдық ішінде Ж.Жабаевқа (Алматы), Н.Байғанинге (Ақтөбе), М.Әуезовке (Шымкент), А.Пушкин мен Т.Шевченкоға (Алматы) ескерткіштер орнатылды. Он жылдық тәуелсіздік кезеңінде Қазақстанның көптеген қалалары мен ауылдарының, әсіресе Алматы және Ақмола облыстарының архит. келбеті айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Ірі-ірі әкімш. ғимараттары мен тұрғын-үй кешендері пайда болды. Мемориалдық құрылыстардың арасында жаңа ескерткіштер мен ғылым мен техника, тарих пен мәдениет қайраткерлері тұрған үйлерге тақталар мен құлпытастар қойылды. Ә. Тәтіғұлов, Б. Глаудинов Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том
08.11.2012 11:07 19634

 

Соңғы редакциялау:

19 қазан, 2012

 

Қазақ архитектурасы, Қазақ сәулет өнері – ғимараттарды, құрылыстар мен ескерткіштер кешендерін жобалау, салу, оларға уақыт талабына сай эстетикалық көркемдік сипат беру өнерінің ұлттық саласы. Материалдық игілікті жасаудың басты саласы ретінде Қ. а. қоғамның өндірістік-экон. дамуына, ғылым және техника жетістіктерімен жарақтануына, оны жасаушылардың дүниетанымдық-эстет. талғамына тығыз байланысты жағдайда өркендейді. Қазақстан аумағындағы жекелеген аймақтарды, оның ішінде Оңт. Қазақстан өңірін адамдар шелл-ашель дәуірінде (ерте палеолит кезеңі) қоныстана бастады. Ашель-мустье кезеңінде қоныстану аумағы айтарлықтай кеңейді. Қазақстан жерінде құрылыс салу жоғары палеолит дәуірінде пайда болды. Қаратаудағы, Баянауылдағы, Ұлытаудағы, Маңғыстаудағы үңгірлер мен адам тұрақтары шағын топтар болып өмір сүрген, бірігіп еңбек еткен алғашқы қауымдық құрылыстар аңшылардың, кейінірек ертедегі рулық қауымдарды құрған адамдардың тіршілік жайын сипаттайды. Бұл дәуірден ортасында дөңгелек ошағы бар, тастан немесе топырақтан қаланған, аласа қабырғалы, төбесі сырықтармен жабылған алғашқы тұрғын үйлердің (Орт. Қазақстандағы Тамды, Бөрібас, Дамсы тұрақтары) іздері сақталып қалған. Металл құралдарын пайдалану, кетпенді егіншілікке, мал өсіруге ауысу қоғамдық еңбек бөлінісінің бастамасы болды. Бақташы тайпалардың бөлініп шығуы кейінгі қола дәуірінде (Беғазы-Дәндібай мәдениеті) ұланғайыр далалық жерлерді игеруге мүмкіндік берді. Қола дәуірі тұрақжайлары тұрғын және шаруашылық бөлігі болып, қоршаумен екіге бөлінген (бұлар шаруашылыққа арналған қосымша құрылыстармен бірге дөңгелене орналасқан) тік бұрышты жеркепелер тобынан құралды. Ошақтың үстіндегі орт. кеңістік бөренелермен сатылы-үшбұрышты түрде, басқа жағы тіреулі бөренелермен жабылды, қабырғалары тақта тастан қаластырылды немесе топырақтан соғылды (Оңт. Қазақстандағы Атасу, Бұғылы тұрақжайлары). Кейінірек дөңгелек пішінді үйлер, оның ішінде жиналмалы киіз үйлер, төбесі түйетайлы етіп жабылған тік бұрышты құрылыстар (қыстаулар) пайда болды. Сонымен қатар қабір үстіндегі құрылыстардың пішіндері мен түрлері сараланып бөлінді. Қола дәуір сәулет өнерінің үлгісі өңделмеген тақтатастан қаланған Дың ескерткіштері кездеседі (екідың ғимараттары). Тас ғасырының мәйіт жерленген бейіттері күмбезбен көмкерілген және айналасы дөңгелене қоршалған, ортасында тас мүсіндері бар сәулетті кешендер түрінде жасалған. Қабір үстінде көлденеңі 30 м-ге жететін үлкен қорғандар (Жезқазған обл-ндағы Ақсу-Аюлы кешені) жиі салынған.

Неғұрлым кейінгі дәуірдегі кешендер тас тақталармен тік бұрышты етіп қоршалды, кіре берісте галереялар салынды, төбесі бағаналармен (Беғазы, Қарағанды обл.) жабылды. Тегіскен мазарларының композицияларында (б.з.б. 9 – 6 ғ-лар, Қызылорда обл.) сыртқы қабырғалардың шаршылары оларға кірігіп тұрған дөңгелек камералармен (шикі кірпіштен тұрғызылған), сырықтармен жабылған шатырмен үйлесіп тұр. Б.з.б. 4 ғ-да құрылыста төбені күмбездеп жабу тәсілі, сондай-ақ, оның алуан түрлері – цилиндр, сопақ, кеспек тәрізді түрлері кеңінен қолданылды. Бұлар негізінен сақ тайпалары көсемдерінің мазарларында (Баланды-2 кешені, Қызылорда обл.) тұрғызылған. Қола дәуіріндегі қабір үсті құрылыстары пішіндерінің композициясы мемориалдық және басқа құрылыстардың пішінін қалыптастыру үшін үлгі болған космогониялық түсініктердің белгілі бір жүйесі екенін дәлелдейді. Олардың жекелеген шарттары Қазақстанның кейінгі дәуірдегі ғұрыптық архитектурасының негізіне айналды.

Ерте орта ғ-ларда отырықшы халықтардың тұрғын-жайларын жоспарлау құрылымы өзгерді. Ежелгі бекініс-қалалардың орнына нығайтылған бекініс-үйлер пайда болды, кейіннен олар қамалдарға айналды. Қамалдардың айналасына немесе бір жағына Орта Азияда шахристан деп аталатын қалалар салынды. Олар бірнеше қорғаныс дуалдарымен қоршалды. Шахристанда негізінен діни ғимараттар, базарлар, ақсүйектердің, әкімдердің, ірі қолөнершілер мен саудагерлердің тұрғын үйлері тұрғызылды. Қалалардың экон. маңызы онан әрі артқан сайын оларға іргелес ұсақ қолөнершілер, саудагерлер, кедейлер тұратын рабаттар пайда болды. Үйлер мен қорғаныс құрылыстары, қорғаныс дуалдары мен мұнаралары шикі кірпіштен (51–52´23 – 24´7–8 см) және саз балшық соқпаларынан (130´160´70 см) салынды. Тараз қазбаларынан ірі діни ғимараттарды әшекейлеуге арналған пішімі алуан түрлі көптеген күйдірілген саз тақталары табылды. Тараз тақталары 5 – 7 ғ-ларда Ақ-Тепедегі (Ташкент түбінде), Пенжикенттегі, Барахшадағы бекініс-үйлерінен табылған архит. нақыштың осындай түрлерімен біртекті. Қалалар сауда-экон. маңызының онан әрі артуы шахристанға шығыс, оңт. және батыс жағынан келіп тірелетін қала іргесіндегі рабаттардың дамуына жағдай туғызды. 11 – 12 ғ-лар қарсаңында қирап қалған бұрынғы бекіністердің орнына қаланы билеушілердің кеңейтілген, қайта жөнделген қорғаныс жүйелері бар жаңа бекіністері (сарайлар) тұрғызылды. Қаланың жоспарлау құрылымы мен бекіністері үш кезең бойында қалыптасты. Негізгі құрылыс материалдары саз балшық соқпалар (100´70´65 см) мен шикі кірпіш (40 – 41´21 – 22´9 – 10 см) болды. Бірінші кезеңдегі бекініс ғимараты шикі кірпіштен (аум. 16´15 м) екі қабатты монументті етіп салынды. Оның тұғырлы қабатының ортасына биікт. 2 қабат, диам. 5,8 м жартылай өрісті күмбезбен көмкерілген және де бекіністің жоғ. қабаттағы басқа да бөлмелерінен бөлек сегіз қырлы зал орналасты. Залдың ортасында тас тақталармен шегенделген құдық қазылды. Ғимараттың батыс беті жағындағы залдың кіре берісі үстіңгі қабаттағы тұрғын жайлармен, күмбезбен көмкерілген баспалдақтар галереялары арқылы байланысады. Қабырғалардың түрлі биіктігінен ойылған ойықтардан (30´35´58 см) галереяларға жарық түсірілді. Күмбезді зал ерекше құралымды құрылымымен көзге түседі. Шаршы пішінді сегіз бұрышқа айналдыру үшін оның бұрыштары кірпіш бағаналармен 2,88 м биіктікке дейін көтеріліп, содан кейін сегіз қырдың бұрыштарынан, айналдыра қалау әдісімен тұрғызылған жартылай өрісті күмбездің іргетасынан сатылы аркалар тұрғызылған. Қалыңд. бір кірпіш (40 см) күмбездің сыртқы 4 жағы айқас тартылған бедерлермен нығайтылған. Барлық бөлмелер мен баспалдақты галереялардың өтпе жолдары сыналап қаланған жебе тәрізді аркалармен жабылған. Осындай бекініс үйі Шардара бөгенінің аймағындағы Ақтөбе-І ежелгі елді мекенінен табылды. Бұл шикі кірпіштен тұрғызылған екі қабатты бекініс-үйдің бөлмелері жоғарыда айтылған тәсілмен жоспарланған, ортасында құдықты залы бар. Луговой т. ж. ст. (Жамбыл обл.) аймағындағы ежелгі Құлан қ. өзінің жоспарлану құрылымы, құрылыс материалдары және құралымдық тәсілдерінің ерекшеліктері жөнінен ерте орта ғ-ларға тән қалалардың қатарына жатады. Қазақстанның ерте орта ғ-лық ескерткіштерінің ішінде Ақыртас деп аталатын салынып бітпеген құрылыс керуен-сарайға арналған.

9 – 10 ғ-ларда Қ. а-нда бүкіл Орт. Азиядағы сияқты, зор сапалық өзгерістер болды. 11 – 12 ғ-ларда ол гүлдену шегіне жетті. Бұл кезеңнің қалалары 3 жеке құрылымнан тұрды: қамал, шахристан және рабат. Құрылысқа күйдірілген кірпішті қолдана бастау – сәулет өнерін дамыту ісіндегі ілгері дамуға жол ашты. Ғаныш ерітіндісін қосып күйдірілген кірпіштің өте берік болуы ғимарат төбесі құралымын жетілдіруге, үйлердің аумағын ұлғайтуға жағдай туғызды. Ғаныш ерітіндісінің тез қататын қасиеті күмбездерді шегендеусіз қалауға қол жеткізді, мұның орманы жоқ аймақтар үшін зор маңызы болды. Ерте орта ғ-лар құрылыстарындағы шаршы пішінді күмбездердің іргесі дөңгелек пішінді күмбездерге ауысуы сатылы-аркалы белдеулер арқылы жүзеге асырылды. Ғимараттардың құрылымында сегіз қырлы барабандар пайда болды. Олар ғимараттың шаршы пішінді төм. аумағының күмбездерге ауысуын оңайлатты. Желкендер сегіз бұрыштың қырларына орнатылды. Күйдірілген кірпіш бастапқыда негізгі конструкциялардың, шикі кірпіштен тұрғызылған монументті құрылыстардың (Қызылорда обл-ндағы бүгінгі күнге дейін біршама жақсы сақталған Сараман-Қосы мұнарасы және Бегім ана мұнарасы) алдыңғы жақ бетін қаптау үшін қолданылды. Сыртқы аумағы мұнара секілді қабір үстіне шатырлы құрылыстарды салудың ең ежелгі жергілікті дәстүрін сақтап қалған екі ескерткіштің маңызы зор (Тегіскен мазарларының солт-тегі тобы, б.з.б. 9 – 6 ғ.; Баланды күмбезі б.з.б. 4 – 2 ғ-лар).

Қарахан әулеті билігі кезінде сәулет өнері барынша гүлденіп өсті. Қазақстан жерінде бұл кезеңнен Жамбыл обл-ндағы Бабажы қатын кесенесі (10 – 11 ғ.), Қарахан күмбезі (11 ғ.), Айша бибі кесенесі (11 – 12 ғ.), Жезқазған обл-ндағы Жұбан ана күмбезі (11 – 12 ғ.), Тараз қ-ндағы моншалар, т.б. ескерткіштер біршама жақсы сақталған, кейбіреулерінің қалдықтары бар. Айша бибі мазары мемориалдық құрылыстардың орт. білікті түріне жатады. Егер Бабажы қатын кесенесі және Қарахан мазарының тек алдыңғы беттері кірпішпен өрнектелген болса, Айша бибі кесенесі түгел әсем және сан алуан геом. және көгеріс нақышына құрылған әшекей тақталармен қапталған. Күн түскен кезде ғимарат қабырғалары алуан түспен құлпырып тұрады. Ескерткіш қабырғаларының құралымы ерекше.

Қарағанды обл-ның Ұлытау ауд-нда орналасқан Аяққамыр күмбезі Орт. Қазақстанның аса көрнекті ескерткіштерінің қатарына жатады. Кейбір зерттеушілер оны оғыз-қыпшақ дәуіріне (11 – 12 ғ-лар) жатқызады. 11 – 12 ғ-лардағы ғимараттардың күмбездеп жабылу құралымдары, архит. аумақты композициямен салынуы және архит. сәндік құралдары мен пішіндері Қазақстан жеріндегі сәулет өнерінің озық үлгімен ілгері дамуына негіз болды.

Орт. Қазақстан ескерткіштерінің арасында Алаша хан күмбезі (10 – 11 ғ-лар) өзінің архит. келбетімен ерекше көзге түседі.

Түркістан қ-ндағы Қожа Ахмет Иасауи ханақасы 14 ғ-дың аяғы мен 15 ғ-дың басындағы сирек кездесетін бірден бір архит. ескерткіш болып табылады. Ғимаратты әсемдеуге ғанышқа, ағашқа, сүйекке ою-өрнек салу, тас пен металды көркемдеп өңдеу тәсілдері, халықтық бейнелеу өнерімен етене байланысты өрнектер үлгісі кеңінен қолданылды. Бұл тамаша ескерткіште Қазақстан мен Орта Азия халықтарының көп ғасырлық құрылыс өнерінің жетістіктері пайдаланылған. Қазақтың халықтық сәулет өнерін дамытуда ескерткіштің маңызы орасан зор болды.

13 – 14 ғ-ларда Қ. а-ның онан әрі дамуы Орта Азия мен Қазақстан халықтарының сәулет өнерін өркендетудің жалпы бағыт-бағдарын бейнеледі. Күмбез астындағы құралымдар жетілдірілді, құрылыстардың композ. құрылымын өзгерткен қос қабатты сымбатты барабандар, ғимараттарға әсемдік және архит. өзіндік түр беретін алуан түсті жылтыр кірпіштер, қаптағыш тақталар пайда болды.

15 – 18 ғ-ларда Қазақстанның далалық аймақтарында салынған діни және мемориалдық ескерткіштер 3 негізгі топқа бөлінеді: 1) күмбезді мазарлық; 2) қоршаулар (сағана там, төртқұлақ там); 3) қабір үстіндегі ескерткіштер және қабір үстіндегі ұстындар (сыпа, үштас, бестас, қойтас, құлпытас, т.б.). Мазарлар композициясына қарай: мұнаралы, порталды-күмбезді, орт. білікті; жабу түріне қарай: сфералық немесе барабаны бар яки барабаны жоқ, шатырлы (сопақша), күмбезді болып бөлінеді. 15 – 18 ғ-лардағы мұнаралы құрылыстарға Қызылорда обл-ның Шахнияз, Қармақшы ата мазарлары, Оңт. Қазақстан обл-ның Созақ ауд-ндағы мазарлар, т.б. бірқатар ескерткіштер жатады. Олар тік бұрышты немесе көп қырлы іргетасқа қойылған биік көп қырлы барабан арқылы сопақша немесе ұя тәрізді күмбезбен жабылған. Іші еңселі, 2-қабаты күмбезбен көмкерілген, босаға табалдырығы аласа. Мұндай құрылыстардың шығуы көшпелі баспананың (күйменің) тууына себеп болды. Дөңес жерлерге салынған бұдан ертеректегі мұнаралы құрылыстардың – Қызылорда обл-ндағы Ақсақ қыз, Сараман-Қосы, Бегім ана (10 – 12 ғ-лар) секілді бірсыпыра ескерткіштер пішіндерінің композициясы мен құрылымы ежелгі қорған құрылыстарынан алынғаны дәлелденді. Қозы Көрпеш-Баян сұлу мазары, Домбауыл кешені, Діңгек ғимараттарының құрылыс ерекшелігінде қола дәуіріндегі Дың ескерткіштері белгілері айқын көрінеді (8 – 10 ғ-лар). Космол. үлгілер діни құрылыстар архитектурасының ертедегі түрлерінің бірі және әр түрлі этн. бірлестіктердің орт-тары болды. Оңт. облыстардағы күмбезді мазарларды салу ісіндегі құралымдық тәсілдер мен пішіндер композициясы Орта Азия архитектурасы ықпалымен дамыды. Оқша ата мазарын (15 – 16 ғ-лар) салған сәулетшілер тік бұрышты қабырғалардан бұрыштардағы аркалар арқылы бірте-бірте күмбездерге көшу тәсілін қолданды. Жүніс ата мазарын салу үстінде өңделген кірпіштен жасалған күрделі сталактиттер жүйесі пайдаланылды.

Орт. білікті күмбезді мазарлар (Айқожа ишан күмбезі, 17 ғ., Қызылорда) кеңінен тарады. Оңт. және шығыс аймақтарда 4 шағын күмбезі бар мазарлар өріс алды. Орт. және Бат. Қазақстанда бұрышты күмбездердің орнына ұшы сүйір шағын мұнаралар немесе үшбұрышты құймалар (төрт құлақ) орнатылды. Күмбездердің пішіндерінде қабат жасау дәстүрі сақталған. Бат. Қазақстан мазарларында мұқият қаланған және беті өңделген қабырғаларға керісінше, өңделмеген әктастардан күмбез тұрғызу әдісі тарады. Бұл архит. дәстүр ертедегі темір дәуіріндегі мемориалдық және діни ескерткіштерден басталған үш қабатты қорған және неғұрлым кейінгі дәуірдегі мұнаралы құрылыстардың пішіндерімен сабақтас. Сатылы қорғандар түрлерінің дәстүрлері қабір үстіндегі құрылыстар архитектурасында Қазақстанның барлық жерінде үштас, бестас, сыпа, сандықша түрінде сақталып қалды. 20 ғ-дың қарсаңында тастан немесе шикі кірпіштен 3 – 5 – 7 қабатты, биікт. 8 м-ге дейін жететін шағын сатылы-үшбұрышты қабір үсті ескерткіштері жасалды (Шығ. Қазақстан).

15 – 18 ғ-ларда Үстіртте, Маңғыстауда, Орал маңында салынған мазарлар Еуразияның көптеген көшпелі халықтарында кең тараған баспана – күймені еске түсіреді. Іргетасы жоқ бұл мазарлардың босағасы берік бекітіледі, олардың ойықтары перделерді немесе шымылдықтарды еске түсіреді. Күмбездерінің ұшы оймышты сүмбі орнатылған цилиндр немесе шар тәрізді болып келеді. Барабандарға күмбездер орнату жиі кездесті. Ішкі безендіруі де баспана-күймемен сабақтастықты байқатады. Бірақ кейбір бөлшектерден сағаналы қорған астындағы құрылыстар (күмбездердің пішіні, тұрмыс заттарының, қару-жарақтың бейнесін салу, жоғ. ойық, т.б.) дәстүрлерінің ықпалы көрінеді. Қазақстан халықтарының көшіп-қону дәстүрінің біраз өзгеруіне байланысты, күймелер бірте-бірте жойылып, оның орнына бұрын халық арасына онша тарамаған, орын ауыстыруға, қайта құруға неғұрлым қолайлы жиналмалы, алмалы-салмалы киіз үй қолданылды (қ. Киіз үй). Дәулетті адамдардың киіз үйлері тікпе немесе жапсырма әшекейлермен өрнектелген ақ киізбен (ақ түс бұрын шарапатты болып есептелді; ру, ауыл, тайпа басының белгісі болды) жабылды. Киіз үй өрнегінің құрылымы, сондай-ақ, оның барлық композициясы белгілі бір жүйеге негізделді (шеңберлі шаңырақ – күн, уықтар – күн сәулесінің тарам-тарам шапағы, аспалы желбаулар немесе бақандар – “өмір ағашы”). Киіз үйдің ортасына ошақ орнатылды. Оның есікке қарама-қарсы түпкі бөлігі – төр (құрметті) деп аталып, есіктің оң жағы әйелдердің орны (мұнда үй жиһаздары – жүк аяқ, абдыра, т.б. қойылды) деп есептелді. Есік (сықырлауық) әшекей, нақыш салынған тақтайлардан жасалды, ал киіз есік ши тоқымасының үстіне жабылды.

Верный (қазіргі Алматы қ.) қ-ның әкімш.-қоғамдық орт. 19 ғ-дың 80-жылдарының орта шенінде қазіргі 28 гвардияшы-панфиловшылар бағы маңына (бұрынғы қала бағы) салынды. Бақтың айналасында ірі ғимараттар: губернатор үйі, офицерлер үйі, қоғамдық жиналыс ғимараты (қазіргі Қазақконцерттің әкімш. ғимараты), гимназия және архиерей үйлері орналасты. Олардың кейбіреулері (губернатор үйі, 1887 ж. Жер сілкінісі кезінде қираған) орыстың классик. архитектурасы стилімен салынды. Сілкініс қаланың тастан тұрғызылған көптеген құрылыстарын қиратты. Одан бергі кезде шағын үйлер күйдірілген кірпіштен қаланған аласа тұғыр қабатының үстіне ағаштан тұрғызылды. Қаланың ірі ғимараттары ағаштан қиюластырылды. 1911 жылғы күшті жер сілкінісінен қирамай қалған үйлердің бірсыпырасы бүгінгі күнге дейін сақталған.

Қазақстанда қалалар санының өсуіне байланысты жұмысшы поселкелері мен сауда-қолөнер орт. да көбейді. Табиғат байлықтарын пайдалану негізінде Қарағандыда, Успенскіде, Жезқазғанда, Риддерде, Зыряновта, Шахта қ. маңында, Доссор, Мақат және басқа мұнай кәсіпшіліктерінде кенттер пайда болды.

19 ғ-дың аяғы мен 20 ғ-дың басында Қ. а. онан әрі дамыды. Ғимараттар мен құрылыстардың жаңа түрлері тұрғызылды, қалаларды жоспарлау мен салудың соны тәсілдері белгіленді, өткен кезеңдердегі монументтік сәулет өнерінің дәстүрлері қайта жанданды, жаңа материалдар мен құралымдар, ғимараттарды көркемдеп, сәндеудің архит. пішіндері мен құралдары пайда болды.

1927 – 29 ж. Респ. жоспарлау к-тінің арнаулы комиссиясы ауылға арналған тұрғын үйлердің, қоғамдық ғимараттардың, басқа да ш.-тұрмыстық үйлердің бірсыпыра типтік сұлбасын, бас жоспарларын жасады. Жаңа құрылыстар негізінен бос жатқан жерлерде жүргізілді. Қызылорда қ-нда жеке әкімш. ғимараттары мен тұрғын үй орамдары жедел қарқынмен салынды. 30-жылдардың басында Алматы қ-нда құрылыс кең өріс алды. Түркістан-Сібір т. ж-н салу және республика астанасын Алматыға көшіру қаланың қауырт өсуіне қолайлы жағдай жасады. Қаланы көркейтіп дамыту, Алматы үшін жоспарлаудың дәстүрлі тікбұрышты-орамды жүйесі бойынша, көлденең қиып өтетін көшелерді ұзарту жолымен батыс бағытқа қарай дамытылды. Қала орт. жаңа құрылыстар ауданына (қазіргі Абылай хан даңғылы мен Панфилов көшесінің аралығына) ауысты. 1926 – 34 ж. Үкімет үйінің ғимараты, Байланыс үйі, Түрксіб т. ж. басқармасы үйі салынғаннан кейін республиканың басты әкімш. алаңы ұйымдастырылды.

30-жылдардың басынан сан.-тех. жағынан жақсы жабдықталған көп пәтерлі тұрғын үйлер (Алматы қ-ндағы Фурманов және Қабанбай батыр көшелерінің бұрышы) салу қолға алынды. Тұрғын үйлердің сыртқы көрінісіне үйлесімді, көбінесе, біраз геом. пішіндер – терең ойылған терезелер, балкондар, т.б. басты белгілерге айналды. Бұл көбінесе, архитектурада осы жылдары үйлердің қаңқалы негізге құрылғанына және “конструктивизм” идеяларының үстемдік еткеніне байланысты болды. Алматыда Гоголь көшесі мен Достық даңғылы бұрышындағы екі қонақ үй (1931 – 32), зоотех.-малдәрігерлік ин-тының жатақханасы (1934 – 36), Д.Қонаев пен Қабанбай батыр көшелерінің бұрышындағы көп пәтерлі тұрғын үй (арх. А.Стременев, С.Шевырев) осындай архит. тәсілдермен салынды. Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыстар: Ақтөбеде Өнеркәсіп үйі (арх. Б.А. Дергачев), Алматыда Мемл. банк үйі (арх. А.П. Зенков), Кеңестер үйі, Көкшетау обл-нда “Бурабай” курортының кешені, т.б. құрылыстар көптеп тұрғызылды. 30-жылдары Қазақстанда байырғы қалалар ғана жедел өсіп-өркендеп қоймай, жаңа қалалар (Балқаш, Ленгер, Қарағанды, т.б.) салынып, қалыптасқан кезең болды.

40-жылдардың бас кезінде тұрғын үй құрылысы қанат жайды. Олар қала композициясының басты құрылымдық бөлігіне айналды. Бұл кезеңдегі Қ. а-ның қала салу бағыты көше бойындағы тұрғын үйлердің сыртқы көрінісін жаңарту бағытында дамыды. Пәтерлердің неғұрлым қолайлы және қазіргі заманға лайық түрлерін салу жөнінде қыруар жұмыс істелді. Республиканың жобалау ұйымдарында бір отбасын орналастыруға арналған көлемі шағын секциялардың жоспары жасалды. Қазақстанның сейсмик. аймақтары үшін секциялар жоспары қабылданды. Балқаш қ-нда белгіленген 2, 3 және 4 бөлмелі, екі пәтерлі секциялардың төрт түрі пайдаланылды. 30-жылдардың 2-жартысынан ғимараттар архитектурасында олардың қоғамдық мәнін айқын көрсету мақсатымен классик. архитектураның пішіндері мен бөлшектерін пайдаланудың маңызы артты. 1937 – 39 ж. салынған тамақ өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, қаржы, сыртқы істер мин-тері ғимараттары архитектурасының, сондай-ақ, қалалық атқару к-ті, 2-Алматы т. ж. ст-ның вокзалы, консерватория және Қарағандыдағы кеңестердің обл. үйі ғимараттары архитектурасының орны бөлек. 2-дүниежүз. соғыстан бұрынғы ең ірі құрылыс – Алматыдағы Абай атынд. Қазақтың мемл. академиялық опера және балет театры ғимаратының (1941, арх. Н.А. Простаков) идеялық-көркемдік белгілері қоғамдық ғимараттардың эстет. мәселелерін шешу ісінде қолданылған шаралардың қорытындысы және жаңа кезеңнің басы болып табылады. Атырау қ-ның маңындағы мұнайшылар кентінің жоспары мен салыну құрылымы – соғыс кезіндегі қала салу құрылысының тамаша үлгісі болып саналады. 1945 ж. жобалау жұмыстарын ретке келтіру және оның сапасын жақсарту мақсатымен Қазақ КСР Халкомкеңесі жанынан Архитектура істері жөніндегі басқарма құрылды, Қазақстандағы жобалау-жоспарлау жұмыстарын реттеп отырған жергілікті жобалау ұйымдарының жүйесі кеңейтілді. Сонымен бір мезгілде ҚР ҒА жанынан архитектура секторы құрылды. Бұл сектор қазақ халқының архит.  мәдениетін зерттеу жөнінде игі жұмыстар атқарды, Қ. а-нда халық өнерінің өзіндік белгілерін пайдалануға көмектесті.

2-дүниежүз. соғыстан кейінгі кезеңде сериялық жоба бойынша негізінен аз қабатты үйлер салынды. Сонымен қатар типті жобалар сериясы көбірек тарады. 40-жылдардың 2-жартысынан бастап тұрғын үйлер жеке жобалар бойынша да салына бастады. Қазақстанда соғыстан кейінгі кезеңдегі ең ірі құрылыстардың бірі – ҚР ҒА-ның бас ғимараты (арх. А.В. Щусев, 1948 – 53). ҚР ҒА-ның бірқатар ин-ттарының ғимараттары академиялық қалашық жасауды қамтамасыз етті. Балқаш, Өскемен, Лениногор қ-ндағы Металлургтер мәдениет үйі (1949), Атыраудағы Мұнайшылар мәдениет үйі (1945 – 48), Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет үйі ғимараты – неғұрлым ірі және сол кезеңге тән құрылыстар. Арх.: Б.Р. Рубаненко мен Г.А. Симоновтың жобасы бойынша Қазақ КСР Үкімет үйі ғимараты (1957) – сол кезеңдегі ең ірі әкімш.-қоғамдық құрылыс болып табылады. 1954 ж. Теміртауда тәжірибелік тұңғыш ықшамаудан салынды.

Қазақ қала құрылысын жобалау ин-ты 1958 жылдан Алматы қ-ның батыс ауданын жобалауға кірісті. Жаңа тұрғын аудандардың архит.-жоспарлау құрылымының негізі ықшамаудандар (халқы шамамен 6 – 8 мың адам, олар тұтас алғанда 20 – 30 мың халқы бар тұрғын аудан құрады) болды; қ. Қала құрылысы.

50 жылдардың 2-жартысында Қ. а-ның жаңа архит.-көркемдік принциптері, ең алдымен, қоғамдық ғимараттардың көпшілік типтерінде: мектептерде, балалар мекемелерінде, ықшам аудандардың қоғамдық-сауда орт-тарында, т.б. жүзеге асырылды. “Жетісу” қонақ үйінің (бұрынғы “Қазақстан” қонақ үйі, Алматы, 1960; арх. Ким До Сен, Е.К. Дятлов; инж. Ю.Скринский) архит. құрылымының көркемдігімен ерекше көзге түседі. Мейманхана – жер қатты сілкінетін аймақта рамалар кірігетін қаңқаларды пайдалану арқылы салынған еліміздегі алғашқы тұтас жиналмалы ғимарат. Оның сыртқы қабырғалары жеңіл материалдардан жасалған. Бұл жаңалықтар республиканың жер сілкінісі қаупі бар аймақтарында, ғимараттар салмағын жеңілдету маңызды шартқа айналған жерлерде салынатын құрылыстарға өте тиімді. Құрылыстардың сыртқы жағын қоршау ісі де өзгеше сипат алды. Сыртқы қабырғаларды қалыңдығы көзге байқалмайтын жеңіл қоршау-мембраналарға айналдыруға байланысты пластик. сипат беру тәсілдері де жойылды. Бұған дейін тас қабырғаларды көрнекі ету үшін оның салмағын арттыру және материалды мол пайдалану қажет болса, енді бұл мәселе, керісінше қабырғалардың салмағын жеңілдету және оларды неғұрлым жұқа жасау жолымен шешілді (Қазақ қала құрылысын жобалау ин-тының ғимараты; 1961, арх. Рипинский, А.Недовизин, Ким До Сен, В.П. Ищенко; конструкторы В.Решетов). Темір-бетон қаңқасының құрылымы сыртқы қабырғаларды толық көрсетіп, ғимаратты айналдыра белдеулеп алатындай көлемде жаппай әйнектен жасауға мүмкіндік берді. Ғимараттың ішкі бейнесі жаңа архит.-көркем құралдар негізінде қалыптасты.

60-жылдардың 2-жартысы Қ. а-ның маңызды бетбұрыс кезеңі болды. Архитектура міндеттері жергілікті жағдайларды ескере отырып, ұлттық бейне және ұлттық этногр. ерекшелік негізінде шешілді. “Арман” кинотеатрының құрылысында (арх. А.И. Коржемпо, И.Р. Слонов; инж. В.Гарвард; Алматы, 1968) архитектура мен мүсінді ұштастыру жолымен қабырғалардың бетін бедерлеп өңдеу тәсілі пайдаланылды, бедерлік композиция енгізілді, табиғи тасты нақты көрсету арқылы ғимараттың сезімдік әсерлілігін көрсетуге (суретші В.И. Константинов) мүмкіндік туды. Ортада ашық алаң-фойе жасау, қабырғаларында жапсырма бедерлер арқылы қазақ халқы тұрмысындағы текеметтің түрінен туындайтын өрнектер пайдаланылды. Бұл саладағы өзіндік ерекшеліктері бар архит. құрылыстардың бірі Семей қ-ндағы 500 орынды мейманхана (1970 – 75, архитекторлар Ю.Г. Ратушный, О.Балықбаев; конструкторлар: В.Д. Сушинцев, Г.Клочковская) болды.

Қ. а-ның үлкен жетістігі “Қазақстан” қонақ үйі. Бұл – еліміздегі жер сілкінетін аймақта орналасқан көп қабатты (25 қабат) алғашқы ғимарат. Республика сарайының архитектурасы бүкіл бір кезеңнің жетістігі болып саналады. Осы ғимарат арқылы ғасырлар бойы қалыптасқан озық архит. тәжірибеге негізделген Қ. а-н онан әрі дамыту жолы белгіленді. 70-жылдардың соңы – 80-жылдардың басында Қазақстан қ-ларында жаңа мәдениет сарайлары мен үйлері, басқа да мәдени ойын-сауық мекемелері: Рудный қ-нда Кеншілер сарайы, Петропавлда обл. драма театры (арх. А.А. Козачинский; инженері А.Зайцев), Алматыда цирк ғимараты (арх.: В.З. Кацев, Слонов, С.Б. Матвеев, М.В. Плохотников), Арқалықта Кеншілер сарайы, Астанада Жастар сарайы (арх.: А.Полянский, К.Миронов; инженері Ц.Нахутина), Павлодарда Трактор жасаушылар сарайы, Алматыда Мақта-мата комб-ның мәдениет сарайы (арх.: А.А. Петрова, З.Мұстафина, Г.Жақыпова; инженері: Г.Стулов, Б.Никишина), М.О. Әуезов атынд. Қазақ акад. драма театрының ғимараты (арх.: О.Баймырзаев, А.Қайнарбаев, М.Жақсылықов) салынды. Бұл кезеңде Қ. а-нда негізінен монументтік-сән өнері көрініс тапқан елеулі сапалық өзгерістер болды.

Қазақстан егемендігі мен тәуелсіздігінің нығаюы Қазақстан мемлекеттілігінің нығаю процесі Түркістан, Семей, Атырау, Қарағанды, Қостанай, т.б. қ-лардағы архит. және мемориалдық ескерткіштерде көрініс тапты.

20 ғ-дың аяғындағы қазақ жеріндегі егемендік пен тәуелсіздік айғағы саналатын архит. кешендер ішінде Алматы қ-нда салынған Президент резиденциясы (1995) мен Республика алаңында орналасқан Тәуелсіздік монументінің (1996) орны айрықша.

Тәуелсіздік монументі ел тәуелсіздігіне 5 жыл, Желтоқсан оқиғасына 10 жыл толуына орай ашылды. Тәуелсіздік монументінде қазақ халқының тарихы мен қазіргі кезеңі тұтас қамтылған. Монумент Қазақстандағы ғана емес, әлемдегі көрнекті ескерткіштердің бірі болып саналады. Алматы қ-ның қазіргі бет-бейнесінде тәуелсіздік жылдары салынған бес жұлдызды “Анкара” (авт. Бижан Туберг, Түркия) және “Рахат-Палас”, “Астана” қонақ үйлері мен т.б. құрылыстардың өзіндік орны бар. Нарықтық қатынастарға көшкен республика экономикасының белгілері соңғы архит. үлгілермен салынған банк, кеңсе, сауда кешендері, үйлер мен супермаркеттердің бейнелерінен көрінеді. Соңғыларының арасында Астана, Алматы қ-ларында салынған “Рамстор” ғимараттарын ерекше атап өтуге болады. Қазақтың Мемл. опера және балет театрын қайта жөндеуден өткізу 1996 ж. басталып, 2000 ж. аяқталды. Ғимаратқа өңдеу жұмысын жүргізген белгілі арх. С.Сұлтанғалиұлы басқаратын “Айсел Қазақстан” компаниясы.

Ел Президенті архитекторлар алдына жаңа елорда – Астана қ-ның келешек келбетіне еуроазиялық мәдениеттің ең үздік жетістіктерін пайдаланып, қолдану міндетін қойды. Бірінші кезекте іске асырылған жобаларға Орт. алаң аумағындағы Президент резиденциясы мен Мин. Каб-нің әкімш. және Парламент ғимараты, сондай-ақ, Ішкі істер мин-нің ғимараты, Қаржы мин. кешені, “Самал” тұрғын үйлер ауд., аэропорт, Есіл өз. аймағындағы архит. кешен, т.б. жатады. Соңғы кезеңдерде бұл аймақтарда жаңа Үкімет үйі, “Сити маркет” сауда орт., Спорт сарайы, Ұлттық музей, Еуроазия ун-тінің ғимараттары салынды. Тәуелсіз Қазақстанның бас қаласын жан-жақты көтеру мақсатымен 1998 ж. Астана қ-н дамытудың бас жоспарын жасау үшін халықар. байқау жарияланды. Байқауға әлемнің көптеген елдерінен 40 тапсырыс пен 27 жоба келіп түсті. Қазылар алқасының шешімімен белгілі жапон арх. Кисе Курокава мен оның ұжымына бірінші орын берілді. 2000 ж. ЮНЕСКО шешімімен Түркістан қ-ның 1500 жылдығы атап өтілді. Осы күнге орай әлемге танымал Қожа Ахмет Иасауи кесенесі қайта жөндеуден өткізілді, Есім ханның хан алаңы жасалынып, “Яссы” қонақ үйі тұрғызылды, сонымен қатар, Ұлы жібек жолын символдық тұрғыдан көрсететін “Керуен” ескерткіш кешені ашылды.

Қазақстан тәуелсіздігінің он жылы ішінде салынған архит. ескерткіштерді төрт топқа бөлуге болады. Алғашқы топқа ата-бабалар мен тарихи тұлғаларға арналған ескерткіштер жатады. Бұлар: Қорқыт Ата мемориалды кешені (Қызылорда), Домалақ ана мұнарасы (Оңт.-Қазақстан обл.), Бекет ата мешіті (Маңғыстау), Сарайшық (Атырау обл.), Қарасай, Ағынтай батыр кесенелері (Айыртау, Солт. Қазақстан обл.). Қазақ тарихи тұлғаларына арналған ескерткіштер: Мұхаммед Хайдар Дулат (Тараз), Әбілқайыр (Ақтөбе), Абылай хан (Алматы), Бейбарыс сұлтан (Атырау), Шақшақ Жәнібек (Арқалық), Қаракерей Қабанбай (Рождественка, Астана), Әйтеке би, Қазыбек би, Төле би (Астана), Уәлиханов (Кішкенекөл, Солт. Қазақстан обл.), Абай-Шәкерім (Семей), Абай (Астана). Бұл ескерткіштердің пайда болуы ұлттың тарихи танымының жаңғырып, рухани мұраларға деген ынтасының өскендігін байқатады. 2001 ж. 27 тамызда Алматы қ-нан 35 км қашықтықта Алматы – Бішкек тас жолының бойынан қазақ халқының жоңғарларға қарсы соғысына арналған мемориал ашылды. Бұл ескерткіш 300 жыл бойы жоңғар басқыншылығына қарсы тұрып келген қазақ халқының ерлігі мен бірлігін танытады. Тәуелсіздік кезеңіндегі ескерткіштердің екінші тобы қазақ халқының белгілі қайраткерлеріне арналған. Мұның қатарына А.Байтұрсынов (Қостанай), М.Жұмабаев (Солт. Қазақстан), С.Торайғыров (Павлодар), Қажымұқан (Оңт. Қазақстан), Қ.Сәтбаев (Алматы) ескерткіштері жатады. Үшінші топ ескерткіштерін “қаһармандар” деп атауға болады. Олар Б.Момышұлы (Тараз), Мәншүк пен Әлия (Алматы), С.Нұрмағанбетов (Көкшетау) ескерткіштері. Осы топтың қатарына Астана, Тараз, Шымкент қ-ларындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалды кешендерді қосуға болады. Ескерткіштердің төртінші тобы әдебиет және өнер тақырыбын біріктіреді. Соңғы онжылдық ішінде Ж.Жабаевқа (Алматы), Н.Байғанинге (Ақтөбе), М.Әуезовке (Шымкент), А.Пушкин мен Т.Шевченкоға (Алматы) ескерткіштер орнатылды.

Он жылдық тәуелсіздік кезеңінде Қазақстанның көптеген қалалары мен ауылдарының, әсіресе Алматы және Ақмола облыстарының архит. келбеті айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Ірі-ірі әкімш. ғимараттары мен тұрғын-үй кешендері пайда болды. Мемориалдық құрылыстардың арасында жаңа ескерткіштер мен ғылым мен техника, тарих пен мәдениет қайраткерлері тұрған үйлерге тақталар мен құлпытастар қойылды.

Ә. Тәтіғұлов, Б. Глаудинов

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға